Аймақтар • 08 Маусым, 2017

Мақсат – индустриялық аймақ әлеуетін көтеру

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа индустриялар құру мен қалыптастыру ісі маңызды кешенді міндет екені атап көрсетілген. Оның басты шарты инновацияны қолдау және өндіріске енгізу болмақ. Бұл міндетті жүзеге асыруда индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның тигізетін септігі мен көмегі мол демекпіз. Біздің ойымызша, бұл мәселеде бірізділік пен шарттылық болмауы тиіс. Айталық, индустрияны дамыту ісінде белгілі бір аймақта технопарктердің қызметі оң жолға қойылса, елдің екінші бір өңірінде индустриялық аймақтардың алатын орны айрықша.

Мақсат – индустриялық аймақ әлеуетін көтеру

Осы орайда облыста құрылған «Ақтөбе» индустриялық аймағы бизнес-ортаны түбегейлі жақ­са­р­туға және кеңейтуге мол мүм­­кіндіктер жасай алатыны анық. Мұның өзі Президент Жол­­дауында көрсетілген бас­ты басымдықтардың бірі екені бел­гілі. Аталған индустриялық ай­мақтың осы тектес өзге құры­лым­дарға қарағанда басты ар­тық­шылығы «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қытай» халықаралық трас­сасының тұсында Ақтөбе қа­ла­сының өнеркәсіптік бөлігінде ор­наласқаны. Сондай-ақ, оның көр­шілес Ресей шекарасына жа­қын тұруы да тауарлар алмасу қыз­метін ұлғайтуға және экс­порт­тық өнімдердің тасымал­дау шы­ғы­нын азайтуға мүмкіндік береді. Ин­дустриялық аймақ дегеніміз, өз өндірістерін ашып жүргізуге то­лықтай қабілетті бизнес өкіл­де­рі мен кәсіпкерлер үшін таптыр­мас қолайлы мүмкіндік. Өңір­дегі индустрияландыру ай­мағының жалпы көлемі 200 гек­тар құраса, оның 155 гектары қолданысқа берілетін пайда­лы алаң. Қазіргі күні оның 64 гек­тары игерілген. Мұның өзі аймақтағы жалпы алаңның 41 пайызы. Мұнда жеке тұлғалардың есебінен бөлінген инвестиция көлемі 42 миллиард теңгені құ­рай­ды. Мұның ішінде шетелдік ка­питалдың үлесіне 27,2 милл­и­ард теңге құрайтын үш жоба кі­реді. Аталған құрылымның бас­ты міндеттерінің бірі жаңа жұ­мыс орындарын ашу десек, бұл тұрғыда 1127 жұмыс орны құ­рылған. 
Биыл және алдағы жылы АЭА-да 13 жобаны жүзеге асыру белгіленген. Қазіргі күні оның біреуі пайдалануға берілген. «TALAN» TEHNOLOGY» ЖШС жүзеге асырған жобаның елі­міз­де ешқандай баламасы жоқ. Бү­гінде не көп әр жерде кә­де­ге асудан қалған ескі ре­зең­ке доң­ғалақтар көп. Жоба иелері со­ның бәрін жинастырып спорт алаң­дары мен залдарының қау­іп­сіз, жұмсақ денеге зақым кел­тір­мейтін төсеніштерін жасау­ды қолға алыпты. Бүгінгі күні бес жобаның құрылысы қызу әрі қарқынды жүргізілуде. Ері­тін­ділер мен химиялық реагенттер, ке­рамикалық гранит пен плиталар, полиэтилен пакеттер темір-бе­­-
т­он шпалдар және басқа да им­по­рт алмастыра алатын жобалар биылғы жылдың аяғына дейін аяқталмақ. Мұның сыртында тағы да жеті жобаға жер телімдері берілген. Оған ие болғандар қазір болашақ құрылысының алғашқы қазығын қағу үстінде. Біз әрине, өндірісші емеспіз, технологиялық тәсілдердің «ішкі кухниясынан» да түсінігіміз шамалы. Солай бола тұрса да қара ақылға салғанда, яғни түй­сі­гіміздің хабар беруінше қазіргі кү­ні «Ақтөбенің» 41 пайыз ға­на иге­рілгені аздау секілді көрін­ген. Осы ойымызды Ақтөбе об­лы­сының индустриялық-инно­ва­­циялық даму басқармасы бас­шы­сының орынбасары Дархан Ер­ма­ғамбетовке айтқан едік. Ол бізге мәселенің мәнісін төмен­де­гіше түсіндірді. Яғни, оның мә­лім­деу­інше, индус­триялық аймақтан жер алуға тілек білдірген бизнесмендерге сол жер телімдерін беру мен бөлу үдерістері көп уақыт алады екен.
Бір есептен мұның шүлен тарату емес екенін де түсінуге болатын секілді. Өйткені, жер туралы заңдылықтар мен Жер кодексі та­лаптары бұзылса кім-кімге де жа­ғымды бола қоймайды, сау­ыс­қаннан сақ мінез танытудың ас­тарында осындай иірімдер бар екені сезіндік. Сонымен бір­ге, нормативтік-құқықтық ак­тілерді әзірлеу мен реттеу ісін­­­де де ала-құлалық жоқ емес. Ең бас­тысы, «Ақтөбе» АЭА-ға бар­лық инфрақұрылымдық жә­не коммуналдық желілер тар­тыл­ған. Сөз жоқ, бұл үлкен істің елеу­лі бөлігі, тіпті тең жартысына жуығы деуге толық негіз бар.
Енді осы теңдесі жоқ индус­триялық аймаққа алыс-жақын отан­дық және шетелдік инвес­тор­ларды қызықтырып тарта бі­лу қажет-ақ. Әрине, бұл істің әр­түрлі тәсілдері мен жолдары бар. Айталық, инвестициялық фо­рум­дар өткізу және аймақтың ар­тықшылығы мен ерекшелігін жар­намалау секілді қызметтер осы қатарға кіреді. Жасыратын еш­теңесі жоқ, аймақтың қыз­ме­тімен танысу барысында бұл іске де бір серпіліс пен сілкініс қажет екенін түйсіндік.
 Рас, Дархан Ермұхамбетовтің айтуына қарағанда, бұл бағытта шетелдік инвесторларға арналған бағдарлама белгіленген көрінеді. Алайда, бізге онымен танысудың сәті түспеді. Мәселе сол бағдар­ла­маның шетелдіктерге тигізген тар­тымдылығында емес пе? 
Тұтастай алғанда, Ақтөбе ай­ма­ғында елге мол пайда мен табыс әкелетін ірі жобалар бар­шы­лық. Соның бірі Шилісай ке­ні­шінен аса бағалы минералды ты­ңайтқыштар өндіру жөніндегі қабырғалы жоба. Қазақстанның үшінші жаңғыруы жарияланған Жолдауда Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламалар біршама тиімділік әкеле алатыны айтылған. Жоғарыда аталған өндіріс осы талап үдесінен шыға алады деген талдаулар жасалған. Қытаймен бірлесіп жүзеге асатын жобаның құны 1,4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Оның қуаттылығы алғашқы кезекте жылына 860 мың тонна өнім өн­діруге есептелсе, кейін бұл кө­лемді екі есеге дейін ұлғайту көз­дел­ген. Оның айналасында жаңа мың жұмыс орны ашылмақ.
Қазіргі күні Ақтөбе индус­трия­лық аймағы алдағы күндерге қарай аяғын нық басып келеді.

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе 

Суретте: Ақтөбе индус­три­я­­лық аймағынан көрініс