Бұл − халқымыздың рухани дамуына жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Мақаланы оқып отырып «прагматизм» деген сөзге тоқталып, пікір қосуды жөн көріп отырмын. Прагматизм деген сөзге мән берсек «нақты іс-әрекет» дегенді білдіретіні белгілі. Мақалада келтірілген толғамды идеялармен таныса отырып, прагматизмнің «төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына» қатысты екенін ұғамыз. Елбасының еңбегінде «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады...
Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
Бұл − заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады. Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.
Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруі тиіс.
Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды», делінген. Сөйтіп, Көшбасшымыз қазіргі дүниетанымның өзгеруіне байланысты оған прагматикалық тұрғыдан қарау керектігіне көңіл аударады. Сондықтан, оны басты бағдарымыздың бірі ретінде қабылдап, қазіргі заман талабына сай қолға алынған экономика және саяси реформаларымен қатар, рухани дүниемізді байыту, ата-баба дәстүрін сақтау, әркімнің туған жеріне көңіл бөлу, патриоттық сезімді тереңдету сияқты ұсыныстары көңілден шығып, санамызды сергіте түсті. Жаңа дәуір бізге жаңа талаптар мен мақсат-мүдделер жүктеп отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың тартымды, ойлы мақаласын оқып отырып еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын ұғып, оны алға алып бару үшін рухани болмысты барынша мықты етіп қалыптастырып, ұлттық сана мен рухты әр ойлы азаматтың бойына сіңірсек қана іске асатынына қосыласың. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік етуге талпынуы керек-ақ. Ол үшін олар білімді, саналы, мәдениетті, ұлтжанды болуы шарт. Аяқтан шалатын кереғар пиғылдан арылғаны жөн.
Әр аймақта діни басқармалар, бас имамдар, жергілікті мешіт қызметкерлері бар. Олар неге осы мәселелерге жөнді көңіл аудармайды? Егер олардың әрқайсысы жергілікті халыққа орынды талап-тілектерді жеткізіп, көпшілікті теріс, керексіз дәстүрлерден тазартып отырса несі артық?
Өркениет көшіне ілескен еліміздің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз мақаласында көптің ойында жүрген мәселелерді дөп қозғап, халқымыздың баянды бірлігі арқасында жаңа жетістіктерге жету, жаңа деңгейге көтерілу жолын бағдарлап берді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты кең көлемді салиқалы, салмақты мақаласы көптің көңіліне қонып, жүрекке жетеріне сеніміміз мол.
Елбасы бастап берген тереңнен сыр шертер игілікті ұсыныстарды қолдап, оны өмірге енгізіп, жетілдіруге үн қосып, іске асырар болсақ, көп нәрседен ұтылмаймыз, керісінше ұтамыз, қазақ халқының көк туын жаңа биіктерден көретін боламыз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
Тараз