Театр • 18 Маусым, 2017

Астанада Дүниежүзілік театр фестивалі басталды

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асанəлі Əшімовтың 80 жылдығына арналған l Дүниежүзілік "Астана" театр фестивалі шымылдығын ашты. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

Астанада Дүниежүзілік театр фестивалі басталды

Министрдің мәліметінше, фестивальға Еуропа мен Азияның жетекші театрлары, танымал сыншылар, драматургтер, Қазақстан мен ТМД елдерінің мəдениет жəне өнер қайраткерлері, мерейтой иесінің атақты достары жəне Асанəлі Əшімовтың шығармашылығымен жақынырақ танысуға ниет білдірген жас актёрлар қатысады.  

17-26 маусым аралығында өтетін фестиваль күндері астанамыздың тұрғындары мен қонақтары үздік театр ұжымдары қойылымдарын Бейбітшілік жəне келісім сарайы, "Астана балет" театры, Оқушылар сарайы жəне Жастар театры сахналарында тамашалай алады.  

«Фестивальға Еуропа мен Азияның танымал жетекші ұжымдары - А.П.Чехов атындағы Мәскеу көркем театры (Ресей), Янка Купала атындағы Ұлттық академиялық театры (Беларусь), Қытай ұлттық театры (ҚХР), Даугавпилс театры (Латвия), Корей Республикасының «Мулькёль» театры (Оңтүстік Корея), Шота Руставели атындағы Мемлекеттік кәсіби драма театры (Грузия), Берлин драма театры, К.Жантошев атындағы Ыстық-Көл облыстық музыкалық драма театры (Қырғызстан) және Отандық М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Астана Жастар театры, Астана мюзикл театрлары қатысады», делінген хабарламада.  

Одан бөлек, кеше «Сары-Арқа» кинотеатрында Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған киноапталықтың ресми ашылуы өтті. Апта бойы Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары «Сары-Арқа» және «Керуен-сити» кинопарк желілеріне бара алады. Киносеанстарға кіру тегін.