Әдебиет • 20 Маусым, 2017

Қырыққыз

617 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Неге екенін кім білген, ерте көктемде көкорай жотаның басында әлдеқайдан сыңси салынған сырлы әуен естіледі деседі...

Қырыққыз

Қырыққыз...

Тау өзені күркіреп ағады. Таңғы лекіген самал аңғар табанынан естілген әдемі сарын әуені көктемгі өскінді жамылған өңірді әлдилей түскендей. Ауыл ортасындағы тас жолмен келдім де қырды бетке алып төтелей тарттым. Мамырдағы ұйытқып соққан жел үрлеп көкорай өңірді әдемі қалыпқа келтірген. Қыр басындағы жалғыз түп қара ағашты меже тұтып ілгері адымдай түсемін. Сол қара ағашқа жетсем, айнала түгелдей көрінердей, ынтықтырған әсерлі сурет өзіне жетелейді. Күні ертең  құбылып тұрып соғатын алтынкүректің лебін сезгендей, шалғын майса толқи түседі. Етіктің ебедейсіз табанына әзер дегенде дес береді. Беткейдегі толқы­ған көк майсаға  бұрыла бір қарап қоя­мын. Азғантай үйлі ауыл тым төменде қалып­ты. Әр жер-әр жерден көтерілген түтін тір­шіліктің тынысын тарылтқандай.

Шіркін, жалғыз түп қарағаш жеткізер түрі жоқ. Жасыл беткеймен шалғынды кешіп жүріп қанша жерге жеткеніңді де білмейсің. Алыстан көз қарықтырған мұзарт шыңдар бағанағыдай емес, тым биіктей түскендей, бір қарағанда тым жақындай түскендей. Ал етектегі тау өзенінің күркірі еміс-еміс талып естіледі. Сонда ғана білесіз, ауылдан алыстай ұзағаныңды сезінесің. Беткейге өрлеген сайын  маңдай тірер қарағаш әлі де әудем жерде екені еңсені басардай, дегенмен діттеген межеге жетпей қайтуға тағы болмайды. Себебі, қайбір жылы Өгем тауына қос атпен жол тартқанда маған серік болған қара шал екеуміз қия беткей­дегі сүрлеумен келіп, асудан әупірімдеп асып, жақпар тастарын  көрсетіп, тамсана әңгіме бастаған. Сұлу табиғаттың керім келбетіне қызығып, байқамағанбыз-ау. Сұқ саусағын бағыттаған  жаққа назар аудардым. Алдымен жасыл беткейде шошайған жартастар айрықшалана көрінді.

– Сол, шырақ, – деді, сосын тұқшыңдап жан қалтасынан әлденені іздеп әлек болды да қалды. – Жаңа кемпірі түскірге сөйлеп жүріп ұмыт қалдырдым ба екен, а, қайда кете қойды.

Біз аң-таң күйде қара шалға бұрылдық

– Не болды, ақсақал?

– Е..е, мына қуысқа түсіп кетіпті ғой, шақшамды айтам да.

Ақсақал өз қылы­ғына өзі күлді. Кеңк-кеңк еткен күйі қоңырқай тартқан шақшаны алақанына ұрғылап, үш-төрт түйір насыбайды асықпай саусағымен бір жерге жинады. Әлде уақытта баппен еріннің астына тастады. Ақсақалдың әрбір қимылын қалт жібермей қараймын. Қайдан келе қойдық дегенде ой да келді. Алма ағашының көлеңкесінде орталыққа кеткен көлікті күтіп қала берсек болмас па?!. Әп-сәтте аттарды ерттеп әкелген күйі жүр-жүрдің астына алған. Тауды көр­­сетем де қайтып келеміз дегеннен ке­йін үзеңгіге аяқ сал­ғанбыз. Енді насы­бай­ға елтіген шалдың жүзіне қарап отырмыз.

– Бұл өзі қызық, шырақ, кәдімгі жартас деп қарайсың ғой, – деп бір қойды. – Осы жерден бағамдап көрші, құдды қыздың кейпі, әне, дұрыс айтып отырмын ба?

Ақсақал көз ұшындағы жартастарға назар салған  сәтімізде әңгімесін асықпай жалғады.

– Қыз дейсіз бе, қайдағы қыз?

Сауалы­мызды күткен жоқ-ау, екілене қызып кеп берді.

– Шырақ-ау, қайдағы қыз дейсің, әне аңғара қарашы, жалғыз емес қой, қырық қыз. Ерте, бағзы бір заманда осы таудың қойнауында отырған бейкүнә ауылды жау шабады. Әп-сәтте азан-қазан болып, арындаған аттылардың ойранынан шаңырақтары ортасына түскен ауыл тұтқиылдан келген жаудың табанына тапталып шыға келеді. Ұзын сәскеде тау беткейіне гүл тере  шығып серуендеген қырық қыз қас қағым сәтте қыран-топан қырғыннан күлі аспанға шыққан ауылын көреді. Даланың бұла өскен ерке сұлулары не істерін білмей абдырап қалады.Тобыр жауға қылар дәрмен жоқ. Шаңырағы құлап, керегесі сынған ауылға қимастықпен қарап, жанарларына жас алады. Қызылды-жасылды киініп, беткейді әсем өсиетке бөлеген қырық қызды байқаған жау екпіндеп ендігі кезекте жапа-тармағай тауды бетке алады. Қыздар ауылға қарай түсіп, жауға қарсы келсе, күң болатындарын біледі. Опат болған ағайын-бауырды сыңси жоқтаған күйі тау басына қарай қашады. Жау жақындап қалады. Қанды қол арам­заларға арын сатқаннан, адал, пәк күйін­де тас болып қалғандарын тілейді. Сол ақ тілектері орындалып, әрқайсысы тас болып қалған деседі. Қырық қыз... қы­рық жартас. Тау басына өрмелегендей кейіп­те қызылды-жасылды қыздардай киін­ген түсте көз арбаған қырық жартас мәң­гі­лікке қалып қойыпты. Жарықтық ерте көк­темде алақат  беткейде сол қырық қыз­дың сыңси салған әні естіліп тұрады деседі...

Қара шал орнынан түрегелді де қиыршық тас арасынан  қайнап шығып жатқан бұлақ суына қолын шайып  алақанымен көсіп алып бір ұрттады. Біз де бағанадан отырып шөліркіген таңдайымызды жібіттік. Сосын аттарды осы жерге қалдырып құз беткейіндегі сүрлеумен тау басына өрмеледік.

Тағы бір таңданарлық нәрсе  жұмбақ сыр бүккен жартастың  түбінен бүлк-бүлк қайнаған бұлақтың бастауы  бұралаңдай ширатыла келіп, екінші жартастың жанына сіңіп кететіні қайран қалдырады.

Неге екенін кім білген, алақат беткейде сыңсыған сағыныш әуені құлақ­қа үздік-үздік талып жетеді деседі... 

Қырыққыз...

Қара шалдың сондағы әңгімесі дәл бүгінгідей ойға оралады.

Жотаның басына таяу қалғанымды білдім, өйткені көкорай шалғынды өңір әдемі түр алып әдемі кейпімен құлпыра бастаған. Сосын тіктеп қарсы алдыма қараған едім. Діттеген қарағаш қол созым жерде тұр. Алатаудың аппақ мұзарт шыңдары кербез келбетімен көз арбай­ды. Сол сырбаз кейіпке жасыл шырша­лар­дың  әдемі өрнегі өзгеше сән берген­дей. Таулы өңірдің керім суреті сұлулық­тың тылсым әлеміне ынтықтырып барады. Асқар шыңның қалқасынан күн көтеріліп келеді. Табиғаттың жанар қарықтырған әсем көрінісі нұрлы шуаққа малынып, бұрынғыдан бетер құбылды. Ен сұлулықтың арасынан Өгем тауды іздедім. Әне, әне, қарақыз, шошақ жартастар сәукеленген қалпы бастары қылтиды. Алға қарай ентіге адымдадым. Жота басындағы қарағашқа жетсем, алақандағыдай анық көрінері айқын. Асыққан сайын құлаққа беймәлім бір ызың келетіндей. Жел көтерілгені ме, құдай-ау, үздігіп алтынкүрек  соғады ғой. Лекіген самал әкелген ызың ба, құлақ тұсымда белгісіз бір әуен тұрып алды. Жота басына жеттім, қарсы алдымда еңселі қарағаш тұр. Мың сан бұтақтары жермен тербеле билеген қарағаш көгілдір аспан астында нарттай қызарып бой тіктеген жартастардың өзгеше көркіне қуана толқыған қарағаш, жота басында жападан жалғыз тұрып сидиған бұтақтары бірін бірі түрткілей сыбдырлап, өзімен өзі сыр бөліскен қарағаш мәз-мейрам дерсің.

Неге екенін кім білген, жота басында әлдеқайдан сызылтып салған бей­мәлім әуен естіледі деседі... 

Қырыққыз..

Қарағаш түбінде тұрып жанар арбаған Қырыққыздан назар алмаймын.Тас екен деп ойламайсыз. Түрлі кейіпке түскен қырық қыздың қылықты бейнесі. Қай жылғы қара шал қамшысымен түртпектей жүріп көрсеткен сандықтас,  дөңгеле жа­йыл­­ған дастарқантас, шебердің қолы­нан шық­қандай өрнектелген әшекей тас көз алдыма келді. Оларға қарап қара шал ел  аузын­да жүрген бір аңызды әңгімелеп берді:

Тау қойнауындағы  ауылда дәулетті шаңы­рақ иесі жалғыз қызын сән-сал­та­нат­пен күйеуге ұзатқалы  жатып­ты. Сүйген жігітін күтіп, өзінің құрбы­ларына той жабдығын ерекше ықылас­пен таныс­тыра бастайды. Күйеу жігіт келер уақыт бол­ды-ау дегенде қырға шы­ғып байқап көре­йік деп тау басына көтері­ле бергенде, тұт­қиыл­дан шыққан жау­дың қоршауында қала­ды. Тауды тер­бет­кен әдемі әуен мен сың­­ғыр­лаған күміс күлкі сап тыйылады. Сүйге­ніне ұза­тылғалы отырған бек­за­да бой­жет­кен жанындағы отыз то­ғыз нөкері­мен қосылып сыңсығанда тосын үннен жау да абдырап қалады. Сың­сып тұрып бөтенге күң болғанша, тасқа айна­лып кеткендерін тілейді. Жаны таза, көңіл­дері пәк, сүйгеніне адал қыз құрбы­ла­ры­ммен бірге сол күйлерінде тасқа айналған деседі...

Қырыққыз...

Тау аңғарынан аңқылдай соққан алтын­күрек желі тас мүсіндердің арасынан Қырыққыздың жұмбақ сырын ұрла­ған күйі үзіп-үзіп жеткізетіндей, әуезді үн құлақ түбінде тұрады. Оған жота түбін­дегі жалғыз түп қарағаштың мың сан бұтақ­тарының сыбдыры қосылады.

Ерте көктемде көкорай жотаның басында әлдеқайдан естілетін сыңсыған сырлы әуен сол шығар да... 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы,
Төлеби ауданы