ЭКСПО-2017 • 20 Маусым, 2017

Оралдық саяхатшы Астанаға аялдады

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалау үшін велосипедпен жолға шыққан оралдық Әбдімәжит Қарабаев Астанаға жетті. Етікшілікті кәсіп еткен ол Тараз қаласында туып-өскен екен. Отбасы жағдайына байланысты бес жыл бұрын Оралға қоныс аударған.

Оралдық саяхатшы Астанаға аялдады

Әбдімәжит табиғатты тамашалап, велосипедпен серуендегенді жақсы көреді. Тынбай еңбектеніп, өзінің арма­нын жүзеге асыру үшін екі жыл бұрын 350 мың теңге тұратын спорттық вело­сипед сатып алған. Алдымен велоси­педі мен өзін сынап көрмек болған Әбді­мәжит 100 мың теңге көлеміндегі қара­жат­қа жолға қажетті құрал-жабдық алып, Қазақстанның жеті облысын арала­ған. «Оралдан Астанаға жету үшін вело­сипедпен он күн жүрдім. Жол бойындағы дәмханаларға аялдап, телефонымды қуаттасам, табиғат аясына шатыр құрып ты­нықтым», дейді саяхатшы.

Әлбетте, екі мыңға жуық шақырымды артқа тастау оңай емес, Әбдімәжит жолда тамақтан уланып, қатты ауырғанын да жасырмады. Қиын сәтте Макинка ауы­­лындағы қарттар үйінің дәрігері асқаза­нын шайып, қажетті ем-дом жаса­ған. «Ұсынған ақшамды алмай қойды. Осын­дай мейірімді жандардың бар екенін көргенде қуандым», деген Ә.Қарабаев сапарының соңы бұл емес екенін де әңгімеледі. Енді еліміздің оңтүстігіне сапар шеккен велосипедші қос дөңгелекті теуіп, қажылыққа баруды армандайды. «Астанада екі күн болып, этноауыл» мен көрмені тамашаладым. Бәрі ұнады, көңілімнен шықты. Енді Қарағандыға бет алып, Тараз, Шымкент, Қызылорда ар­қылы Оралға жетуді жоспарлап отырмын. Бүкіл Қазақстанды велосипедпен ара­­лап шыққым келеді, күш-қуатым жет­се, қажылыққа да барсам деймін», деді ал­дағы жоспары жайында саяхатшы.

Желқалақтың желісі

Қазақстандық инженер Блок Шайкенов қолданыстағы жел генераторларынан екі есе қуатты жаңа қондырғы ойлап тапты. ЭКСПО-2017 көрмесінің үздік тәжірибелер павильонына қойылған жаңа өнертабыс «Қайқы желқалақ» деп аталады. Жел энергиясын анағұрлым көбірек өндіруге мүмкіндік беретін туынды алғаш рет көрме қалашығында таныстырылды. 

Автор қондырғыны жасау үшін он екі жыл уақытын сарп еткен екен. «Айналып тұрған жел қондыр­ғы­ларын ең алғаш рет 2005 жылы Кали­форнияда көрдім. Сонда олар желдің барлық күшін пайдаланбай тұр-ау деп ойладым және бұл ой көпке дейін санамнан кетпей қойды. Артық күш түсірмей, қалақшаларды ұзартудың жолын іздедім. Бес-алты жыл арнайы әдебиеттерді оқыдым, үш жыл кітапханаға барып, жел қон­дыр­ғысына қатысты шетелдік патенттермен таныстым. Өз қиялымдағы тетікпен сәйкестік жоқ екеніне әбден көз жеткізген соң, жұмысымды бастап кеттім», дейді өнертапқыш. 

Инженер желқалақтарды ұзар­ту үшін қондырғының тірегі мен желқалағы арасына екі түтік­шені қиғаш орналастырған. Содан кейін Алматының іргесіндегі Қап­шағай маңында екі түрлі қалақты сынақтан өткізген. Нәтижесінде, қайқы желқа­лақ түзу желқалақтан екі-үш есе жыл­дам айналған және желден алына­тын энергия көлемін еселеп арттыр­ған.  «Бес жыл бұрын жаңа қондыр­ғының жобасын жасадым. Бір жылдан астам уақыт патент жазып, Қазақстанның тиісті мекемесіне жібердім. 2014 жылы бес патент алдым. Енді халықаралық патент алу үшін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына өтініш жібердім», деген идея авторы қайқы желқалақты кез келген стансада қолдануға бола­тындығын айтты. 

Топтаманы әзірлеген Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»