«Астана көрмесінің күн тәртібіне «Болашақтың энергиясы» тақырыбының ұсынылуы кездейсоқ емес» дейді ол әңгімелескенімізде. Ол өндіріске ғылым жаңалықтарын енгізудің жолдарын талмай қарастырады. Топырақты өңдеудің, шабындықтарды суарудың, бидай, картоп өсірудің, асыл тұқымды селекциялық жұмыстардың озық технологияларын алғашқылардың қатарында пайдаланды.
Бір арманы жаңартылған энергия түрлерін қарапайым тұрмыста қолдану болатын. Осы мақсатын іске асыру үшін жатпай-тұрмай ізденіп, ақыры жел-энергетикалық қондырғысын орнату қажет деп шешкен. Оған шаруашылық есебінен 420 миллион теңге жұмсап, Жалпыұлттық телекөпірде тұсауын Елбасының өзі кесті. Бүгінгі күні желден қуат көзін алатын екі энергетикалық құрылғы тұрақты жұмыс істеп тұр. Былтыр 1,3 млн Квт энергия өндіріліп, көрші ауылдарды да қамтамасыз етті. Желден жарық алу қай жағынан болсын өте тиімді екенін осылайша дәлелдеді.
Геннадий Геннадьевичтың сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Еліміз дәстүрлі энергетикалық ресурстарға кенде болмаса да, баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы «жасыл экономика» құру бағытына басымдық беруінің бір себебі зиянды заттардың қоршаған ортаға келтірер залалын төмендету болса керек. Оның үстіне бүгінгідей жаһандану үрдісінде ең үздік технологиялық жетістіктерсіз алға басу мүмкін емес. Халықтық, ұлттық дәстүр мен мәдениеттегі жаңа сипаттар да көрменің басты тақырыптарының бірі екені даусыз. Демек, сан-салалы ауқымда өрбитін көрменің ұсынары көп болмақ.
Сол сияқты, Қазақстан үшін биылғы жылғы басты оқиғаға баланатын айтулы шараға «БиоТЭС», «Тайынша-Астық», «Углжог», «Радуга» секілді кәсіпорындар да қатысып, өз жетістіктерін жарнамалайтын болады.
Жалпы, солтүстікқазақстандықтар қай жағынан болсын халықаралық көрмеге жан-жақты дайындықтармен келгенін айта кеткен жөн. Ол туралы кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова әңгімелеп берді. Оның айтуынша, 100 мыңға жуық солтүстікқазақстандық көрмені кезең-кезеңімен қызықтамақ, олардың бестен бірі– балалар мен зейнеткерлер. Мектеп оқушылары үшін жергілікті қазынадан қаражат бөлініп, арнайы көліктер бөлінген. Көп балалы отбасыларға, жетім балаларға жеңілдіктер жасалған.
Агроқұрылымдар да өз тарту-таралғыларымен барып жатыр. Бұл күндері ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылып, астаналықтар мен меймандарға 2851 тонна азық-түлік түрлері, ет, сүт өнімдері қолжетімді бағаға ұсынылады. Ал, мәдениет күндері аясында өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары тамашаланады. «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін қызықтаушылар қатары қалың болары сөзсіз.
Бір сөзбен айтқанда, әлемдік ауқымда атап өтілетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі техникалық жетістіктермен, баламалы энергия көздерінің молдығымен, рухты жаңартудың, ғылымға ұмтылудың маңыздылығымен назар аударары анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы