Өткен ғасырда тәуелсіздік қолымызға тигенде алғашқы эйфориядан кейін жан-жағымызға қарағанда қазақ елінің күйі кісі қызығарлықтай емес-ті. Бодандықтың қамыты мойынды қажаған ақ патша тұсында, одан кейін кеңестік заманда дайын өнімі жоқ тек шикізат базасы ретінде қарастырылған еліміздің одақтастармен экономикалық байланыстары бырт-бырт үзілгенде, шикізатының өзін не істерін білмей қалған ауыр кезеңдер бастан өткен. Сонда ауыр соққы ең алдымен әлеуметтік саланы сұлатып, тиген жерін опырып кететін гүрзі салмағымен езгендей есеңгіретіп тастаған. Амалсыз опа бермес қадамдар жасалып, кішігірім елді-мекендердегі ауруханалар жаппай жабылып, сақталып қалғанының өзінің жағдайлары онша болмады. Айлап-жылдап еңбекақы алмай жұмыс істеуден шаршаған дәрігерлер емдеу орындарын тастап, мамандықтарынан безіп, базар жағалады. Емхана түгілі стационарда емдейтін ауруханалардың жабдықталуы, білікті мамандардың тартылуы еш сын көтермейтін. Дәл сол тұста салаға жаңалықты жүйені енгізу түбі тесік қайықты ескегін ғана ұстатып шалқар айдынға еркін жүзе бер деп қоя берумен парапар іс болып шықты.
Жұмыскерлеріне айлық төлей алмай отырған мекеме міндетті медициналық сақтандыру қорына қайдан қомақты жарна аудара қойсын, оған жығылған үстіне жұдырық дегендей жинақталған қаржының қолды болуы қосылғанда, жоғарыдағы тесік қайық шым етіп су түбіне бата жөнелген. Содан бері бірнеше онжылдық артта қалды. Отандық медицинаға елдің бәрінің көңілі толмаса да оның өсіп, деңгейінің көтерілгені айқын. Осы уақыт ішінде үздік мамандар жарқырай шығып, шетелдің озық клиникаларынан еш кемі жоқ емдеу мекемелерінің шоғыры андағайлап көзге ұратындай дәрежеде қалыптасты.
Мемлекет тарапынан медицинаны дамытуға мол қаражат, оң пейіл табылуының нәтижесінде Астана мен Алматыда ғана емес, аймақтарда да ағза алмастыру сынды күрделі операциялар жасалуда. Соның арқасында тіпті бұрын мүмкін еместей көрінетін медициналық туризмнің нышандары пайда бола бастады. Жақын көршілерді айтпағанда, алыстағы шетелдерден біздің мамандарға арнайы келіп операция жасатушылар бар. Ізденістер мен жетістікке жетудің даңғылы ашылды. Алайда дамып келе жатқан саланың қажеттілігін өтеуде, жаңа технологияларды ендіріп, емдеудің озық әдістерін пайдалануда жаңа жол, жаңа әдіс қажеттігі күн өткен сайын айқындала берген. Бұған қоса әлем елдерінде бар проблема – еңбекке жарамсыз қарттар мен балалар санының артуы мемлекеттік бюджетке түсетін салмақтың жүгін ауырлататыны тағы аян.
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, 2030 жылға қарай еліміздегі қарт тұрғындардың үлесі 11,2 пайызға жетеді, ал 2014 жылы бұл 6,9 пайыз деңгейінде ғана еді. Демек, бюджеттен салаға бөлінуге тиіс сома да қазіргіден әлденеше рет өседі деп пайымдау қажет.
Ендеше, МӘМС жүйесін енгізудің уақыт талабы екені айқын. Және оны тыңға салған түреннің ізіндей артын қопара, қотара жүргізбей, әлемнің алпауыт мемлекеттері салған жолды өз табиғатымыз бен топырағымызға лайықтап, өзіндік пішін, бітімімен енгізу басты назарға алынды.
Өзге жүйеден өзгешелік неде?
Өмірдің кереғарлығы кейде адамды таңғалдырды. Қарттардың саны артып, өмір сүру жасы ұзарғанымен, бұл күнде ауру жасарған. Қатерлі ісік, жүрек-қан тамыры жүйесі ауруларымен жастар түгіл, жасөспірімдер мен балалар да ауыратын болды. Ал осы тәріздес көптеген ауру түрлерін емдеу құны да жыл өткен сайын өсе түсуде және бұл ретте үнемі жаңартып отыруды қажет ететін технологиялардың да бағасы артып отырмаса кемімейтіні бесенеден белгілі. Әрі мұның тек бізге ғана тән емес, жалпы әлемдік үрдіс екені де айқын.
Егер медициналық қызмет көрсетудегі әлемдік жүйеге көз салар болсақ онда бір-бірінен айырмасы мол бірнешеуін бағамдар едік. Алғашқысы, толықтай мемлекет есебінен қаржыландыратын медицина болса, екіншісі, міндетті медициналық сақтандыру көмегімен ақылы түрде жүзеге асырылатын жүйе, ал мұхиттың арғы жағындағы әлемдік алпауыт АҚШ өз азаматтары үшін жалпыға бірдей медициналық сақтандыруды енгізбеген екен. Америкалық денсаулық сақтау жүйесінің жұрт қызығарлық жеткен жетістіктеріне қарамастан, миллиондаған америкалықтар қымбаттығына байланысты бұл қызметтерді пайдалана алмайды. АҚШ халқына көрсетілетін медициналық көмектің бәрі ерікті медициналық сақтандыру мен ақылы медициналық көмек арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет тек америкалық егде кісілерді әлеуметтік сақтандыруда «Медикор» жүйесін, ал кедейлер, жұмыссыздар мен мүгедектер үшін арзан – «Медикэйд» пакетін қаржыландырады.
Мәселен, Бельгияда халықтың 99 пайызы міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтылып, көрсетілетін қызмет түрлері 800 пункттен тұрады екен. Және әрқайсысы жеке нөмірмен белгіленіп, төленетін ақша құнының шегі көрсетіліп, ал прейскурантқа кірмейтін қызмет үшін жұмсалатын ақша пациенттің қалтасынан шығады. Ал медицинадағы сақтандырудың алғашқы бесігі – Германияда (1883 жылы канцлер Отто Фон Бисмарктың бастамасымен тұңғыш рет міндетті медициналық сақтандыру туралы заң шығарылған) мемлекеттік саясат әр азаматтың медициналық сақтандыру жүйесінде болуын міндеттейді. «АОК», «Barmer-Gek», «BKK Linde», «IKK gesund plus» сынды компаниялар медициналық сақтандыруға мемлекет заң бойынша белгілеген шектен аспайтын мөлшерде ғана төлем алатын болса, коммерциялық немесе жеке сақтандыру компаниялары бағаны өз еріктерімен қояды екен. Немесе осылардың қай қайсысынан да кейбір клиенттер құпия, жабық сақтандыруға көше алады, бірақ онда шектеу бар. Бұл үшін жыл ішіндегі табысы 55 мың еуро шамасында болуы тиіс. Қалтасы жұқа жанның бұл жүйенің қызметіне жүгінуіне жол жабық.
Жалпылай айтқанда, қазіргі әлемдегі озық мемлекеттердің барлығы дерлік өз халқының денсаулығын ойлағанда сақтандыру жүйесінің өздеріне оңтайлысын енгізіп, дәрігерлер мен пациенттердің бір-біріне әріптестік көзқараста болуына күш жұмсайды.
Қазақстандық МӘМС-тің мәселесі
Әр мемлекеттің өз жолын таңдауы заңдылық қой. Біздің еліміз медициналық қызмет көрсетуге өзгеріс енгізуде қоғамдық сақтандыру жүйесін таңдап алды. Яғни оның басты артықшылығы – баршаға теңдей мүмкіндіктің берілуінде. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді де, ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Бұл не деген сөз? Егер әрбір қазақстандық жүйеге қатысып, жарна төлеп тұрса, жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдаланып, кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Ал қор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде пациенттің емделуіне кеткен клиниканың шығындарын жауып отырады.
Бұл жерде баса назар аударатын бір жайт, мемлекет әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарды – зейнеткерлер мен 18 жасқа дейінгі балаларды, мүгедектерді, жұмыссыз азаматтарды, студенттер мен тағы басқаларды өз қамқорлығына алып, олар үшін қаражат бөледі. Ал жұмыс берушілер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жарна төлеуді бастайды. Атап айтар болсақ, жұмыс берушілер қорға 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап әр жұмыскердің табысының 1%-ы, 2018 жылдан бастап – 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%, ал 2022 жылдан бастап 3% көлемінде ақша аударып отыруы тиіс. Жұмыс беруші 2018 жылы әр жұмысшы үшін айына орта есеппен 2281 теңге көлемінде жарна төлейді.
Әрине, медицинаға енген нарықтық қатынастардың басты мақсаты – сала жұмысын жаңа деңгейге көтерумен бірге, халыққа көрсетілетін көмекті сапалы да, сенімді, әрі қолжетімді ету. Және де бәсекелестік орнаған ортада әрбір емдеу мекемесінің пациенттер тартуға ынталылығын арттырып, көрсеткен қызметтің сапасына көңілдері толып кетуіне мүдделілік тудыру. Қысқаша айтқанда, қормен келісімшартқа отырған емдеу мекемелеріне қаражат бөлгенде сапалы қызмет пен азаматтардың қанағаттану деңгейін есепке алу отандық медицина үшін тың жаңалық болмақ. Бұдан денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығы артып, жұмыс нәтижесі жақсарып, медициналық қызмет сапасы мен денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілеттілігі артуы тиіс. Жүйеде сонымен қатар, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыруға да басымдық беріледі деп күтіліп отыр.
Түптеп келгенде білікті дәрігерлер көбейіп, жалақы өседі, дәрі-дәрмекпен, амбулаторлық көмекпен қамту көлемі артып, диспансерлік есептегі науқастар үшін бөлінетін тегін дәрі-дәрмек босатуда арадағы делдалдар жоғалып, пациент үшін қолайлы жағдай тумақ.
«Шегірткеден қорыққан егін екпес» дейді дана халық. Әлемдік үрдістің ілгері кеткенін, кейін қалғанын екшеп, сараптап барып, отандық медицинаны дамыту үшін енгізгелі отырған жаңа жүйеден үркудің халыққа пайда бермейтінін тезірек түйсіну ақ халаттылар мен пациенттер арасында әріптестік қатынастар орнатпақ. МӘМС саланың жұмысын өркендетумен бірге емделушілердің мүддесін қорғап, медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен көлеміне сараптық баға беретін болады. Егер емдеу нәтижелерінен кінәрат шықса, емдеуші мекемеге немесе жеке машықтанушы дәрігерге экономикалық санкцияларды да қолдана алады. Ендеше, жаңа жүйеге сенім артқаннан абзалы жоқ.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»