ЭКСПО-2017 • 20 Маусым, 2017

«Қазақ елі қарыштап дамыған екен»

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылып отырған маңызды шаралардың бірі – «NOMAD WAY» көшпенділер мәдениетінің музыкалық фестивалі. Бұған қазақстандық өнер тарландарымен қатар, түрік, тәжік, өзбек, бурят, саха, тыва, башқұрт, татар сияқты түркілік тектен тарайтын этнос өкілдері қатысып, көрменің көрігін қыздырды. Осылардың қатарында қырғызстандық жас әнші, өз ұлтының этно ән-музыка үлгісін заманауи стильде орындап, нағыз өнерпазға айналып үлгерген Гүлзада Рысқұловамен шағын сұхбат өрбіткен едік.

«Қазақ елі қарыштап дамыған екен»

– Гүлзада ханым, көңіл-күйіңіз қалай, халықаралық көрме аясында Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ұнады ма, сізге?

– Шынымды айтайын, Ас­тана қаласы дәл мұндай биік мәртебеге қол жеткізген шаһар екенін бұрын аңдамаппын. Осында келгелі өте бір көтеріңкі көңіл күйде жүрмін. Мұндағы атмосфера қатты ұнады. Қазақ елі қарыштап дамыған екен.

– «NOMAD WAY» фести­ва­ліне қандай әндерді тарту етпексіз?

– Бұл шараға жалғыз мен емес, құрамында жиырмадай өнерпаз бар қырғыздың этнофольклорлық ансамблі келіп отыр. Соның сүйе­мелдеуімен әрі жанды дау­ыста ұлттық этномузыкалық туындыларды орындаймын. Одан кейін менің атағымды шығарған «Мен қырғыз қызымын» әнін де қазақ көрермендеріне тарту етпекпін.

– Сіз не себепті этноөнер саласын таңдадыңыз?

– Мен эксперимент жасауды ұнатамын. Этноджаз, рок, попса – осылардың кез келгенін таңдай беремін. Қазір адам баласының жан дүниесінде дағдарыс бар. Адамдар интернет, әлеуметтік желіден де бір күні жиренетін болады. Сөйтіп, байырғы тек-танымын аңсайды. Ол – мына этномузыка. Сол себепті мен көш­пенді бабаларымыздың табиғатқа деген сыйластығы мен сүйіс­пеншілігі сіңірілген осы этноөнерді таңдадым.

– Қазақша да ән айтатын көрінесіз.

– Осы фестивальға шақырту алған күннен бастап қазақтың ескі әндерін тыңдап көрдім. Әсіресе, сіздерде «қара өлең» деп айтатын эпикалық сарынды әндерге ықыласым ауды. «Айт дегенде өлеңді біз айтайық, көпшіліктің көңілін қуантайық...» деп басталатын халық әнін өзімнің репертуарыма кіргіздім. Осы әнді жаңаша ырғақпен орындайтын боламын.

– Бұдан басқа...

– Бұдан басқа, шоң әнші апамыз Роза Рымбаеваның орындауындағы «Куә бол» менің бала күнімде көкейіме терең қонақтаған ән еді. Соны да ретін тауып, көпшілікке ұсынамын.

– Өз стиліңіз қалыптасқан, дара әншісіз. Осы биікке қалай жеттіңіз?

– Кішкентай кезімде атақты әншілерге еліктеп, солардың мәнеріне елтіп кете беруші едім. Кейін әншінің өзіндік бет-бейнесі болуы керек екенін түсіндім. Ол үшін адамның танымы, ақылы, рухани жан дүниесі үйлесім табуы қажет екен. Осы үйлесімді тапқанда барып өзімді тапқандай болдым.

– Шет елге көп шығасыз ба?

– Өте көп шығамын. Көбінде Түр­кияда боламын. Түрік бауыр­ларымыздың туристерге қызмет көрсету сервисі мен корейлердің мәдениеті ұнайды. Осы үрдіс Қырғызстанда да қалыптасса деп армандаймын.

– Өзіңіз жайлы бір ауыз...

– Ош облысы, Өзгөн өңірінің тумасымын. Жасым 37-де. Күйеуім, екі балам бар.

Әңгімелескен

Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»