20 Маусым, 2017

Рерихтың мұхит асқан мұралары

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қантөгісті Қазан төңке­рісі­нен кейін орыстың талай озық ойлы тұлғалары амалсыз шекара асқаны белгілі. Әйгілі әнші Шаляпин, көрнекті композитор Рахманинов, атақты жазушы Бу­нин секілді, суретші Рерих те ақ пен қызыл айқасқан аласапыран кезінде елден безіп, эммиграцияға кетті.

Рерихтың  мұхит асқан мұралары

Ол өзі тек қылқалам шебері ғана емес, бір басына бірнеше қасиет қа­тар қонған әмбебап адам еді. Жиһангез, археолог, философ-мистик, ғалым, тағысын тағылар. Ұзын саны 7000 картина жазып, 30-дан астам әдеби еңбек қалдырған Николай Константинович бейбітшілікті бекемдеу бағытында белсенді жұмыс істепті. Атап айтқанда, жер жүзіне жайылған Рерих Пактісінің авторы, «Мәдениет арқылы бейбітшілікке» және «Бейбітшілік туы» халықаралық қозғалысының негізін салушы.

Жуырда Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен, БҰҰ-ның еліміздегі мис­сиясының, сондай-ақ Қа­зақстан мен АҚШ елшілік­терінің қолдауымен Астанада «Шам­баланы іздеу жолында: Николай Рерихтың Нью-Йорк­тегі музейінен алынған жауһарлар» атты көрме ашылды. Мұхиттың арғы жағынан жеткен жәдігерлер топтамасына саяхатшы-суретшінің Орталық Азияны аралаған сапарында салған 37 туындысы таңдалыпты. Бұл экс­педицияның соқтықпалы-соқпақсыз сан тарау жолдары Шығыс Қазақстан өңірін басып өткені бәрімізге мәлім.

Ұлттық музейдің залдарына қойылған көрнекті картиналар көз сүйсінтіп, көңіл толқытады екен. Алтай мен Гималайдың та­маша пейзаждары тым тартымды. Сұлулық тұнған көрі­ністерде асқақ шыңдары ас­пандағы ақшаңқан бұлттармен астасқан алып таулар, арнасынан асып-тасыған асау өзендер, қиял-ғажайып ертегілерінің елесіндей жұмбақ бейнелер сананы сан саққа жүгіртіп, астарлы ойларға жетелейді. Ең бастысы, осынау құнды жәдігерлердің ешқайсысы бұрын соңды басқа мемлекеттерде көрсетілмепті. Бая­ғыда Гагарин космостан орал­ғанда алқалап алдынан шық­қан журналист ағайындар: «Ал, батыр, ана жақтан не көр­дің? демей ме. Сонда тұң­ғыш ғарышкер тосылмас­тан тақ еткізіпті. «Ре­рих су­реттеріндегідей көркемдік көрдім!», деп.

Айтса айтқандай-ақ екен. Талғам­дарына татитындай дү­ние­лерге тамсанып тұрған кө­рер­мендерді біз де көрмеден көп кездестірдік.

Көрмеге келушілер алдында көсіліп сөз сөйлеген Ресей-Аме­рика қорының президенті Ма­рина Ковалева аталмыш ша­ра екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстардың бір белгісі екенін алға тартып, Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде бейбіт­шілік орнату жолындағы ерен еңбегі мен бағалы бастамалары халықаралық аренада қызу қолдауға ие болып жүргенін, қазақ басшысының ұстанымы бұл жағынан Рерих идеяларымен үндесетінін атап өтті.

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»