Ұлытау өңірінде 700-ден астам археологиялық және архитектуралық тарихи ескерткіш бар. Оның 12-сі республикалық маңызға ие. «Кейкінің үңгірі» ешбір мәртебеге ие болмаса да, ауылдың бас көтерер белсенді азаматтары ешкімге алақан жаймай-ақ қия шыңдағы үңгірдің желкесіндегі биік жотаға ескерткіш-белгі қойыпты. Шаттығы сарқылмаған «Шеңбердегі» шырайлы шараның бірегейі осы.
Есімін естігенде «сары орыс» селк етіп, «қызылдың» қаны басына шапқан Кейкі «Қараторғай» өзенінің бойындағы шатқалда бой тасалаған. Екі бөлмелі үңгір жасырынуға, қорғануға, атысуға өте оңтайлы әрі қолайлы болғаны қазір де көрініп тұр. Тура төбесінен түспесе, тірі жан таппайды.
Ескерткіш-белгіге мынандай бір шумақ өлең жазылыпты:
«Ел емес пе ек: «батыр ортақ» дей-тұғын,
Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын,
Ей, жолаушы, аттан түсіп тағзым ет,
Үңгірі бұл Көкжал − Құлан − Кейкінің!».
Әлібек ӘБДІРАШ,
журналист
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы
Суретті түсірген автор