Аймақтар • 21 Маусым, 2017

Діни ахуалды тұрақтандыру үшін...

387 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қай өңірде болсын діни ахуал күрделеніп, ширығып кетсе, оның аяғы жақсылыққа апарып соқтыра қоймайды. Сондықтан да бұл мәселе жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары мен қалың жұртшылықтың, дін істерімен айналысатын мемлекеттік мекемелердің ұдайы назарында болуға тиіс. Теріс діни ағымның жетегінде кетіп адасып жүргендер де аз емес. Олардың бетін әрі емес, бері қайтару ісі де қоғам мүшелерінің ортақ парызы. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң демей ме мұндайда дана халқымыз.

Діни ахуалды тұрақтандыру үшін...

Қалай дегенде де осыдан бір жыл бұрын Ақтөбе аймағында діни экстремизмнің жетегінде кетіп, «елді ала тайдай бүлдірген» лаңкестердің әрекеті ұмытыла қойған жоқ. Қазіргі кезде бұдан қандай сабақ алынды? Діни ахуалды тұрақтандыру үшін қандай іс-шаралар белгіленді? 
Біз төменде осы сауалдар төңі­регінде екі-үш ауыз ой қорыт­қанды жөн көрдік. Бұған дейінгі тәжірибеде теріс іс-әрекеттер толеранттылық сана-сезімнің толық қалыптаспауы салдарынан орын алатынын көрсетеді. Бұл әрі діни сауаттылық деңгейінің төмен екендігінің де басты бір хабаршысы. Міне, дәл осы тұстан, дәл осы үстірттік пен мәкіліктен діни экстремизм мен терроризм кө­ріністері қылтиып, бой көр­сететінін зерделеу қиын емес.
Егер аурудың алдын ала білсе, кез келген дерттен құлан-таза айығып кетуге болатыны секілді діни фанаттар мен ради­калды топтардың алдын алса болжамды қауіп-қатерден сақ­тануға болатыны да ешқандай талас туғызбайды. Бұл үшін дәс­түрлі емес діни бағыттарда жүргендермен тікелей бетпе-бет келіп түсіндіру жұмыстары жүр­гізілсе, бұл іс белгілі бір нәти­желерге бастай алары анық. Осы орайда Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы жанынан ашыл­ған «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының қызметіне оң баға беруге болады.
– Біздің басты мақсатымыз – өңірдегі діни ахуалды реттеу­ге және оны оң жолға қоюға ықпал жасау. Бұл үшін бірінші кезекте ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметіне соны серпін беруді қажет деп таптық. Біздің қызметіміздің басым бағыт­тарының бірі топ мүшелері мен жергілікті имамдардың білі­мін жетілдіру болып табылады. Бүгінгі кезде құр жалаң сөзбен оны аяғына дейін жеткізу еш мүмкін емес. Сондықтан істі жүр­гізудің оңтайлы тәсілдері мен жолдарына иек артып отырмыз. Әртүрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйым­дастыру, ақпараттық материалдар мен шағын студияның мүм­кіндігін кеңірек пайдалану осы бағытта қолға алынды, – дейді «Аңсар» ақпараттық-тал­дау орталығының жетекшісі Жандаулет Сүлейменов.
Оның айтуынша, дәстүрлі емес ағымдардың әрекетін бейтараптандыру мен теріс ағымның жетегінде кеткендерді дәстүрлі ислам дініне қайтарудың басты жолдарының бірі – әлеуметтік желілерді пайдалана отырып түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Орталық басшысының ой-тұжы­рымына қарағанда, олардың ұйым­дастырған шараларына елі­міздің өзге аймақтарынан келген білікті теологтар да қатысқан. Осындай жүргізілген сан-алуан жұмыстардың арқасында дес­труктивті діни ағымдарды жақ­тай­тындардың саны азая түс­кені байқалады. Бүгінгі күні дәстүрлі дінге қайтып оралған­дардың саны 200-ге жуықтайды. Мұның өзі, сөз жоқ, оң нәтиже. 
Алайда, бұған қарап өңірдегі діни ахуал түбегейлі шешімін тапқан десек, шындыққа көлеңке түсіріп алармыз. Бұл ретте терең әлеуметтік зерттеулер жүргізу және жұмыстың тың да тиімді әдістерін іздестіру ақтөбелік мамандар мен теологтардың төл істері болып қала бермек. 
Сондай-ақ, аймақта діни әдебиеттер мен діни тақырыптағы ақпараттардың мазмұнын терең­дету қажеттілігі байқалады. Со­нымен бірге, діни мақсаттағы заттарды тарату ісіне де байыпты көзқарас қалыптастыру керек екені аңғарылады. Бұл үшін өңірде арнайы стационарлық орындар белгіленгені әрине жақ­сы нышан. Әйтсе де тек осындай орындарды арқа тұтумен іс бітпейтіні де неғұрлым назарда болса, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған мақсатты жұмыстар соғұрлым оң нәтиже бере алады демекпіз. Терроризм мен діни экстремизм идеологтары өз арнасын мейлінше кеңірек жасауға ұмтылатыны табиғи жайт. 
– Қазіргі кезде олардың ең басты насихат құралы интернет кеңістігі екені айтпаса да белгілі. Өңірдегі діни ахуалды сауықтырумен айналысып жүргендер бұған қарсы іс-әрекет ретінде облыс тұрғындарының діни сауаттылығын жетілдіруді қолға алып отыр. Жат ағымдардың торына түсіп қалатындар бірінші кезекте жастар екендігі де бел­гілі. Сондықтан оларды алдын ала сақтандыру мақсатында об­лыстық мешіттер мен православие шіркеулерінде арнайы сайт­тар ашылғаны қолдауға тұрарлық мәселе деп білеміз. Мұнда дәстүрлі дін аясында жазылып ілінген материалдарға жас­тар селсоқ, енжар қарамайды, – дейді Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы Индира Ізбасхан. 
Облыста  жоғарыда айтыл­ған «Аңсар» ақпараттық-тал­дау орталығы діни ахуалға тал­дау жүргізу ісінде өзін оң қы­рынан таныта алғаны үлкен мерей. Облыстық дін істері басқар­масы­ның басшысы Жолдас Қал­мағамбетовтің айтуынша, осы бағыттағы жұ­мыстарды зер­делей алатын «Аңсар» тектес ор­талықтар Мұғалжар және Темір аудандарында өз тиім­ділігін көрсете бастапты. Қазір об­лыстың барлық аудандарында дін істерімен айналысатын ор­талықтар ашу көзделген. Бұл жөнінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев діни бірлестіктер мен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мәлімдеді. Қазір аймақта жергілікті имам­дардың білімі мен білігін көтеру жөнінде жаңа жоба жүзеге аса бастады. 
Соңғы деректер өңірде облыс имамдарының 63 пайызының жоғары немесе арнайы орта діни білімі бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ, өткен жылмен са­лыстырғанда кадрлық құрамның сапасы 18 пайызға  артқаны да жаңа жобаның тигізген ша­пағаты деуге болады. Биыл «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті универститеті мен еліміздің үз­дік медреселерінен он екі түлек Ақтөбе мешіттеріне имам болып тағайындалыпты. Оның үс­тіне, қазіргі күндері 80-ге жуық ақтөбелік Қазан қаласындағы Ресей ислам институтында оқып жүр екен.
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде дерлік теолог маман­дардың жетіспейтіні биылғы көктемде Ақтөбеде өткізілген Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысында көтерген еді. Бұйырса, өңірде алдағы жылдары бұл мәселе оң шешімін тауып қалатын түрі бар. Өйткені, Та­тарстандағы Ресей ислам институтында 37 студент облыс әкі­мінің грантымен теология мамандығы бойынша білім алып жүргені осылай деп тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Ал Ақтө­бедегі медреселерге колледж мәртебесі берілгені де жа­ңа­­шылдыққа қарай жасалған тағы бір оң қадам болмақ. 
Түптеп келгенде, мұның бәрі дін істерімен айналысатын кадрлық корпустың сапалық деңгейін көтеретіні хақ.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ