Аймақтар • 21 Маусым, 2017

Көзге түспейтін кенелер бар

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн ысығанда таулы ай­мақтардағы табиғат аясына көкке шығатындар саны көбейеді. Мамандар нақ осы кезде кенелердің көптеп таралатынын алға тартып, тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.

Көзге түспейтін кенелер бар

Кенелер адам өміріне аса қауіпті жәндік саналады. Тіпті, адам өліміне әкеліп соғуы да ғажап емес. «Елімізде 3 отряд тармағына жататын акариформды, паразиттіформды және аз зерттелген пішендік кенелердің 10 тұқымдасы, 58 туысы, 236 түрі кездеседі», дейді мамандар. Әсіресе, жаңбырдан кейін таулы аймақтарда, көгалды жерлерде жиі белең алады. Адам мен жануарлардың, сондай-ақ, өсімдіктердің паразиті болып табылатын жәндік адамға бөртпе, сүзек, кене энцефалиті, туляремия сияқты аурулардың өрбуіне жол ашады. 
– Қала қонақтары мен тұрғындары таулы аймақтарға демалысқа шыққанда қауіп­сіздік шараларын назардан шығармағаны абзал. Демалыстан кейін үсті-басын қағып, кене сияқты жәндіктердің жабысып алмағанына мұқият көз жеткізу керек. Көктем мезгілінде тек кене ғана емес, түрлі жұқпалы аурулардың ошағы саналатын кеміргіштер де көбейеді. Алматы қаласының аумағы бойынша залалсыздандыру жұмыстарының көктемгі науқанын бастадық. Жаппай залалсыздандыру жұ­мыстарына құрамында эпидемиолог дәрігерлері бар 36 адамнан тұратын 6 бригада жұмылдырылды. Сондықтан, барлық тұрғындарды үй аулалары мен қоғамдық орындарда, демалыс ошақтарында санитарлық тазалық сақтауға шақырамыз, – дейді Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығы филиалының басшысы Есен Бекбосынов.
Қышыма кене сияқты кене­лердің кейбір түрі көзге де ілін­бейді, оны тек ұлғайтқыш әйнектер арқылы ғана көре аласыз. Мұндай кенелердің алғашқы белгілері адам терісіне еніп, денесін қышытады. Осындай жағдайға кезіксеңіз, өзіңізге нем­құрайлы қарамай бірден дәрігерге жүгінгеніңіз дұрыс.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ