Баку төрінде бокстан өтіп жатқан ересектер арасындағы әлем чемпионатында жексенбі күнгі жарыстар Қазақстан ұлттық құрамасы үшін сәтсіз басталды. Біржан Жақыптан кейін Олжас Сәттібай жарыстан шығып қалды. Алғашқысының жеңілгені туралы бас бапкер Мырзағали Айтжановпен әңгімеде жазған болатынбыз. Енді, өкінішке қарай, О.Сәттібайдың сәтсіздікке ұшырауы туралы айтуға тура келіп отыр. Бұл жөнінде бізге тараздық боксшының жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков айтып берді.
Осы күні кездесуден соң, О.Сәттібай мен оның бапкерін боксшылардың киім ауыстыратын бөлмесінде жолықтырдық. Бір қызығы, қазақ боксшысын бөлмеде келесі жекпе-жектеріне дайындалып жатқан өзге елдердің спортшылары мен бапкерлері жеңісімен құттықтап жатты. Ресей, Англия және басқа да елдердің бапкерлері: «Өзіңе мығым бол, сен жеңдің. Кездесу әділетсіз өтті», деп боксшымызды жұбатуда. Осы кезде бапкері Нұрлан Ақүрпековпен жеке сөйлесудің сәті түсті.
– Нұреке, өзі қалай болды? Жаңа ғана журналистерге шет жағасын айтып едіңіз. Қазір осыны таратып айтып беріңізші.
– Не болушы еді, төрешілер корпусының төрағасы ирландиялық Терри Смит болды. Кездесуде төрешілердің бүйрегі ирландиялық боксшыға бұрып тұрғанын бірден байқап едім. Әттең, Олжастың ұпайын қысқартып тастады. Әйтпесе, ол кем дегенде үш ұпайға жеңді ғой. Олжас – өз салмағында еліміздегі үздік боксшы. Бұл жолы әділетсіздіктің құрбаны болды. Енді Олимпиадаға келесі мүмкіндікті жібермеу керек. Ол үшін жақсы дайындалатын боламыз. Жалпы, болашақта біздің боксшыларға көзқарас түзу болады деп ойлаймын. Әділ баға әлі алда. Олжастың салмағында Астанадан Ілияс Сүлейменов бар. Сүлейменов өткен Азия чемпионатында екінші орын алған болатын. Бірақ, Олжастың деңгейі одан жоғарырық екені көрініп тұр. Егер күмәнданатын адамдар болса, екеуін де кездестіруге болады. Сонда ұлттық құрамаға шын мықтыны аламыз.
– Өзіңіздің тағы бір шәкіртіңіз – Жайлауов туралы айтып берсеңіз.
– Ғаниға чемпионатта жеребе жақсы түсті. Ол келесі қарсыласы латвиялық боксшыны Финляндияда 9:0 есебімен жеңген болатын. Енді одан айласын асырады деп ойлаймын. Бірақ, оған жақсы дайындықпен шығу керек. Чемпионатта осал боксшы жоқ деп айттым ғой, бәрі дайындыққа, сосын көңіл-күйге байланысты. Ғаниға емес, басқа да боксшыларымызға осыны жиі айтамыз. Негізі, мұны барлық боксшылар біледі. Енді оларға медаль жақындаған сайын қиын болатыны сөзсіз. Жарыста төрешілер жағынан әділетсіздік жиілейді. Басымдық танытпаса, саясаттың араласатыны бар. Өйткені, қазір бүкіл әлемде боксты дамыту үшін дамушы елдерге төрешілер көмектесіп тұрады. Бұл енді барлық елдерде боксты көтеру үшін жасалып жатқан саясат. Жайлауовтың бірінші кездесуінде жапон Накаяманың Ғаниға шамасы жетпей ме деп ойлағанмын. Бірақ, қарасам, мүмкіндігі бар, функционалды дайындығы жақсы екен.
– Біздің боксшылар жарысқа өзін қалай дайындау керек деп ойлайсыз?
– Дайындық адамның өзінен басталады ғой. Содан кейін бапкерге байланысты болады. Біз енді боксшыларға айтуын айтамыз, бірақ рингте бір нәрсе қайталанбай қалады. Ұмытып қала ма білмеймін. Боксшылар өздеріне тым қатты сенбеуі керек. Біздің жігіттер қалай, алдымен шаршы алаңда болып жатқан жекпе-жектен гөрі, ертеңгі кездесуін ойлайды. Олай болмайды, әуелі болып жатқан кездесуді ойлап, сол жердегі қарсыласын жеңіп, келесі айқасын ойлау керек. Ал бізде олай емес, біз қанша рет айтып жатырмыз, олардың әлі өзгеретін түрі жоқ.
– Нұреке, бізде қазір көп адамдар боксшылардың сәтсіздікке ұшырауын жергілікті жерде мықты мамандардың болмауымен де байланыстырады. Осыған не айтар едіңіз?
– Бапкерлер мектебі дейсіз ғой. Бапкердің шәкірті, оқушысы жақсы болу керек. Содан кейін бапкердің өзі де шәкіртіне идеал болу керек деп ойлаймын. Осы екі нәрсе болса, боксшының тәжірибесі де, бапкердің беделі де артады. Ең бастысы, екеуінің мінез-құлықтары сәйкес болса бәрі болады. Жұмыс психикалық жағдайға байланысты болып тұр ғой. Боксшының өзінде фантазиялық арсеналы үлкен болу керек, қарсыласының қателіктерін, сырын біліп жүру керек. Шәкірт дайындаған жақсы, бірақ, сайып келгенде, ол боксшының өзіне де байланысты. Жақсы шәкірт бәріне түсіністікпен қарайды, боксшы боламын деп талпынып жүрсе, бапкерін тыңдайды. Ал кейде боксшының дайындығына шыдай алмайтын, бапкері жаттығу кезінде ескертулер жасаса, соны әке-шешесіне дұрыс қарамайды, ұрыса береді деп айтып баратын адамдар да болады. Сондықтан баланың психикалық жағынан сағын сындырмау үшін мінезімен жұмыс істеуге тура келеді. Бапкер мен боксшы арасындағы қарым-қатынас уақыт өткен сайын жақсарады, екеуі бір-біріне үйреніп, әкелі-балалы болып та кетеді.
Қазір бапкерлердің айлығы төмен. Мен өзім 8 жыл бойы айлықсыз жұмыс істедім. Таразда спорт мектебінде істеп жүріп, уақыттың қалай өткенін білмей қалдым. Бақтияр Артаев Афина Олимпиадасында алтын жүлдеге ие болды. Қазір де бапкерлердің жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Бірақ бәрі, әрине, өткінші нәрсе ғой деп ойлаймын. Дегенмен, қазір екінің бірі мұндай жұмысқа барғысы келмейді. Көбі жақсы ақша тапқысы келіп, басқа салаларға кетіп жатады. Соның кесірінен жергілікті жерге орташа деңгейдегі бапкерлер келіп жүр. Жалпы, болашақта еліміздегі бокс бұдан да жақсы деңгейге көтерілетініне сенемін. Ол үшін Қазақстан Бокс федерациясы қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасап жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН – Бакуден.