Білім • 22 Маусым, 2017

Күн тәртібінде үздіксіз білім үрдісі

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа ғасырдың даму қарқыны бір алған біліміңмен өмір бойы қызмет ете алмайтыныңды көрсетіп берді. Тіпті, жо­ға­ры оқу орындарында бес жыл ондаған пәнді оқып, сы­нақ тап­сырып, диплом алып, қызметке тұрғаннан кей­ін­гі кезең ішін­де әлгі бес жылдық білімің бес жылдың ішін­де қажетке жа­рамай қалатынын көріп отырмыз.

Күн тәртібінде үздіксіз білім үрдісі

Даму қар­қыны осылай ке­те берсе, жыл сайын білім толықтырып оты­ру қажеттігі туа­ры хақ. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев әр жыл­ғы Жолдауы мен бағдарлы сөздерінде айтып келе жатыр. Осы мәселе «Назарбаев университет»  болған алқалы жи­ында жан-жақты талқыға түсті. 

Басқосудың тақырыбы «Өмір бойы білім алу: тұрақты даму мүддесінде үздіксіз білім беру» деп аталады. Мұндай конференция бұдан бұрын да өткен еді. Он бе­сін­ші рет болған жиынның не­гізгі ұйымдастырушысы Ы.Ал­ты­н­сарин атындағы Ұлт­тық бі­лім академиясы екенін еске са­ла кетсек дейміз. Конференция жұм­ы­сына Франция, Ресей, Польша, Ита­лия, Беларусь, Гонконг, Өз­бекстан ғалымдары, отандық бі­лім беру мекемелерінің өкіл­дері, облыстар мен Астана жә­не Алматы қалалары білім бас­қармаларының, сонымен қа­тар жоғары оқу орындарының, кадр­­лар біліктілігін арттыру жә­­­не оларды қайта даярлау инс­­ти­тутының, колледждің оқы­ту­­шылары, мектеп мұғалім­де­рі қа­тысты. 
Әлемдік деңгейдегі үз­дік­сіз білім беру жөніндегі ұйым­дас­тыру комитетінің құрамына БҰҰ-ның Үкіметаралық ұйымы, ЮНЕСКО, Еуразиялық эко­но­микалық қоғамдастығының Пар­ламентарлық Ассамблеясы, ЮНЕСКО-ның үздіксіз білім беру институты (Германия), Гонконг ЮНЕСКО-ЮНЕВОК ор­талығы, Ресей білім академия­сы, тағы басқа мекемелер кіреді. Қа­зақ елінде өткен мерейтойлық кон­ференция Санкт-Петербургте бол­ған жиынның заңды жал­ға­сы. Конференцияның негізгі мақ­са­ты – тұрақты даму мүддесінде үз­дік­сіз білім берудің әлемдік мә­се­­лелерін талқылау және халық­ара­лық деңгейде пікір алмаса оты­рып, оның оң нәтижелерін іске асыру.  
Алқалы жиынның ашылуы­н­­да Білім және ғылым ми­­ни­с­тр-­
­лі­гінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев білім беру ісіне жан-жақты тоқталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» халықтық жобасы бой­ынша жұмыстар жүргізіліп жат­қанын, әсіресе оны білім саласында жүйелі жүргізу қолға алынғанына нақты дәйектер келтірді. Мәжіліс депутаты Ж.Нұрманбетова, Ы.Алтынсарин атын­дағы Білім академиясының пре­зиденті Ж.Жылбаев, қазақ елін­де жұ­мы­сын бастағалы отырған ЭКСПО-­2017 көрмесі қарсаңында бол­­ған  бұл конференция еліміздің әлеуетін көрсететінін жан-жақ­ты баяндады. Ал пленарлық мәжілісте «Назарбаев зияткерлік мек­теп­те­рі» ДББҰ басқарма төрайымы К.Шәмшидинова заманауи әлем талабы контексінде бі­лім мазмұнын жаңарту туралы байламдарын ортаға салды. М.К.Аммосов атын­дағы Солтүстік Шығыс федералды университетінің рек­­торы, академик Евгения Ми­хай­­лова (Ресей) білім ор­да­­сын­дағы инновациялық да­мы­ту­­дың зияткерлік платформа­сы­на тоқталса, Беларусь Рес­пуб­­ликасынан келген ғалым На­­талья Перевалова жалпы орта бі­л­ім беру мазмұнын жаңарту, оны ғылыми негізде жүзеге асыру бойынша өз тәжірибелерін ор­­та­ға салды. Сол секілді «Бар­ша­ға арналған үздіксіз біл­ім» қо­ғамдық бірлестігінің пре­зи­денті, профессор Николай Лобанов, Ресей  үздіксіз кәсіптік білім беру жүйесіндегі адамның еркіндігі мен тәуелділігіне қа­тыс­ты мәселелерді қозғады. 
Со­ны­мен, екі күнге созылған үздік­сіз білім беруге қатысты өткен жиында бірнеше ұсыныс  қабылданып, әр азаматқа арнайы сертификаттар тапсырылды.  

Сүлеймен Мәмет, 
«Егемен Қазақстан»