Қазақстан • 22 Маусым, 2017

Астана халықаралық әуежайын Елбасының есімімен атау туралы шешімге үнқосулар

342 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

20 маусымда ел Үкіметі арнайы қаулысымен Астана халықаралық әуежайын Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атау туралы шешім қабылдаған еді. Елбасының еліміз алдында сіңірген еңбегіне орай осындай құрмет көрсетілуінің орынды екендігі талас туғызбаса керек. Мұны төменде жарияланып отырған қолдау тұрғысындағы үнқосулардың мазмұнынан да анық аңғаруға болады.

Астана халықаралық әуежайын Елбасының есімімен атау туралы шешімге үнқосулар

Әділ әрі дұрыс шешім 


Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, 
Парламент Сенатының Төрағасы
Астана халықаралық әуежайына Н.Ә.Назарбаевтың есімін беру туралы шешім елорданың 20 жылдығы қар­саңында қабылданып отыр. Мем­лекет басшысының Астананы көшіру туралы стратегиялық шешімінің маңы­зы зор. Жиырма жыл бұрын Пре­зи­денттің бұл шешімнің мән-ма­ғы­насын тіпті Елбасының қасында жүрген әріптестері де түсіне қойма­ған еді. Алайда, Елбасының мықты ерік-жі­ге­рінің арқасында еліміздің стра­т­е­гия­лық мүддесіне сай батыл шешім қабылданды. 
Астана шын мәнінде әлемдік брендке айналды. Елордамызда жаһандық саясатқа тікелей ықпал ететін халықаралық форумдар жиі өтеді. Елбасының тапсырмасы бойынша Астанада әлемдік сәулет өнерінде баламасы жоқ ғимараттар салынды. Президент инфрақұрылым нысандарына ерекше көңіл бөліп, жоғары талаппен қарайды. Бірінші кезекте, ол Астана мен бүкіл еліміз­дің бет-бейнесі болып табылатын әуежайға да қатысты болып отыр. Таяуда күрделі жөндеу, жаңғыртудан өткен біздің әуежай жаңа келбетке ие болып, елорда мәртебесіне толықтай сай келді. 
Астананың инновациялық және жо­ға­ры технологиялық жетістік­терге ие жо­ба екені ақиқат. Ғылым мен жо­ға­ры технологияның үздік жетіс­ті­к­­тері қойылған ЭКСПО-2017 ха­­лық­­ара­лық көрмесі – соның айқын дәлелі. 
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көр­кейген мемлекет – Қазақстан Рес­пуб­ли­касының негізін салған тұлға ретін­де әлемдік тарихқа енді. Әлемдік дең­гей­дегі саясаткер, ядролық қаруға қарсы жаһандық көшбасшы ретінде Елба­сын шетелдерде жақсы біледі және құрметтейді. Әлемдік саясат пен экон­о­мика мәселелері бойынша Қазақ­стан Көшбасшысының пікірімен барлық мемлекеттердің басшылары санасып отыр. 
Астана әуежайына Президент Нұрсұлтан Назарбаев есімінің берілуі әділ әрі дұрыс шешім болды. Бұл шараны барша қазақстандықтар да, шетелдіктер де қолдайтынына сенемін. 

 

Стратегиялық реформалардың бастамашысы

Стратегиялық реформалардың бастамашысы
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, 
Парламент Мәжілісінің Төрағасы
Мен бүкiл қазақстандықтар­ды Астана халықаралық әуежайы­на Елбасы есiмiн беру жөнінде қа­был­данған шешiммен құттықтай­мын. Естеріңізде болса, елiмiздiң мемлекеттік негізінің қалануына Мемлекет басшысының қос­қан зор үлесiн айшықтау туралы ұсы­ныстар Қазақстан Респуб­лика­сы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Дек­­ларациясын Мәжіліс қабыл­даған­­нан кейін де қоғамда кеңінен талқы­ланған болатын. Бұл, әсіресе, Астана халықаралық әуежайын Тұң­ғыш Президент атымен атау мәсе­лесінде көп айтылды. 
Аталған ұсыныс Қазақстан аза­мат­тарының жаппай қолдауына ие болды. Өңiрлердi аралау барысын­да халықпен кездескенде осыған көзiмiз жеттi. Нұрсұлтан Назарбаев – елiмiздi өзгерткен стратегиялық рефор­малардың бастамашысы, мем­ле­кеттiлiктiң қазақстандық моделi­нiң сәулетшiсi. Қазiргi таңда Тәуел­сiз Қазақстан, оның Тұңғыш Прези­дентi Нұрсұлтан Назарбаев деген тари­хи түсiнiктердi бүкiл әлем бiр ұғым деп қабылдайды. Халықаралық әуе­жайдың атауын өзгерту туралы қабыл­данған шешiм осы сөзіміздің айқын дәлелi деп ойлаймын.

 

Жаңа атаудың нышандық мәні зор

Дархан КӘЛЕТАЕВ, 
Парламент Сенатының депутаты 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық сая­сат бағ­дарламасына сәйкес, Астана Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік орталық ре­тін­де авиациялық хабқа айналатын болады.
Биылғы жылдың өзінде бірқатар ірі шетелдік авиакомпаниялар Астанаға өздерінің рейстерін ашты. Яғни, Астана әуежайы «Нұрлы жол» саясатын дамытудың шұғылалы сәулесі жайылатын орталық болып табылады. Ендеше, оның Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуы қисынды әрі нышандық мәнге ие болып отыр.
Ал енді Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін Астана әуежайына беру туралы идеяға келсек, ол 2009 жылы туындаған еді. Мінеки, біраз уақыт өткеннен кейін қоғамдық санада сол бастама өз орнын тауып отыр. Мұның өзі осы идеяның өміршеңдігін көрсетеді. 
Мені Үкіметтің Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығы Декларациясын негізге ала отырып, Астана халықаралық әуежайын Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау туралы қаулы қабылдағаны қанағаттандырады. Өйткені, мемлекет үшін нышандық мәні бар маңызды нысанға сол мемлекетті қалыптастырған ұлы тұлғалардың есімін беру үрдісі бұрыннан бар.
Ешкім де бұған дейін еліміздегі ең мықты жоғары оқу орнын «Назарбаев Уни­вер­ситет» деп атауға қарсылық білдір­ген жоқ қой. Керісінше, қазір мектеп бітіру­ші түлек­тердің басым бөлігі сонда оқығысы келеді. Ес­теріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев осы оқу орны­на өзінің есімін беруге келісе отырып, білім мекемесі үшін жауап­кершілікті толық өз мойнына алғанын айтқан болатын. 
Ал бүгінгі жаңартылған Астана халықаралық әуежайын Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атап отырмыз, бұл – өте дұрыс шешім.  Өйткені, елорданың әуе қақпасы мемлекеттің көлік-логистикалық құрылымының тартылыс нүктесіне айналуы тиіс. Ал Еуропа мен Қытайдың арасындағы сауда-транзиттік өзегі саналатын мұндай көлік-логистикалық идеяның авторы да Нұрсұлтан Назарбаев екенін еске салғым келеді. 

 

Еріміздің еңбегі еленуі тиіс

Қуаныш СҰЛТАНОВ, 
Парламент Мәжілісінің депутаты

Жалпы, Астана әуежайына Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді өте орынды шешім деп қабылдаймын. Мұндай үрдіс дүниенің көптеген мемлекетінде бар. Тіпті, мынау іргеміздегі Әзербайжандағы ірі әуежай Гейдар Алиевтің атымен аталады. 
Сол сияқты, бұл – ұлттық тарихы­мыз­ды қадірлеу, халықтық тұлға­лары­мызды таныту, өзімізге ғана тән ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Біз осы арқылы Қазақстанның құрылымы берік, күш-қуатқа ие ел екенін ұғындыра ала­мыз. Яғни, өзіміз ел-жұрт болып өз ара­­мыздан шыққан азаматтың ерен ең­бегін ескеріп, осылайша ардақтай алып жатсақ, оның ешқандай да сөкеттігі де, айыбы да жоқ.
Халықаралық әуежайға байланысты дүние жүзінің тәжірибесіне сай осындай шешім қабылданып жатқанына зор қуаныштымын. Мәселен, АҚШ-та «Кеннеди» атындағы әуежай бар ғой. Ал енді бүгінде қазақтың дүниежүзілік деңгейде танылып, мойындалуы Нұрсұлтан Әбішұлының зор беделінің арқасы. Демек, ұлтқа еңбегі сіңген асыл азаматтың есімін елі әркез құрмет тұтуы тиіс деп ойлаймын.

 

Көрсетілген құрметтің бір белгісі


Владислав КОСАРЕВ, 
Парламент Мәжілісінің депутаты
Еліміздің ең үлкен қақпасы – Астана халық­аралық әуежайы Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың аты­ме­н аталатын болды. Бұл біздің Елбасы­мызға деген құрметіміздің бір белгісі.
Қазақстан өткен жылы ғана өз Тәуел­сіздігінің 25 жылдығын атап өтті. Сол Тәуелсіздік күні қарсаңында біз бұл әуе­жайға Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беруді сұрап, өтініш айттық. Бұл өтініш Елбасының өзіне жолданды. 
Менің ойымша, бұл қадам белгілі бір деңгейде маңызды болып табылды және ол кезде әуежай құрылысы қызу жүргізіліп жатқан еді. Ал қазіргі күнде оның құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілген.
Енді, міне, әуежай – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталады. Мұны халық қолдап отыр.
Айта кетейін, Астана атауын өзгерту туралы әңгіме өрбіген кезде Мемлекет басшысы Астананың халықаралық деңгейде мойындалған маңызы мен мәні зор атау екенін және ол Қазақстан астанасы екенін айтып, сол себептен де қаланың көп нәрсемен байланысып, тереңінен ұштасқан қазіргі атауын өзгерту орынсыз болатындығын алға тартқаны есімізде.

 

Елдіктің келісті көрінісі

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, 
Парламент Мәжілісінің депутаты,  Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі
Ел табалдырығы әдетте әуежайдан басталады. Қай елге бағыт алғанда да алдымен ел астанасының әуежайы аталады, сол әуежайдың атауын жады­мызда жаттап қаламыз. Сондықтан да Үкі­меттің Астананың халықаралық әуе­жайына Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы қаулысы бұл нысанның ел өмірі үшін де, елдің әлемдегі орны үшін де қандайлық ерекше мәні бар екенін дөп басудың көрінісі деп білеміз. 
Ел болуымыздың, ел болғанда да ширек ғасырлық уақыттың ішінде алдымен әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосыла алған, ол белесті бағын­дыр­ған соң озық отыздықтан ойып орын алу міндетін ойдағыдай шешіп келе жатқан еңселі ел болуымыздың бастаушысы, ұлтты ұлы мақсаттарға ұйыстырушы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін айтып жатудың өзі бүгінде артық. Сондықтан да Парламент депутаттары Тәуелсіздіктің  25 жылдығы Декларациясында Тұңғыш Президент – Елбасының ерен еңбегін Конституцияда атап көрсету, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін елдің айтулы нысандарында айшықтау қажеттігін ұсынған болатын. Көптің көкейінен шыққан ол ұсыныстар жүзеге аса бастағаны қуантарлық. 
Әлемде әуежайларға әйгілі тұлға­лар­дың атын беру тәжірибесі талайдан бар. Бұған мысал жеткілікті. Ондай әуежайлар тізімін Наполеон атындағы, Бен-Гурион атындағы, Ататүрік атындағы, Вашингтон атындағы, Фредерик Шопен атындағы, Даллес атындағы, Коперник атындағы,  Лех Валенса атындағы, Моцарт атындағы, Джон Леннон атындағы, Сент Экзюпери атындағы, Гейдар Алиев атындағы, Джон Кеннеди атындағы, Индира Ганди атындағы, Федерико Феллини атындағы, Хосе Марти атындағы, Христофор Колумб атындағы, Шарль-де-Голль атындағы ... деп жалғастыра беруге болады. Демек, Үкіметтің бұл шешімі – уақыты жеткен, өрке­ниет­тік үрдісінде қабылданған, асылымызды ардақ­тайтын, басымыздағы бақты бағалайтын ел екенімізді кемел көрсететін келісті шешім.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына алғашқы қонақтар  қасиетті Қадір түнінде келгені қандайлық ғанибет болды десеңізші!

 

Халықаралық тәжірибеге сай қадам


Ерлан САИРОВ, 
саясаттанушы
Ин­­ф­р­ақұры­лым­­дар­­ға қай­раткерлер­дің есімін беру батыс­тық модельге жатады. Ай­талық, Париж­дегі Шарль-де Голль атын­дағы әуежай, Нью-Йорк­­­тегі Дж.Кен­не­ди атындағы әуежай, Прага шаһарын­дағы Вац­лав Гавел атымен ата­ла­тын көп­теген әуежай­лар бар. Тіпті, Португалияда сіз­ді Криш­тиану Ро­наль­­ду атындағы үл­кен әуе­жай қарсы алады. Әуе­жай де­геніміз – қақ­па. Бұл жер­ге әртүр­лі мәдениет, әртүр­лі адамдар келеді. Яғни, адамдардың тоғыса­тын жері. Сондық­тан әуе­­жай­ды сакральді ұғым ретін­де де айтуға болады. Сол себеп­ті, Үкімет қаулысымен Астана қаласы әуежайына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілуі – бұрын­ғы кеңестен кетуге жасалған кезекті қадам. Бұл – заңдылық. Біз үнемі қоз­ғай­тын әлеу­мет­тік саладағы кейбір мәсе­лелерді айт­қан­ның өзінде, Мем­лекет бас­шысы Қазақстанды жаһан жұртшы­лығының тануына зор үлес қосты деп санаймын. БҰҰ елімізді ядро­лық қарусыздану сала­сының көшбасшысы деп таныды, Астана қаласы алаңында Сирия проблемасы шешілуде. 
Біз келешек ұрпақ үшін сая­си мәдениет құруымыз қажет. Сая­си мәдениет тек әлеуметтік-саяси үдеріс­термен ғана құрылмауы тиіс. Біз елімізде және қоғамда болып жатқан оң өзгерістерді көре білуі­міз керек. Қазақстан күллі әлемге танылды, еліміз БҰҰ-ның толық мүше­сі атанды, Астана ШЫҰ жүйесін­дегі, Таяу Шығыстағы, ядролық қару­сызданудағы және басқа да маңыз­ды шешімдерді қабылдаудың орталығына айналды. Сондықтан бұл – еліміздегі әлеуметтік-саяси үдерістерге, халықаралық тәжірибеге сай жасалып отырған қадам.