Парламент • 22 Маусым, 2017

Жарнама қызметіндегі мәселе шаш етектен

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтті. Онда төрт заң жобасы қаралды.

Жарнама қызметіндегі мәселе шаш етектен

Отырысқа Мәжіліс басшысы Нұрлан Нығматулин төрағалық етті. Оның ішінде қызу талқыланғаны Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды.

Депутаттар жалпы отырыс аясында талқылап, бірінші оқы­лымда мақұлдаған құжаттың бірі – «Мемлекеттік аудит және қар­жы­лық бақылау туралы» Заңға өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Тақы­рып­қа қатысты негізгі баяндаманы Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев, ал қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қожахан Жабағиев жасады. Бұл құжат мемлекеттік аудит жү­йесін одан әрі жетілдіруді көздейді.
«Мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің қызметін бағалау негізін­де мемлекет қаражаты мен мем­ле­кеттің активтерін пайдалану мен бас­қарудың тиімділігін одан әрі арт­тыруға ықпал ететін құқықтық тетік жақсарды. Жүргізілген тек­серу­лердің қорытындылары бойынша жауаптылық күшейтілді және ұсынымдар институты енгі­зілді. Бұлар мемлекеттік аудитор­ларды кәсібилендірудің келесі кезеңі болып табылады», деді депутат О.Өксікбаев.
Баяндамашының сөзіне қара­ғанда, заң жобасын әзірлеуші­лердің жұмыс тобына 40-тан астам ұсыныс келіп түскен. Оның бәрі де мүдделі министрліктер мен тиісті ведомстволар арасында қызу талқыланып, лайықты шешімдер қабылданған.
Отырыста «Қазақстан Респуб­­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірін­ші оқылымда қызу әрі ұзақ талқы­ланып, мақұлданды. Себебі, Мәжі­ліс Төрағасының айтуынша, еліміз­дегі жарнама қызметі саласында шешімін таппаған мәселелер шаш­ етектен көрінеді.
«Бүгінгі таңда біздің елімізде жарнама орналастырудың тәр­тібі 17 нормативтік акт арқылы реттелуі көп нәрсені аңғартса керек. Осы­ған сүйенген жергілікті атқару­шы орган­дардың әрқайсысы өз бетімен әрекет ете отырып, түйінді тиімді шешіп жатқан­дай көрінеді. Алайда, іс жүзінде олай емес. Мәселен, салықшы­лар LED-экран мен жарнама­лық баннердің айырмасы жоқ деп санап, төлемді тең есептей­ді. Сол сияқты республикалық маңы­зы бар жол жиегіндегі жарнама­лардың барлығында мемлекеттік сипатқа тән маңыз жоқ, жүйесіз орналастырылған. Сондықтан да бұл салаға ауқымды жаңашылдықтар мен темірдей тәртіп орнату сөзсіз қажет», деді Н.Нығматулин.
Ұлттық экономика министрі таныстырған заң жобасы жарнама қызметін мемлекеттік реттеу­ді жүйелеуге және жарнама сала­сындағы, оның ішінде түрлі заң бұзушылықтарға жол бермеу бөлігіндегі заңнаманы жетіл­діруге бағытталған екен. Министр­дің түсіндіруінше, жарнама қызметін мемлекеттік реттеуді жүйелеу шеңберінде жарнама саласындағы уәкілетті орган мен жарнама сала­сын­дағы реттеуші мемлекеттік органдарды анықтау көзделуде. 
«Сондықтан да, заң жобасында аумақтарды абаттандыру тәртібіне ұқсас жарнама сала­сын­дағы уәкілет­ті орган­ның сырт­қы (көрнекі) жарнаманы елді мекен­дерде ашық кеңіс­тікте орна­ластырудың үлгілік қағи­да­ларын бекітуді мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ, әлеуметтік жарнаманы кеңінен тарату арқылы қоғамның адамгершілік-мәдени тәрбиесінің деңгейін арттыру, елдің имидждік саясатын ілгерілету үшін оны күшейту мақсатында, заң жобасында міндетті теле-радио арналар үшін бір ай ішінде берілетін хабарлардың жалпы көлемінің кемінде 1 пайызы мөлшерінде өтеусіз негізде әлеуметтік жарнаманы орналастыру бойынша талап енгізілетін болады», деді Т.Сүлейменов. 
Айта кетейік, дауысқа салу нәти­жесінде бірауыздан мақұл­данған аталған заң жобасында Қазақстан Республикасының 5 кодек­сі мен 9 заңына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу көзделеді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»