Шетел инвесторлары кеңесі 1998 жылы Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлардың Қазақстандағы инвестициялық қызметіне қатысты туындаған өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін Қазақстан Үкіметі мен шетелдік инвесторлар арасында тікелей диалогты қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Шетел инвесторлары кеңесі құрамына 35 ірі трансұлттық шетелдік компания мен халықаралық ұйым басшылары кіреді.
Кеңес жұмысының негізінде еліміздің инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау, инвестициялық ахуалды жақсарту, инвестициялар туралы нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, сондай-ақ, экономиканы әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау, шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері шешімін табуда.
Инвестициялық климатты жақсарту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде 35-орынға ие болды. Соңғы 12 жылда Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 243 млрд АҚШ долларын құраған. 2016 жылы 20,6 млрд АҚШ доллары тартылыпты, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп.
Инвесторлар кеңесінің отырысы биыл отызыншы мәрте өтті. Шетел инвесторлары кеңесі құрылғалы пленарлық отырыстарда шетел инвесторлары үшін елдегі құқықтық режімді жақсарту, Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, шетел жұмыс күшін тарту және салық жүйесін оңтайландыру, Қазақстанның инвестициялық имиджін жақсарту сияқты тағы бірқатар мәселелер талқыланды.
Биылғы жиынға 300-ден астам қазақстандық және шетелдік қатысушы, оның ішінде шетел тарапынан Кеңестің 30 мүшесі мен 2 бақылаушысы, яғни, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компания басшылары, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Кеңес жаңа құраммен толықты
Отызыншы отырыс елімізде өтіп жатқан «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен дөп келіп отыр. Сондықтан оның тақырыбы да ЭКСПО-мен үндестіріліп «Жаңа энергетика» деп аталды.
Кеңес отырысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі ашып, жүргізіп отырды.
«Биыл кеңестің құрылғанына 19 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін біздің кездесуіміз жақсы дәстүрге айналды. Біз біраз жұмысты бірге атқардық. Сіздер Қазақстан экономикасының қалыптасуына және біз жүргізіп жатқан реформаларды жүзеге асыруға үлкен көмек көрсеттіңіздер.
Біздің кездесулеріміз өте өзекті тақырыптар: экономиканы дамытудың мәселелері талқыланатын алаңға айналды. Кеңеске елімізде жұмыс істейтін ірі шетелдік компаниялардың мүшелері кіреді. Жыл өткен сайын олардың қатары жаңарып отыр», деді Елбасы. Мемлекет басшысы одан әрі шетел инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерімен таныстырды. Елбасының айтуынша, Қазақстан тарапынан да кеңеске жаңа мүшелер кірген.
«Негізгі тақырыптарды талқыламас бұрын мен сіздерге кеңестің жаңа мүшелерін таныстырғым келеді. Ол Азиялық даму банкінің вице-призиденті Дивакара Гупта, «Моребэни корпарейшин» компаниясының Еуропа, Африка және ТМД мемлекеттері бойынша аға жергілікті атқарушы офицер Наоя Ивашита. Олар зейнетке шыққан әріптестерін алмастырды. Сондай-ақ, кадрлық өзгерістерге байланысты Қазақстан тарапынан да кеңеске жаңа мүшелер кірді», деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ, жиынға қатысып жатқан азаматтарға алғыс айтып, кеңес отырысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында өтіп жатқанын еске салып өтті. Бұл ретте көрменің Қазақстан үшін маңыздылығын тағы да тілге тиек етті.
«Алғашқы кірпішін 2014 жылы қалаған едім және 3,5 жыл ішінде қомақты қаражат игеріліп, өздеріңіз көріп отырған бірегей кешен салынды. Оның ашылуына 17 президент және бірнеше үкімет басшысы қатысты. Көрме уақытында басқа да мемлекет басшылары келетін болады. ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі бүгінгі отырыстың «Жаңа энергетика» атты тақырыбын айқындап отыр. Біздің еліміз үшін энергетикалық сектордың маңызы зор. Орасан зор ресурстардың болуына қарамастан, Қазақстан Жаңартылған энергетика көздерін белсенді дамытуға ниетті. Осыған орай, «жасыл» экономикаға көшу» тұжырымдамасы іске асырылуда. Біз халықаралық «жасыл» технологиялар орталығын құру бойынша бастама жасадық, ол көрме жұмысы аяқталғаннан кейін де жұмыс істейтін болады. Біз барлық мүмкіндіктерімізді, жаңа энергетика резервтерін пайдалануымыз керек», деді Н.Назарбаев.
Инвестицияға икемді ел
Кеңес отырысында инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша Қазақстан қолға алынған жұмыстар жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жан-жақты баяндады.
«ЭЫДҰ сарапшыларымен бірлесіп инвестициялық климатты жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 5 жылда заңнамамызды ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес айтарлықтай өзгертіп, көші-қон жүйесін, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін, құрылыс жүргізу мен жер телімдерін ресімдеуге рұқсат қағаздарын алуды жеңілдеттік, сонымен қатар, 61 мемлекет үшін визасыз жүйе ашық», деді Ж.Қасымбек.
«Бүгінде Қазақстан үшін басты серіктестер ретінде Қытай, Ресей, Еуродақ, АҚШ, Түркия мен Араб елдерінің инвесторы болып табылады. Және де осы мемлекеттердің әрқайсысында ірі мақсатты инвесторлар анықталған. Әр мемлекет бойынша инвестормен жұмыс істейтін жоспар бар», деді министр. Дерекке сүйенсек, бүгінде жалпы сомасы шамамен 50 млрд доллар болатын жүзеге асырылып жатқан және қарастырылу барысындағы 147 жобаның тізімі жасақталған.
«Бұл − Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 25 шет мемлекетке сапарының аясында қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесі. Бүгінде 39 жоба бойынша құрылыс жүргізіліп жатса, 12 жоба бойынша барлау жұмыстары, тағы 17 жоба бойынша құжатнама жасақталуда. Ал қалған жобалар қарастырылу барысында», деді Ж.Қасымбек.
Инвестициялар және даму министрі елімізде құрылып жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына да тоқталды. АХҚО биржасын құру бойынша жұмыс аяқталып жатқанын, жаһандық биржалық көшбасшылар санынан стратегиялық әріптестер айқындалғанын атап өтті.
Жиында сондай-ақ, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сэр Сума Чакрабарти, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазақстандық шетел инвесторлары кеңесі» қауымдастығының Басқарма төрағасы Ульф Вокурка, «GE Oil & Gas» компаниясының президенті Лоренцо Симонелли, «ЭНИ С.п.А.» компаниясының Бас атқарушы директоры Клаудио Дескальци, Бірлесіп қаржыландыру және жеке сектор операциялары жөніндегі Азия даму банкінің вице-президенті Дивакара Гупта, «ERG S.a.r.l.» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич және басқалар сөз сөйледі.
Жаңа энергетикаға жол
Отырысты Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қорытындылады. Қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы әлемдік қоғамдастық энергияның жаңа көздерін белсенді түрде іздестіріп жатқанын әрі технологиялық ілгерілеу қарсаңында тұрғанын атап өтті. Шындығында, биыл Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудің идеологиясы мемлекеттердің таза энергияны дамытуға бағытталған күш-жігерін тоғыстыруға негізделген.
Мемлекет басшысы сондай-ақ, энергия өндірудің аралас жүйесі еліміз үшін ең қолайлы екенін айтты. Бізде айтарлықтай көлемде мұнай, көмір, газ және уран қорлары бар. Оның көлемі 32 млрд тонна немесе әлемдік қордың 4 пайызын құрап отыр. Сондықтан да шетелдік инвестицияның алғашқы легін алдымен осы салаға тарту қажет.
Елбасы сонымен қатар Қазақстан индустрияландыру, инновация мен қуатты инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. «Еліміз ТМД елдерінде бірінші болып, «жасыл» экономикаға көшудің институционалды жағдайын жасады. 2017 жылы Экологиялық кодекс, 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң, ал 2013 жылы «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасы қабылданды. Қазақстан үшін энергия өндірудің аралас жүйесі тән. Ол қуатты дәстүрлі энергия көздерімен қатар мүмкіндігінше жаңартылған энергия көздерін дамытуды көздейді. Бұл тұрғыда еліміздің әлеуеті зор», деді Президент. Мәселен, Қазақстандағы жел энергетикасы жылына 920 миллиард киловатт/сағат өндіреді деп бағаланады. Ал еліміздің су энергия әлеуеті 62 миллиард киловатт/сағатты құрайды. Күн энергиясының әлеуеті жылына 2,5 миллиард киловатт/сағатқа дейін жетеді. Ал бұл бағыттағы мақсаттарға жету үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолға алынған.
«Біз мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын жасадық. Алға мақсат қойдық. Бекітілген бағдарлама бойынша белсенді түрде алға жылжып келеміз. 2020 жылдың аяғына дейін толық қуаты 2 мың мегаватт болатын жаңартылған энергия көздерінің 50-ден астам нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 2050 жылы баламалы энергияның мемлекеттің энергия теңгеріміндегі үлесі 50 пайызға дейін көтерілуі қажет», деді Президент.
Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында «Болашақтың энергиясы» деген атаумен «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылатыны айтылды. Ал осының алдындағы 29-отырыста «жасыл» қаржыландыруды дамыту мақсаты қойылған болатын.
«Жасыл» қаржы жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жерде ірі консалтингтік институттардың өкілдері бар. Бізде «жасыл» қаржыландыруды енгізу тәжірибесі бар. Тұжырымдаманың әзірленуіне қатысып, «жасыл» қаржы өнімдерін бізде қолданысқа енгізуге шақырамын. Ол үшін ЭКСПО аясында құрылып жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын қолдану керек. Конституцияға енгізілген өзгертулер бойынша заң қабылданды. Бұл орайда ағылшын құқығы мен ағылшын тілі жұмыс ретінде қолданылады», деді Елбасы.
Президент айтып өткендей, әлемде сирек кездесетін металдарды қолдану технологиялары қарқынды дамуда. Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға қарай литий сұранысы жылына 550 мың тоннаны құрауы мүмкін. Сондықтан да литий «ақ мұнай» деп аталады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстан сирек кездесетін металдарға ие екендігін алға тартты. Инвесторларға аталмыш саланы біздің Үкіметпен бірігіп инвестициялау үшін қарастыруды ұсынып, бұл энергетика саласындағы әлеуетті бағыт екендігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы өзіндік ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту қажеттігіне де тоқталды. Бұл мәселемен салалық министрліктер, университеттер және халықаралық «жасыл» технологиялар орталығы айналысу керектігін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев сөз соңында Кеңестің көп жылғы жұмысын жоғары бағалап, жиынға қатысушылардың барлығына табыс тіледі.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды