Ғаламдық маңызы бар тарихи мұражайға атақты әскери қайраткерлер, маршалдар мен генералдар, төрт, үш және екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанғандардың ғана мүсіндері орнатылатыны жайлы хабардар едік. Сондықтан да, қазақстандық батырымыздың мүсінін Алматыдан алып Мәскеуге бет алған Қазақстан Республикасы «Генералдар қауымдастығының» төрағасы әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров бастаған генералдар тобымен бірге жүрген сапарда жүрек толқынысының болғаны рас. Алып лайнер аспан көгіне көтерілген сәтте тәрбиелік мәні зор шараның қалай, неден басталғанын білу мақсатымен кезінде армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен қызметтес әрі Қазақстан республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тізгінін ұстап, төраға болған генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовті сөзге тарттық:
– Биылғы ақпан айының басында Қазақстан «Генералдар қауымдастығының» төрағасы әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров пен оның орынбасары, генерал-майор Махмұт Тілегусов маған телефон шалып, кездесу керектігін айтты, – деді Әділ Шаяхметұлы. – Олар маған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің қола мүсінін жақын арада жасап, оны Мәскеудегі «Тағзым тауда» орналасқан ҰОС Орталық мұражайына мамыр айында қою керектігін айтты. «Ресейлік азаматтар асықтырып жатыр. Ал біздің қаржы іздеп бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз жоқ, бәрібір шеше алмадық», деп сөз аяғында мүсінді жасап беруге көмек сұрады. Кезінде Сағадат Нұрмағамбетов ағамыздың қарамағында қызмет еттім, соңынан дәмдес болдым, тәрбиесін көрдім, ақыл-кеңесін тыңдап жүрдік. Ардагерлер қауымдастығы басшыларының өтініштеріне ойланып қалдым. Бір-екі апта өткен соң ардагер әріптестерім әңгімені қайта қозғады, мәселенің шешілмегенін анық айтты. Содан кейін батыр ағамыздың қола мүсінін жасап беруге уәде етіп, өзім айналыстым.
Содан «Медетбек Батыр» қоры басшыларымен ақылдаса келе, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, елімізге әйгілі мүсінші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен Сергебаевпен келісімшартқа отырдық. Келісімшарт бойынша, батырдың бейнесі сомдалған мүсінді 2 айдың ішінде жасау керек деп шештік. «Медетбек Батыр» қоғамдық қорының мүшелері оның қаржысын толық төледі. Міне, бүгін біздің ұшақпен Мәскеуге алып бара жатқан қаһарман мүсінінің жай-жапсары осындай.
...Мәскеу әуежайында бізді Ресей астанасындағы Қазақстан елшілігінің ресми өкілі Дәурен Дияров бастаған топ тосып алды. Салтанатты жиын келесі күні «Тағзым таудағы» аумағы атшаптырым атақты Ұлттық орталық мұражайында түс ауа басталды. Екіжақты шуақты жүздесулерден соң «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Орталық мұражайының» директоры Александр Школьник. Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Сергей Грицев атындағы «Жеңімпаз» қоры директорының міндетін атқарушы Петр Чуйко, генерал-полковник Леонтий Щевцов, генерал-лейтенант Вячеслав Борисов сынды әскери қайраткерлер тебірене сөз сөйлеп, даңқты қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетов туралы қызықты естеліктер айтты.
Қазақстандықтар тарапына Генералдар қауымдастығының төрағасы әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова сөз сөйледі. Қызы Айсұлу мен немересі Сауық Нұрмағамбетовтерге жиналған жұртшылық айрықша құрмет көрсетіп, қол соқты.
– Әкеміздің ескерткішінің жасалуына ұйытқы болған Республикалық «Генералдар кеңесі» қауымдастығына, мүсінді жасатқан «Медетбек Батыр» қоғамдық қорына, әсіресе, соны ұйымдастырған батырдың тікелей ұрпағы, әкемнің қарамағында қызмет істеген әріптес інісі болып келетін генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлына, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қаһармандардың есімдерін өшірмей, тарихта сақталып қалуына өлшеусіз еңбек сіңіріп отырған осы мұражайдың ұжымына шексіз алғысымды білдіремін, – деді Айсұлу Сағадатқызы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, күйші, композитор Шәміл Әбілтаев пен Мәскеуде тұратын жерлесіміз Татьяна Полтавская жиналғандар алдында өнер көрсетті. Абай атамыздың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сын народа» әндері асқақтап шырқалды.
Генерал-майор Рүстем Қайдаров осы шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқан бір топ ресейлікке Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойлық медальдары мен Құрмет грамоталарын табыс етті.
«Даңқ» залындағы Отан қорғаған он сан батыр арасында халқымыздың даңқты ұлдары – Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов пен Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің қоладан құйған мүсіндері ұлтымыздың өрлігінің белгісіндей қасқайып тұрды...
Манарбек ІЗБАСАР,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты
АЛМАТЫ – МӘСКЕУ – АЛМАТЫ
Суретті түсірген автор