– Ереке, шет елде жүріп жоғары лауазым атқарған қазақтардың бірісіз. Жалпы, Алатаудың арғы бетіне қай жылдары, қандай жағдайда қоныс аудардыңыздар?
– Менің арғы аталарым Қазақстанның қазіргі Қарағанды облысының аумағында тұрған. Отызыншы жылдардағы зобалаң кезінде тағдыр дауылы айдап, Арқа жерінен Қырғызстанға қоныс аударған екен. Өзім 1961 жылы Қырғызстанның Шу облысында дүниеге келдім, мектепті сонда бітірдім. Еңбек жолын қарапайым колхозшы болып бастадым, бригадир болдым, еңбек ете жүріп, комсомолға қабылдандым. Әскери борышымды өтегеннен кейін Бішкек қаласында жоғары білім алдым. Кейінірек АҚШ-тағы Бостон университетін «Заң шығару» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Жалпы, қай елде, қай жерде жүрсе де, еңбегі мен өзінің күш-қайратына сенген адам елеусіз қалмайды. Қырғыз еліне, халқына қолымнан келгенше еңбегімді сіңірдім, аянып қалған жерім жоқ. Соның арқасында біраз лауазымды қызмет атқардық. Әлі де аттан түсе қойғаным жоқ, елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысты жұмыстарға қолымыздан келгенше атсалысамыз деген жоспарымыз бар.
– Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығына басшылық жасағаныңызға біраз жыл болды. Ол жақтағы ағайындардың хал-ахуалы қалай?
– Құдайға шүкір, ол жақтағы қандастарымыздың хал-ахуалы жақсы, ешкімнен кем өмір сүріп жатқан жоқпыз. Қауымдастық құрамында қазір 40 мың қазақ бар. 40 мың қазақтың 13 мыңы – Бішкекте, 14 мыңы – Шу облысында, 8 мыңы – Ыстықкөлде, 4 мыңы Талас облысында шоғырланған. Әр облыстағы қазақтардың көшбасшылары бір-бірін біледі, жақын қатынас орнатқан.
Қырғызстанда саяси қызметтерде, ғылымда, мәдениет, руханият, спорт салаларында жүріп елге танылған қандастарымыз жетерлік. Қазіргі Жогорку кенеш құрамында Экмат Байпақпаев пен Гүлшат Асылбаева деген екі қандасымыз депутат, Конституциялық сотта бір ағамыз бар. Еңбек ерлері, ғылым докторлары толып жатыр. Еңбек еткен, өз күшіне сенген қазақтардың жағдайы жақсы. Қазақстанмен де байланысымыз жақсы, қалаған ақпаратымызды қажетімізше ала аламыз. Қауымдастықтың қазақ тілінде шығатын «Алаш» атты газеті бар, өзіміздің баспамыз бар. Қазақтардың Достық үйі Бішкектің Орталық алаңының дәл жанында, Мәдениет министрлігінің ғимаратында орналасқан. Президент сарайына, Жогорку кенешке жақын жердеміз.
Бұған дейін төрт Құрылтайдың төртеуіне де делегация жіберген едік, бесінші құрылтайға 40 мың адамның аманатын арқалап жиырма адам келдік. Жиырма адамның жартысына жуығын белсенді жастардан жасақтадық, атажұртпен байланысын арттыра бергендері дұрыс.
– Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды ол жақтағы қандастарымыз қалай қабылдап жатыр?
– Қазақ елінде болып жатқан жаңалықтардың бәрінен хабардармыз, ақпарат алу жағынан ешқандай кедергі жоқ деп айта аламын. Әсіресе, жақсы жаңалықтарға қашаннан құлағымыз түрік жүреді. Жақында ғана ЭКСПО көрмесі басталғанын қуана қабылдадық. Шыны керек, ол жақтағы ағайын да ЭКСПО-ны бес жыл бойы жүрегіміз лүпілдеп күттік. Орталық Азияда бірінші рет біздің еліміз өткізгенін естіп, қатты толқыдық. Кеше осы жаққа жүрерде де «ЭКСПО-ны көріп қайтыңдар» деп қалды елдегі азаматтар.
– Іргедегі елсіздер, ЭКСПО-ға әдейілеп келіп кетуге ниеттілер көп шығар?
– Келеміз деп құлшынып жүргендер де, осыған дейін келіп кеткендер бар. Нақты саны туралы ештеңе айта алмаймын бірақ. Өзім екі ай бұрын сәуірде келіп, әзірлік барысымен таныстым, кеше біраз араладым.
Сәуір айында «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басшысы Ахметжан Есімовтің атына Қырғызстандағы қазақ диаспорасының атынан арнайы хат жібергенбіз. Бұйыртса, Бішкектен Астанаға «Достық» пойызын шығарып, көрмеге туристер әкелсек дейміз. Бұл мәселе қазір қарастырылып жатыр, шешіліп қалады деп сеніп отырмын.
– Сіз Жогорку кенештің екі шақырылымында депутат болып сайландыңыз...
– Қырғыздар ағайындар достыққа адал, еңбекті бағалайды, белсенді. Ең алғаш 1995 жылы Жогорку кенеш депутаттығына сайлауға түстім. Шу облысы Аксу округінен түскен жеті үміткердің ішінде 35 мыңға жуық адамның даусын жинап, бірінші орын алдым. Дауыс берушілердің 90 пайызы қырғыздар еді, ал 7 үміткердің ішіндегі жалғыз қазақ едім. Колхозда экономист болып істейтін қарапайым адамды жергілікті халық көтеріп кетті. Маған дауыс бергеніне қарап, еңбекті бағалағанын түсіндім. Менен кейін екінші нәтиже көрсеткен үміткер-
ге 6 мыңға жетпейтін адам дауыс беріпті.
Екінші рет тағы да сол округтен сайлауға қатыстым. 28 мыңнан астам дауыс жинап, тағы бір шақырымдағы Жогорку кенешке депутат болдым. Үшінші рет сайлауға Бішкектегі Университетский округінің атынан қатысқан едім. Депутаттыққа өтуге 270 дауыс жетпей қалды.
– 2011 жылы Қырғызстандағы президент сайлауына қатысуға ниет білдірген едіңіз. Алайда, жолыңыз болмады. Сол жолы неден сүріндіңіз?
– Президенттік сайлауға қатысуға ниеттенгенім рас. Бірақ тіркеу кезіндегі қиындықтарға байланысты сайлауға қатыса алмадым. Емтихан тапсыру кезінде сүріндім. Өкінішке қарай, орта мектепте, институтта орысша оқыдым, қырғыз тілі болған жоқ. Қырғызша жақсы сөйлеп, жаза алғаныммен, керемет білемін деп айта алмаймын. Сол қиындық туғызды. Дегенмен, жоғарыда айтып кеткенімдей, әлі де аттан түсе қойған жоқпын.
– Қырғызстандағы халықтың жағдайы қалай?
– Халықтың жағдайы Қазақстанмен салыстырғанда нашарлау. Қазақстанда бірінші – экономикаға, содан кейін саясатқа көңіл бөлінсе, Қырғызстанда саясат – бірінші, экономика содан кейінгі орында. Дегенмен, демократиялық бағытты бетке алып дамып келе жатырмыз, бұйыртса әлеуметтік-экономикалық ахуал да жақсара түсуі тиіс.
– Ол жақтағы ағайындар атажұртқа келуге асығып отыр ма?
– Әрине. 2000 жылы статистика бойынша алпыс мыңнан астам қазақ болсақ, қазіргі санымыз 48 мың шамалас. Екі ел іргелес болғандықтан, екіжақты қатынастар да жақсы. Әсіресе, жастар Қазақстанда оқуға, жұмыс істеуге құмар. Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Назарбаев университетінде білім алатын жастарымыз бар. Білім және ғылым министрлігі Қырғызстаннан келген қазақ жастарының дайындық курстарынан өтуіне жағдай жасап отырғаны да үлкен көмек.
Жалпы, Қырғызстандағы қазақтар Қазақстанға қоныс аударуға құлшынып отыр. Қазақтар түгілі, қырғыздардың өзі көшіп келуге қарсы емес.
– Қазақстанда туыстарыңыз бар ма?
– Отызыншы жылдары Алатау асып кеткенімізде елде қалған аға-
йындарымыз бар, соларға келіп тұрамыз. Үлкен ұлым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіріп осында қалды, Қазақстан азаматтығын алды. Келініміз – Шымкенттің қызы.
Қырғызстанда да шаруа бастан асады, қайта-қайта келуге қол тие бермейді. Зейнет жасына жеткеннен кейін Қазақстаннан шықпай қоятын шығармын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»