Медицина • 23 Маусым, 2017

Баспана мәселесін генералдарша шешу

177 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарап отырсақ, үлкен ұжым басшыла­рының өз қызметкер­­лерінің баспана мәселесін шешуі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тікелей шығатыны сирек болса да, банктің аймақтық бөлімшесі мұндай жетекші Сол­түстік Қазақ­станда әзірге жалғыз екендігін айтады. Ол – Солтүстік Қазақ­стан облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов.

Баспана мәселесін генералдарша шешу

Әр қызметкердің әлеуметтік мәселесін білетін басшы
Бүгінгі таңда үйсіз-күй­сіз қыз­меткердің жайы да болмай­тындығы, жұмысы да мандымайтыны белгілі. Әрине, қызмет бабында полиция қызметкерлеріне қойылатын талап қатаң, жұмыс та жауапты. Алайда полицияның баспана жайы да, басқа мәселесі қаперде бола бермейтіні  мәлім. 
Дегенмен, полиция генералы Берік Біләлов  басшы ретінде әрбір қызметкердің үздік болуымен бірге, жағдайы да болғанын, жұмысын да дұрыс атқарғанын  қалайтыны аян. Өйткені, өзі бір кезде осы салаға үздіктердің ішінен іріктелініп келгенін біледі.  
Қай жұмысқа жегілсе де, жауап­кершілікті ұмытпай, ізінен ілескен жас мамандарды кәсіпқойлыққа машықтандырып келе жатқан полиция генералының мансап жолы да  жеңіл емес.  
Алдымен басшы ретінде жеке құрамға қамқорлық танытып отыруы Берік Біләловтің адами болмысын аша түседі. Ол кісі осы бас­шылыққа келе салысымен бі­рінші кезекте жеке құрамның жаяу сандалмай, үйден жұмысқа, жұ­мыстан үйге автобустармен тасылуын қамтамасыз етіпті.
Ал енді жұмыс жұмысымен, одан да бөлек ұжым мүшелерінің бітпейтін әлеуметтік мәселелері, тұрмыс жағдайы тағы бар. Яғни, полиция саласына келіп жатқан жас отбасыларға, жаңа мамандардың барлығына да бірінші кезекте бас­пана керек.  
Осылайша, ІІД басшысы сер­жанттардың баспана мәселесін шешіп беруге ұмтылып отыр. Мысалы, 2017 жылы сәуір айында ҚР ІІМ Ішкі әскерінің №6637 әскери бөлімшесінің балансындағы Я.Гашек, 20А көшесіне орналасқан жатақхананың ІІД балансына бе­рілуіне қол жеткізсе, бұл қадам өз кезегінде 40 қызметкерді бас­панамен қамтамасыз етті. Биыл осы жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салғандай жар­қырай түспек. Қазірдің өзінде ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі құжаттардың жо­балық-сметалық құжаттары жа­салып, оған мемлекеттік сараптама жасалуда. Егер бұл жоспар сәтімен атқарылса, онда әлеуметтік мәселенің тағы легі шешіліп, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тұрмысы әлдеқайда түзеледі. 

Полицияға да пәтер керек
Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін үймен қамтамасыз ету мәселесінің дұрыс шешілуі үшін Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД басшылығы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен қоян-қолтық жұмыс істеп, белсенді әріптестік әрекетке баруға аса мән берді.
Мәселен, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қызметкерлері пәтерлі болудың тиімді жолдарын ұсынатын бағдар­ламаларын түсіндіру үшін генералға өтініш айтқанда, ол кісі бірден аудитория бөліп қана қоймай, қызметкерлерінің қызығушылық танытып отырғанын біліп, өзі де оларға қолдау көрсетті. Банк өкілдерінің ІІД ғимаратында кез­десуі осымен аяқталмай, нәти­жесінде насихат жұмыстарына қолайлы болуы үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қызметкерлерінің кеңес бөлмесі пайда болады.  
Ең атап өтерлігі, мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспаналы болудың талап-тәртіптері барша үшін бірдей екені аян. Алайда, генерал қала әкімдігі арқылы тұрғын үйдің әрбір шаршы метрінің бағасын 125 мың теңгеден 115 мың теңгеге дейін түсіруге қол жеткізген. 
Сонымен, үстіміздегі жылы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Орал көшесіндегі тұрғын үйден пәтер алуға Солтүстік Қазақстан облысы департаментінің 49 қызметкері өтініш берсе, қазір 9 қызметкер қоныс тойын тойлауға әзірленіп жатқан жайы бар. Алдағы күндері тағы да тоғызы баспаналы болатын болса, мұнан бөлек жеке құрамдағы 37 қызметкердің тұрғын үй мәселесін оң шешуге мүмкіндік туып тұр. 
Мұнан да бөлек, келер жылы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» бағдарламасы арқылы 72 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. 

Кез келген мамандық алдымен адамға қызмет етеді
Айтпағымыз да осы, қайда жүрсе де, қандай ұжымды басқарса да айналасына тек қайырымын тигізетін адамдар бар. Өмірді өзгертетін де ізіне жақсылық ілескен осынау жандар. 
Қазірдің өзінде солтүстікте генерал Берік Біләлов үлгісіне басқа саланың да басшылары еліктей бастапты. Банктің аймақтық бөлім­шесіне сот органдары мен зауыт­тардың жетекшілері келе бастаған.
– Берік Біләловтің  қарауында қызметкерлердің баспана мәселесіне көз жұмбай қарағанының арқасында, үйлі болудың жолдары шешіліп отыр. Бұл нағыз генералдың ісі. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де өз кезегінде бір ғана өңірдегі полициялардың ғана емес, кешенді тұрғыда бүкіл аймақтағы құқық қорғау қызметкерлерінің пәтерге қол жеткізуіне ықпал етуге дайын. Сол үшін қазір біздер ауқымды жұмыстар жүргізіп отырмыз, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова. 
Ал аймақтағы департамент қызметкерінің қай-қайсысынан сұрасаңыз да, Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығы Берік Біләловтің ішкі істер саласына ғана емес, басқаларға да үлгі екенін айтады. Облыста қандай да маңызды шаралар мен айтулы оқиғалардың бел ортасында жүреді. Өз ісін тамаша біліп қана қоймай, жұмыстың сапалы орындалуын талап ете алатын генерал жастарға да үлгі. Бірақ, бірінші кезекте қызметкердің жағдайын жасауды ұмытпайтын басшы, жұмыс сапасын осылай арттырып отыр.
Қысқасы, 2012-2015 жылдар ара­лығында Өңірлерді дамыту бағ­дарламасының аясында бүгінге дейін солтүстікте 978 пәтерлік 17 тұр­ғын үй пайдалануға берілген. Бұл пәтерлердің жалпы аумағы 59,2 мың шаршы метрді құраса, құны 7 093 миллион теңгеге болады. 
Ал 2016-2017 жылдары Сол­түс­тік Қазақстанда «Қазақ­стан­ның тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі» жүйесі арқылы жалпы көлемі 14,2 мың шаршы метрлік 220 пә­терлік 3 ғимарат салынды. Үс­тіміздегі жылға 794 пәтерлік 10 ны­­санның құрылысы жоспарланған. Нәтижесінде 1014 пәтерлік 13 тұр­ғын үйдің пайдалануға берілуі аймақтың тұрғын үй құрылысы саласында бұрын-соңды болмаған рекорд десек те болады. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»