– Қазақ еліне қош келдіңіздер!
– Рахмет.
– Алдымен өздеріңізбен танысып алғымыз келеді.
Катарина Хорн: – Негізгі мамандығым бойынша хореографпын. «ArtEZ – Hogeschool» би өнері мектебінің түлегімін. 2010 жылы Нир де Воффта, ал 2014 жылы «Schaubuhne Berlin» ұжымы құрамында өнер көрсеттім. Сонымен қатар, 2008 жылдан бері Балқан елдері шығармашылық орталықтарымен тығыз қарым-қатынастамын.
Неманья Мютик: – Ал менің түбім – босниялық серб. Актерлікке қоса би өнері мен тәлімгерлікті қатар атқарып жүрген жайым бар. Хорватия академиясында драма және қуыршақ әртісі мамандығы бойынша профессор Б.Стжепановтың шеберханасынан дәріс алдым. Биыл Берлинге қоныс аудардым.
– Білуімізше, сіздер Қазақстанға алғаш рет табан тіреп отырсыздар. Алғашқы әсерлеріңіз қалай?
К.Х.: – Сапар шегіп бара жатқан еліңнің салт-дәстүрімен, тарихымен, мәдениетімен сырттай аз да болса танысып алу, ежелден қалыптасқан әдетім. Бұл жолы да солай істедім. Атын, кең байтақ даласы туралы жақсы жаңалықтарды құлағым шалғаны болмаса, мынадай алуан айшықты мәдениеті мен өзгеше өнеріне осында келгенде көзім жетуде.
– Тағы қандай қырларымен ұнады?
– К.Х.: – Өзім биші болғандықтан осы салаға қатысты барлық қазынаны жүрген жерімде қадағалап қарап жүретін әдетім бар. Жалпы, маған қазақтың ұлттық биі ұнайды. Бұрын шамалы ғана түсінігім болса, осы жолы бұған кәдімгідей уақытымды бөлгелі отырмын. Ең қымбат олжам сол болатын шығар.
– Жастар театры сахнасында өздеріңіз ұсынған «Бейсана қауышу» спектаклінің едәуір бөлігі пластикалық қимыл-қозғалыстан тұрады. Бұл қойылымды қандай ерекшелігіне қарап таңдадыңыздар?
Н.М.: – Бұл сапарға лайық драмалық шығарманы іріктегенде алғаш таңдаудың дәл осы «Бейсана қауышу» модерн үлгісіндегі сахналық туындыға түсуі бекер емес. Өйткені, бұл Еуропаны былайғы әлемге басқа қырынан көрсете алатын бірден-бір шығарма. Еуропаның өзіне тән қағидасы, ұстанымы, табиғаты болатыны сияқты мәдениеті мен мәнерін де мұндағымен салыстыру мүмкін емес. Бұл шығарма арқылы біз екі түрлі ендікте өмір сүріп жатқан қоғамды, мәдениетті жақындатып, өзара түсіністік орнатқымыз келді. Еуропа былайғы жұрт ойлағандай адами құндылықтардан алшақтанған, жекелік, жалқылық сипаты басым жер емес.
К.Х.: – Мұны ұғыну үшін әркімнің жүрегінің түбінде не жатқанын, қалауы мен қалыбын танып алу керек сияқты. Біз осы туындымен жұртқа соны тарқатып айтқымыз келген. Бүгінде бұрынғыны мінсіз қайталаумен, белгілі бейнелерді жаңылмай жаңғыртумен халықты таң қалдыра алмайсыз ғой. Қазір бұлар жеткіліксіз. Өзің басыңмен жаңа бірдемені ойлап таппасаң, қалғанының бәрі бос. Мына модерн-драма адамның өз жанын өзі іздеп сарсылған сәтін сипаттайды. Ерекшеліктерің неде деген кісілерге біз осы қырымызды айтамыз.
– Алға қойған тағы қандай мақсаттарыңыз бар?
– Н.М.: – Алдымен, қазақстандық театрлармен тәжірибе алмасып, озат тұстарымыздан үйренсек дейміз. Ал төл мәдениетіміз туралы толық мағлұмат алу үшін бәрін өз көзіңмен көруге тура келеді. Бұл сапарға соншалық мән берген себебім, табанымыз тимеген мұндай жерлер аз емес, қаншама рухани құндылықтар, дәстүрлер бізден сырт жатыр. Баяғыдан басыңда пісіп жетілген сондай идеялардың жүзеге асуына мынадай жарқын жүздесулер тікелей жол ашады.
– Берлин драма театрында қай жылдан бері өнер көрсетіп жүрсіз?
К.Х.: – Жеке меншік өнер иелері тобына жатамыз. Бірақ түрлі театрлармен қосылып өнер көрсете береміз. Берлинде де солай.
– Қай жанрға жақынсыз?
Н.М.: – Музыка, би және сөз өнері бірлігін сақтай отырып, көбіне қазіргі заманғы жанрларда өнер көрсетеміз. Спектакльдің бір бөлігін музыкалық композициялар атқарады, бірақ оларды жеке диск түрінде шығарумен айналыспаймыз.
– «Бейсана қауышу» спектаклі не туралы?
К.Х.: – Бұл спектакль екі тағдыр арқылы екі түрлі өркениет пен мәдениетті баяндайды. Бірі Германиядан, ал екіншісі Балтық жағалауынан келген. Осы екеуінің өзара қарым-қатынасынан бөлек екі елдің мәдениетін танып-білу көзделген. Олардың айырмашылығы мен ұқсастығы неде екендігін драма бір сағатқа жуық уақыттың ішінде барынша ашып көрсетіп беруге тырысып бағады. Өмірлік жағдайлар көбіне заманауи музыка тілімен, бимен жеткізіледі. Мұнда әр елдің мәдениеті мен адами қарым-қатынастары назарға алына отырып, еліміздегі әр кездегі саяси және әлеуметтік жағдайларды, дәстүрлер мен мәдениетті баяндауға тәуекел еттік.
– Жалпы, неміс драма театрларының басқа елдердің өнер ұжымдарынан ерекшелігі неде?
Н.М.: – Неміс театрлары белгілі бір қағидалар мен ұстанымдарға тастай қатып, табандап жатып алмайды. Актерлер сахнада өздерін шектемейді, емін-еркін қозғалады, ойлайды, ойнайды. Өнерде олар үшін мүмкін емес нәрсе жоқ деп есептелінеді. Спектакль өне бойы өсіп-жетіле береді. Сахна еркіндігі деген ұғымды біз осылай түсінеміз.
– Қазақ театрлары Гете, Шиллер шығармаларын өзінің төл туындысындай сүйіп, ортақ құндылыққа балайды. Ал сіздерде бұл жағы қалай? Басқа елдің драматургтерінің пьесалары сахналана ма?
К.Х.: – Берлин әу бастан интернационалдық қала ғой, мұнда жалпы еуропалық үлгілер бөтен саналмайды және өзге халықтардың да мүдде-мұратына тосқауыл қойылмайды. Осы реттен келгенде, шетелдік драматургтердің шұрайлы туындыларына ұдайы мән беріліп отырады, әрине. Ал тікелей өзімізге келсек, дәл осы уақытта репертуарымызда тек неміс авторларының туындыларын ойнап жүрміз.
– Келешекте қазақ драматургтерін қою ойларыңызда бар ма?
Н.М.: – Мұндағы авторлармен, пьесамен тікелей таныссақ, қазақ қаламгерлері шығармаларын неге қоймасқа. Бұл соншалық шешілуі қиын күрделі мәселе болмаса керек-ті. Сондықтан, болашақта осы ойды жүзеге асыруға атсалысуға тиіспіз. Қазір өркениеттік жобалар адамзаттық ортақ құндылықтарға қызмет етуге жұмылдырылуда. Белгілі тұлға Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған І Дүниежүзілік театр фестивалі бізге жаңа әлемнің есігін ашты. Түрлі мәдениеттер мен театр дәстүрлерін тоғыстырып жатқан Астана қаласы менің есімде енді осы миссиясымен мәңгі есте қалатын болады.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толу құрметіне өтіп жатқан І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің ерекшелігі – шараға Белоруссия, Германия, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Ресей елдерінен танымал өнер ұжымдары қатысуда. Осы шараға орай біз «Бейсана қауышу» модерн-драмасымен Германияның Берлин театры атынан қатысқан Катарина Мащанка Хорн мен Неманья Мютикке жолығып, ой-пікірлерімен бөліскен едік.
Президент энергетиктерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды
Президент • Бүгін, 15:20
Қосшыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі төмендетілді
Оқиға • Бүгін, 15:11
Ауыл – біздің мәдениетіміз бен дәстүріміздің негізі - Ерлан Қошанов
Аймақтар • Бүгін, 14:34
Президент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Президент • Бүгін, 14:09
Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Бүгін, 13:24
Президент әкесі Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды
Президент • Бүгін, 13:01