Қазақстан • 28 Маусым, 2017

Әріптестер әзілі

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі журналист Қали Сәрсен­бай тек қара сөздің жорғасы ғана емес, оның оқта-текте қағыт­пасы да, қалжыңы да қатар жү­ретіні бар. Әрине, ол күн­делік­ті пендешіліктен аспайтын қарабайыр қалжың емес, ұлттың мүддесіне қызмет ететін уытты қалжыңдар.

Әріптестер әзілі

«...тәуірімін»
Бір күні кедейлік туралы әңгіме болып жатады да, жұрттың бәрі кедей болып шығады. Қалекең үнсіз қалыпты. Сонда бір досы: «Сен немене, кедей емессің бе?» дейді. Сонда Қалекең:
– Кедейі кедеймін-ау, бірақ сендерге қарағанда соның тәуірімін, – депті. 
«...қайта салып қояды»
Жігіттер бір азаматты мақтап жатады. Мақтауы келіспей жатса керек, бір кезде біреу: «Ол жыланның аузындағы шөпті алатын жігіт қой» депті. Сонда Қалекең: «Өй, алғаның не, ол оны қуып жетіп ұстап алып, аузына қайта салып қояды» депті.


«Жағың сынса да...»
Бір досы жол апатына түсіп жағы сынып, Қалекеңе көңіл сұрамадың деп ренжіп жүріпті. Содан Қалекең қолы қалт еткенде алыстағы досына ұшып барып, халін сұрапты. Досы мұны көрген соң баяғы өкпесі қайта есіне түсіп, «Жағым сынып жабырқап жатқанда неге келмедің?» деп тағы да сол ренішін айта бастайды. Сонда Қалекең: 
– Сен де қоймадың ғой. Басыңның аман қалғанына тәубе десейші. Жағың сынса да, сағың сынбасын, – депті. 
«Ұлтқа төнген қауіп...»
 Қалекеңнің үстінен атынан ат үркетін бір мекемеге тағы біреулер арыз түсіріпті. Арыз түскен соң тексерілуі керек. Қайта-қайта шақырып, оны-мұны сұрай береді. Түсініктеме жазады. Арызда «бес-алты адамға заңсыз пәтер берді» дейді. Онысы дәлел­денбейді. Содан тағы бір күні ша­қыр­ғанда шыдамы таусылған Қалекең тергеушіге: 
– Бауырым, қазақтың үйсіз-күйсіз жүрген бес-алты баласына пәтер бергеннен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр ма? – депті. 
Содан бұл мәселеге нүкте қойы­лыпты.

«...ішінде адасып кетсең...»
Бір ағайынның үш-төрт қабат үйі бар екен. Қуысы, ұңғыл-шұңғылы өте көп, үйінің ішіне кіргенше бес-алты бөлмеден өту керек. Бір досы сол кісінің үйіне қонаққа бара жатқанын мақтаныш етеді.
– Соткасын білуші ме едің? – дейді Қалекең досына.
– Жоқ, ә, оны қайтем, үйін білем ғой, – дейді. Сонда Қалекең:
– Үйінің ішінде адасып кетсең керек бола ма дегенім ғой, – депті.
 

Жиған-терген 
Сәрсен ҚАРМЫС
АЛМАТЫ