Медицина • 29 Маусым, 2017

Көз аурулары неге «жасарып» келеді?

708 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақта «Екi көзiң – шырағың» деген на­қыл бар. Адамзат баласы ақ­па­рат­тың 90 пайыздан астамын екі көзі ар­қылы алады екен.

Көз аурулары неге «жасарып» келеді?

Облыстық офталь­мо­логиялық ауру­ха­наның бас дәрігері Дулат Үдербаев – ұзақ жыл­ бойы «адам жанының айнасы» аталатын қос жанар­дың қалыпты жұмыс істеп, қы­рағылығын сақ­тау­ға септігін тигізіп келе жатқан білікті маман. Мың­даған на­у­қастың алғысын алып, мінсіз ең­бе­гі жоғары ба­ға­лан­ған дәрігер ең бастысы ти­іс­ті мерзімде тек­серуден өтіп отыру қажет деп есеп­тейді. Өз мамандығының майталманы бүгінгі өзекті мәселелерді қозғап, аурудың алдын алу, емдеуде медицинаның мүмкіндігі мол екенін айтады. 

– Iргетасы сонау 1965 жылы қаланған облыс­тық офтальмологиялық ауруханаға жетпiсiншi жыл­дардың аяғында келдім. Сол кезде көзге мик­ро­скоппен операцияны жасау ендi қолға алынып жатқан еді. Өткен ғасырдың алпысыншы-же­т­пiсiншi жылдары жасанды көз линзасын салу алғаш Англияда, Мәскеуде, Жапонияда жүзеге асырыла бастады. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында бұл әдiс бiзге де келдi. Қазiр отаның 100 пай­ызы микроскоппен жасалады. Денсаулық сақтау саласына қамқорлықтың нәтижесінде көптеген операциялар жергілікті жерде жасалады, жасанды көз бұршағын салу бiздiң дәрiгерлер үшiн күнделiктi шаруаға айналды. Денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» бағдарламалары аясында біздің аурухана көптеген заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Көзді жаңа тәсілмен емдеуді жолға қойдық. Мамандар жеткілікті. Талантты жастар өсіп келе жатыр. Дәрігерлеріміз елімізде, алыс-жақын шет елдерде білімін жетілдіруде, – дейді Дулат Өмірзақұлы. 

Бұл, бәлкім, қуанта қоймайтын дерек болар. Мамандардың пікірінше, көз дәрігерлері ешуақытта жұмыссыз қалмайды. Әлемнің қай елінде болсын, офтольмолог дәрігерлердің үлесі көбейеді екен. Оған бірқатар себептер де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша жасы қырықтан асқан адамдардың 2 пайызы су қараңғы (глаукома) кеселімен ауырады. Ұйымның деректеріне сүйенетін болсақ, 7 миллионға жуық адам осы ауруға шалдыққан, сондай-ақ, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш, екі есе артады деген қауіп бар. Алдын ала қаралып, ем­делмеген жағдайда суқараңғылық кеселiне ұшы­раған адамдар орта есеппен 4-6 жыл ара­лығында зағиптыққа душар болады. Үкiмет осы мә­селенi қаперге ала отырып, әлеуметтiк ма­ңы­­зы бар аурулардың қатарында 2011 жылдан бас­­тап глаукома кеселiн скринингтiк тәсiлмен анық­тайтын аурулар тiзiмiне енгiзген. Бұл кес­ел­дің тағы бір жаман жері көздің ішкі қысымы жо­ғары болған адам кей жағдайда көзінің ауыр­ға­нын білмейді. Бастапқы сатысы үн-түнсіз жү­реді. Сондықтан мұны анықтау үшін міндетті түр­де жасы қырықтан асқан адамдар 1 жылда бір рет міндетті түрде көз қысымын өлшетіп тұруы ти­іс. Дулат Өмiрзақұлының айтуынша, қазіргі таң­да су қараңғы ауруымен облыста 7916 науқас есеп­те тұр. 

Көздің ішіндегі бұршақтың қартаюы (катаракта) да белең алып келеді. «Біздің жас кезімізде, осыдан қырық жыл бұрын, бұл кесел көбінесе алпыстан асқан адамдарда кез­десетін еді. Қазір 40-50-ден асқандарда кез­десуде. Яғни, катаракта ке­селі жасарып ке­леді. Не себепті? Біріншіден, қа­зір экология өз­герді. Тамаққа химиялық заттар қосылды. Сон­дықтан зат алмасу процесіне бай­ланысты көз ерте қартаяды. Қартайған соң аға­рады. Екіншіден, ауадағы озон қабаты бірте-бірте жұқаруда, кей жерлері тесіліп жатыр. Бұл ультракүлгін сәулелерінің түсуін көбейтеді. Офтальмология ғылымының тағы да бір өзекті мәселесі осы», – дейді бас дәрігер. 

Өте өткір тұрған мәселелердің тағы бірі – балалар арасында, медицина тiлiмен айт­қан­да, миопия немесе жақыннан көргiштiк ке­селiнің өсуi. Бұл ауру мектепке баратын балалардың 5 пайызында кездеседi. Демек, бiлiм беру мекемесiне бiрiншi сыныпқа барған 100 баланың бесеуi көзiлдiрiк тағады. Ал, олар мектеп бiтiрген жылы бұл көр­с­еткiш 35 пайызға дейiн өседi. Бұл ғылыми-тех­никалық прогресс пен жаңалықтардың өтеуi iспеттi. Балалар бұрынғыдай асыр салып ойнамайды. Үш-төрт жасынан компьютерлiк ойындармен «сауатын» ашады. Күнi-түнi ұялы телефонды шұқылайды, теледидардың алдында отырады. Смартфонмен сағаттар бойы «сырласады». Осының салдарынан көз жақын­нан көруге қалыптасады. Бұл – балалар оф­таль­мо­ло­гиясының басты проб­лемасы. Қазір, әсіресе, қаланың балалары алысқа, аспанға, тау ұшына қарай алмайды. Көз алдында кедергі тұр. Дәрігердің айтуынша, таудың ұшар басына немесе алысқа қараған кезде көздің бар­лық бұлшық еті босаңсып, қа­лыпты жұмыс іс­теуіне мүмкіндік береді екен. Ал жақыннан қараған кезде, көздің бұлшық еттері тарылып, жақынға жұмыс істеуге бейімделеді.

– Сау көз қандай болуы керек? Вьетнам хал­қын­да «Денсаулық – адам мүшелерінің үн­сіздігі» деген мақал бар. Басыңыз не жү­ре­гіңіз ауырмаса, ол мүшелердің ауыр­т­палығын сезінбейсіз. Адам­ның сау мүшесі немесе ағзасы өз жұмысын «үнсіз» атқарады. Сол сияқты сау көз де ауырмай­ды. Егер көз немесе оның айналасы, қа­бақ үсті ауырса, бұл оның қабынуынан немесе көз қысымының артуынан хабар береді. Жалпы, ауыр­сыну сезімі – сол мүшедегі бір өзгерістің пай­да болуы туралы алғашқы белгі. Елемей қоя салуға болмайды. Сау көз қышымайды, қы­зар­майды, алыстан да, жақыннан да жақсы көреді. Сау көз іріңдемейді, жасаурамайды, тіке алысқа қа­р­аған кезде көру аумағы 180 градусты қамтуы ти­іс, – дейді Дулат Өмірзақұлы. 
Бiлiктi басшы Дулат Үдербаев жетекшiлiк ете­тiн облыстық офтальмологиялық ауруханада бүгінде микрохирургиялық операцияның 27 түрі және лазерлік отаның 10 түрі жасалады. 

Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан» 

Шымкент