05 Қазан, 2011

Бөтен бала болмайды

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Біздің елімізде мүмкіндігі шек­­теулі балаларға мемлекет тара­пы­нан көрсетілетін қамқорлық талап деңгейінде. Мәселен, «Мүмкін­дігі шек­­теулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмек көрсету туралы» және «Қа­зақстан Республикасының мүге­дек­терді әлеу­­мет­тік қолдау тура­лы» Қазақ­стан Рес­­публикасының заң­дарына орай елімізде бұл ба­ғыт­та бірқатар ауқымды іс-ша­ра­лар жү­зеге асы­рылуда. Бұл орай­да атап айтар­лы­ғы, мүге­дек­тік­ке шалдық­қан балалар мемлекет тарапынан жү­йелі түр­де көр­се­тілетін көмек­пен, қам­қор­лықпен ғана шектеліп қал­мауы тиіс екендігі айдай ақиқат. Сондық­тан да, айықпас дертке шал­­дыққан бала­лар­дың қозғалыс мүм­кін­дігі шектелгенмен, олардың жан-дүние ке­ңіс­тігі аясының тары­лып, күйзе­ліс­ке ұшырауына жол бермеу – оларды қоршаған орта­ның, қалың көпшіліктің басты міндеті. Бір құптарлығы, қиындыққа тап болған бүлдіршіндер өміріне қуа­ныш әкеліп, оны мүмкін­ді­гі­н­ше кө­ріктендіруге ұмтылушылар қатары уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Мәселен, Алматы қала­сын­дағы «Юраниун уан» компа­ния­сының (бас директоры Марат Ниетбаев) қайырымдылық бағы­тын­дағы іс-шаралары көпшілік та­рапынан жо­ға­ры бағалануда. Ком­пания ұжымы Алматы қала­сы­ның Медеу ауда­нындағы 180 мүгедек балаға қар­жы­лай көмек берумен қатар, олар­дың дүниета­ны­мын кеңейтуге, мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне де өз тарапынан игі ықпал етуде. «Атамұра» баспасынан шық­қан мазмұны терең әрі қызықты кітап­тардың балаларға сыйлық ретінде ұсынылуы соның айғағы. Мұндай құнды сыйлықтардың арасында ұлт­тық салт-дәстүр, әдет-ғұрып ту­ра­лы мемлекеттік тілде жазылған туындылардың басымдық таны­туы­ның маңызы зор екендігі айтпаса да түсінікті. Және мұндай тарту­дың 180 баланың әрқайсысына ар­налуы олардың өздерінің ғана емес, ата-аналарының да көңілін шексіз қуанышқа бөлегендігі сөзсіз. Медеу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ла­малар бөлімінің мүмкіндігі шектелген балаларға үйде әлеуметтік кө­мек көрсететін бөлімшесінің мең­геру­шісі Гүлнәр Шайықова­ның да демеушілерге айтар алғы­сы шексіз. Оның өзіндік себебі де жет­кілікті, өйткені әлеуметтік көмекке, қам­қор­лыққа ғана емес, жүрек жылуы­на да зәру балалар үшін демеушілер ізгілігі мен қайырым­ды­лы­ғы­ның орны бөлек. «Фармаактивт» компаниясы (бас директор Әлия Исаева) ауру ба­ла­ларды қа­жет­ті дәрі-дәрмектермен үш жылға жуық қамтамасыз етсе, ал «Шаллер Қа­зақ­стан» компа­ния­сы (бас директор Елена Парлаян) балалар­ға бес жыл бойы қаржылай көмек беруде. – Қазіргі кезде біздің ауданда мүмкіндігі шектеулі төрт жүзден астам бала тұрады. Оның 180-не үйде әлеуметтік қызмет көрсеті­ле­ді десек, олардың арасында отызға жуық отбасының тұрмыс жағдайы төмен деңгейде. Әрине, мүгедек­терге мемлекет тарапы­нан көрсеті­летін қамқорлық аясы кеңи түсуде. Жыл басынан бері ортопедия орталығынан 23 балаға аяқ киім және арнаулы корсет алу­ға жолдамалар берілді. Сон­дай-ақ педаго­ги­калық және пси­хологиялық ке­ңес­тің шешімі бо­йынша сексен төрт бала үйде оқы­ту және тәрбие алу жәрдем­ақысын алады. Соны­мен қатар, тоқсан үш отбасы жылына бір рет берілетін ақшалай мате­риал­дық көмекті пайдалануда. Сөз реті келгенде айта кететін тағы бір жәйт, бөлімше маман­дары білім беру, денсаулық сақтау және үкімет­тік емес ұйымдармен бірлесіп, әлеуметтік оңалту және сауықтыру бағдарламаларының са­па­сын жақ­сарту­ға одан әрі жетілдіруге басты назар аударуда, – дейді Гүлнәр Шайықова. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.