Аймақтар • 29 Маусым, 2017

Қызылорданың «Қызыл кітабы...»

8367 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір Сыр бойын мекен еткен жолбарыс туралы айтсаңыз, ертегі сияқты қабылдайтындар бар. Болған, құрыған... Тағы бір елу жылда арқар мен қарақұйрықтың да осы кепті кимесіне кім кепіл? Қолда бар байлықты толықтай түгендеп шыға алмасақ та, бірсыпырасын елдің есіне салайық, сол арқылы оларды сақтауға үндейік деген ниеттен туындап еді бұл жазба...

Қызылорданың «Қызыл кітабы...»

 

Тұран жолбарысы туралы      не білеміз?
Бір заманда Сырдың бойында жолбарыс жүрген дейді. Ну тоғай мен нар қамыстың арасында өмір сүрген дала тағысы атан түйені бір ғана қимылымен жығып алатынын, нән бұқаны адымын аштырмай қуып жетіп, жайратып салатынын айтады білетіндер. Ал Сырдағы соңғы жолбарыс 1950 жылға дейін болғанына куәлік ететіндер бар. Сол жылы аңшылар дария бойынан ең соңғы жолбарысты атып алыпты. Нақты саяхатшылардың да естелігінен мысал келтіруге болады. Мәселен, ХІХ ғасырдың ортасында ғұмыр кешкен поляк саяхатшысы, суретші Бронислав Залесский «Арал мен Сыр бойындағы нар қамыстарды жолбарыс атаулының ең көрікті тұқымы мен қарағұрым қырғауыл мекендейді» деп жазып кетіпті. Тағы бір поляк Адольф Янушкевич Балқаш пен Шудың маңында да жолбарыстардың өмір сүргенін жазады. Шу дегенің мына тұрған жер емес пе? Сол себепті, ол жолбарыстың Сырда да болуы заңды деп білеміз. 
Ал капитан-лейтенант Иваншинцев «Сырдария, Арал маңындағы дала жайында» деген кітабында «Ақмешіт аймағынан жолбарыстарды жиі көресіз. Біз олардың жағалауға жақын жерде және қамыс арасынан ізін көрдік. Бірде таңертең біздің теңізшілер сол ізге еріп, қамыс арасынан жолбарыс жеп кеткен еліктің сүйегін тапқан. Өліп жатқан еліктің жанында жолбарыстың ізі сайрап жатты» деген деректі келтіреді. Мәди Кереев деген ғалым өткен. Осы кісі Тұран жолбарысының түп-тұқымы мен тамыры турасында, кейінгі тағдыры жайында тыңғылықты зерттеу жүргізген. Ақмешіт атырабындағы соңғы жолбарыс өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін Сырдарияның төменгі ағысында күн кешті дегенде, біз осы кісінің еңбек­теріне табан тіреп отырмыз. Ең өкініштісі, жолбарыстың осы тұқымы жайында ғылыми айналымға ешқандай еңбек енбей қалып отыр. Әлі күнге дейін аңыз бен аңшылардың әңгімесінен әрі аса алмай келеміз. 
«Қызыл кітапқа» енген қандай жануарлар бар?
Орыс географы Лев Берг Арал айма­ғына арнайы экспедиция жасапты. 1857 жылы Санкт-Петербургте шығатын «Теңіз жинағы» журналында оның «Сыр жағасындағы жолбарыстар туралы» атты мақаласы жарияланады. Сонда ол «Өзен жағасында, ауыл айналасында, жайылымдарда ала шұбар жолбарыс жортады. Ал қамысында қабандар, даласында – қызыл қасқыр, түлкі, қояндар, шығысқа қарай – елік, құландар, Перовск маңында – маралдар кездеседі» деп жазыпты.
Тұран ойпатының бір кездері жан-жануарларға, аң-құстарға тұнып тұрғанын осы бір деректен айқын білуге болады. Аралының айдыны тартылып, одан ұшқан тұз Антарктидаға жетіп, Байқоңырдан ғарышқа бет алған зымыран аспан қабатын қырық жамау қылған Қызылордаңыздың кейінгі жылдары экологиялық аймаққа айналғанын біз айтпай-ақ білесіз. Осыдан кейін ен далада еркін жүрген Жаратқанның ерке жануарлары жайында бірдеңе деудің өзі артықтай көрінеді. Дегенмен, жаны сірі жануарлар әліге дейін Ақмешіт атырабында күнелтіп жүргеніне шүкір етеміз. Осы орайда, Қызылорда облысында Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірген жан-жануар, аң-құстың қай түрлері кезігетінін айта кеткен абзал шығар.
1993 жылдың қысы сұмдық суық болды. Ақбөкеннің тоңғаны сонша ауылға кіріп кеткенін көрдік. Құдай жаратқан тіршілік иелерінің арасындағы ең жәһалі адам шығар-ау. Өйткені, далада мылтықтың нысанасына ілініп, тек мүйізі ғана қырқылып алынған бөкендердің тау-тау болып үйіліп жатқанына өзіміз куә болған едік. Көбісі бауыздалмаған күйінде қалған. Көктемде ауылдың айналасындағы дала қан сасып кетіп еді. Содан кейін ақбөкеннің қатары тым сиреп кетті. Кейінгі бес-алты жылдың мұғдарында ғана ен даланың еркесі қайта көбейіп, тұяғымен дала төсін дүбірлете бастаған-тын. Оның өзіне төтеннен ауру келіп, қайбір жылы қынадай қырылып қалғанын ел біледі. Әйтеуір, бүгінде ақбөкеннің етін тапқан ғана жейтін жағдайға жеттік. 
Қызылордада түркімен құланы мен торғай кермаралы, қарақұйрықтың сақталғаны да жазылған. Түркімен құла­нының Арал маңында, Барсакелмес жағында өсетінін білеміз. Оның өзін сұқ көзден қорғап, баладай мәпелеп өсіріп жатыр. Торғай кермаралы мен қарақұйрыққа да сондай жағдай жасалған. Ал енді шағыл мысығы деген жануардың қандай болмағын көзіміз көрмепті. Дей тұрғанмен, аймақта мысық тұқымдас осындай да жануар бар екен. 
Ұлы теңіз көзден бұл-бұл ұшты ғой. Оны енді қайта қалпына келтіру адам­заттың қолынан келе ме, келмей ме, ол арасы белгісіз. Бірақ кіші Аралдың табанына су жеткенін естіп, біліп, көріп жүрсіз. Кіші Аралда бүгінде балықтың 30-ға тарта түрі өседі. Солардың ішіндегі ең бағалысы Арал қаязы. Өйткені, ол да «Қызыл кітаптың» құрметті «қонағы». Бұдан бөлек, Сырда сирек құстардың да түрі көп. Санамалап беру керек болса, айтайық. Мысалы, қызғылт және бұйра бірқазан, қоқиқаз, алакөз қара ала үйрек, жыланшы қыран, сұңқылдақ аққу, мәрмәр шүрегей, аққұйрық су бүркіті, ителгі, лашын, кәдімгі дала бүркіті, қарақұс, ақбас тырна, таз тырна, дуадақ, безгелдек, жек дуадақ, тарғақ, қарабас өгіз шағала, қарабауыр буылдырық, ақбауыр буылдырық, қоңыр кептер, ұбақ, үкі секілді 25-тен аса құстың түрі бар. 
Осындай оңай олжа аңшылардың көзін қызықтырмай тұрмайды дейсіз бе? Төтеннен келіп төңкеріп кетуге әркім-ақ құмар-ау. Десек те, «Қызыл кітапқа» ен­ген жануарлар мен аң-құстарды көзінің қарашығындай сақтап, баптап отырған мамандар бар. Олардың ұзын саны 20-ға тақау. Осы инспектор вахталық әдіспен аймақтағы аң-құстарды қорғаумен айналысады. Әл-әзір сирек жануарлардың нысанаға ілінгені туралы ақпарат құлағымызға жеткен жоқ. Бұл солардың тыңғылықты жұмысының нәтижесі дер едік.

Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы