Әдебиет • 30 Маусым, 2017

«Алмаға ат байлаған» қандай ерлер?

821 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

...«Азаулыда аға болған ерлер көп еді, Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді...». Бұл кімнің жыры? Біліп отырсыздар. Өзінің деңгейін аңғартқысы келгенде: «Азаулының Аймадет Ер Доспанбет Ағаның Хан ұлына несі жоқ, Би ұлынан несі кем...», дейтін әйгілі Доспанбет жырау.

«Алмаға ат байлаған» қандай ерлер?

Заманында өзі жырау, өзі батыр болған Доспанбеттен бізге жеткен жауһар жыр аз емес. Соның ішінде естіген жанның ойынан шықпайтын жоғарыдағыдай «...Алмаға ат байлағаны жоқ еді» дейтін бір жол бар. Сонда осы «алмаға ат байлау» деген не сөз? 
Алғашқыда «мүмкін алма ағашқа ат байлағанды» айтқан шығар деп те ойлауға болады. Бірақ, мүмкін емес, қисыны жоқ. Онда неге жырау айтқандай «Азаулының көп Ағаларының» бәрі сол алма ағашқа ат байлай бермейді? Бұл жерде «Алмаға ат байлайтындар» таңдаулы болып тұр емес пе. 
Сөзді ұзарта бермей, «тәпсірімізге» келейік. Ол үшін алдымен сол заманға сәл ой жүгіртсек. Доспанбетті айттық, өзі жырау, өзі батыр. «Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастаған» ел ағасы. Әдетте мұндай ер қайда жүреді? Ханның ордасында, алқалы жиынның ортасында жүрмек қой. Ал хан ордасы – қарашаның киіз үйі емес. Бейсауат адам іргесін бас­пайды. Ол ғасырда да хан, билердің, ел ағаларының ордасында қазіргідей күзет бар, сақтық бар, тәртіп бар. Ат тұяғының дүбірі естілмес тұста мама ағаштар тұрады. Орданы бетке алғандардың аты қайда байланады? Әрине, Орда тұсындағы мама ағашқа байланады. Міне, біздің «алмамыздың» төркіні осы мама ағаш. Бұл мама ағаш, ауызекіде «мам-ағаш», тіпті «ма-ағаш» деп те айтылады. Күмәндансаңыз, осы бағыттағы зерттеу еңбектерді қарап алыңыздар. Енді «Ал» деген алғашқы буынға оралайық. Доспанбеттің өз жырында да «Зерлі орындық үстінде, Ал шымылдық ішінде, Аруды сүйдім өкінбен» деп айтылады. Тіпті, бертінгі Кеңес уағында да оқушылар «алқызыл галс­тук» деп көп сайрады. Яғни, «ал» дегеніңіз – қызыл, алқызыл, шымқай қызыл деген мағына береді. Демек, Доспанбеттің айтқаны – қызыл мама ағаш. Қашаннан Орданың өзі ешқашан жалғыз шошайып тұрмайды. Үлкен ордадан тыс бірнеше кіші ордалар тұрады. Әрқайсысының сыртында, аулақтау тұста арнайы мама ағаштары бар. Олардың өзі әртүрлі, әр түсті. Соның ішінде Басты орданың мама ағашы – қызыл мама ағаш, яки «ал мама ағаш» (қазіргі түсінікке ыңғайласақ, шлагбаумы бар, «охранасы» бар кәдімгі «вип-парковка»). Бұл «ал мама ағашқа» екінің бірі емес, Доспанбет сияқты «туған айдай нұрланып, дулыға киген» батыр Ағалар ғана ат байлаған. Сондықтан да ол «Азаулыда Аға болған ерлер көп еді, Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді» дейді. Әрине, ұғынықты болуы үшін «мама ағаш» тіркесін біз кейін қосып алдық. Соның өзінде қазір мама ағаштың не зат екені түсінікті болғанымен, оның қандай болатыны ұмытылды. Әйтпесе, ертеректе ағашты қоспай-ақ «ал маманың» өзі жеке қолданыста еді ғой. Енді ауызекі тілде осы «ал маманың» келе-келе, «ал мамға», одан кейінгі жыршылардың бір-бірінен қағыс естуімен, я жыр буыны сәйкестігімен «алмаға» айналып айтылуы заңдылық емес пе. Біз қазірдің өзінде «мама ағаш» деп айтсақ, онымыз «мам-ағаш» болып естіледі. 
Хош, осы тұстан тоқталайық. Келіссеңіздер, Доспанбет бабамыздың «Алмаға ат байлауының» сыры осы. Бұл тақырыпты қозғауымыз да себепсіз емес. Жақында бір сайттың жазбагері «алмаға ат байлауды» өзінше бұрмалап (бәлкім, елге түсінікті қылайын деген шығар), «аламанға ат байлаған» деп те жіберіпті. Соны көрген сәтте жадымызда жүрген осы «тәпсірімізді» дереу назарларыңызға ұсындық. Доспанбет бабаның «Алмаға ат байлағаны» енді түсінікті болды ғой. Ендеше, оны «Аламанға ат байлаған» деп қолдан өзгертпей-ақ қойсақ қайтеді?!.

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ
 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20