Мистер Монстереоның иесі енді оның жаңа өмірі басталады деп қуанып отыр. 1974 жылы жасалған фортепиано бірнеше ел мен қаланы асып, екі жыл бұрын Қарағандыға көшкен екен. Иесі – Валентина Евстухова таяу күндері қоныс аударатын болғандықтан, «Play me, I’m yours» бүкіләлемдік науқанын қолдап, аспапты көшеге шығарып, ел игілігіне жаратуға бел буған. Оның ескі бояуын қырып, жауын-шашынға төзімді ашық-сарғыш түсті ерекше бояумен әрлеген.
– Аспапты өзіммен алып жүргім келмейді, ал оны қалдыратын ешкім жоқ, таныстарым ойнай да алмайды. Сондықтан, сатуды не біреуге сыйлауды ойладық. Кейін анамның есіне түрлі елдерде музыкалық аспаптарды әрбір адам ойнай алу үшін қала көшелерінде орнатылатындығы түсті. Одан соң мен ғаламтордан «Play me, I’m yours» деген атаумен жалпы қозғалыс бар екенін білдім. Осы қозғалыстың сайтына кіріп, осы акцияны қолдаған қалалар мен елдер белгіленген әлем картасын көрдім. Олардың қатарында АҚШ, Еуропа елдері, Жапония, Қытай бар екен. Мен жоба авторларына хат жаздым, олардың сөзінше осы картаға ену үшін қала бойынша кем дегенде 10 фортепиано орнатылуы тиіс. Өкінішке қарай, біз бұл қозғалыстың қатысушысы атана алмадық, – дейді Валентина Евстухова.
Осыдан кейін ол өз идеясы туралы достарына айтқан. Құрбысы аспапты бояп, безендіруге көмектессе, жиһаз фирмасы Мистер Монстереода ойнайтын азаматтар үшін орындықты дайындаған. Сәулетші досы фортепианоны «Арбат» сауда үйінің алаңына орналастыру үшін компьютерлік жоба жасаған.
Музыкаға жастайынан әуес жан аспаптың тағдырына осынша алаңдағандығы бізді қатты толқытты. – Біреулер бізді аспапты қалпына келтірушілер деп ойлайды, екі әйел өз фортепианоларын ақыға жөндеп беруімізді сұрады. Біз баршаға жобаның коммерциялық емес, жан дүние үшін жасалып отырғандығын айтып түсіндіреміз. Қала тұрғындары қызығушылық танытуда, – дейді Валентина.
Мистер Монстерео жаз соңына дейін тұрады деп жоспарлануда. Қыста ол ғимаратқа кіргізіледі. Аспап жақсы күйде сақталса, күн жылынған соң қайта аулаға шығарылып, кез келген адам онда қайта ойнай алады.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы