Әдетте, «Егеменге» келетін арыз-шағымдар, хаттардың басым көпшілігі сотқа немесе басқа құқық қорғау органдарына деген өкпе-реніш әйтпесе наразылық жөнінде болар еді. Оның себебі де жоқ емес. Біздің қоғамымызда әділеттілікке қарсы әділетсіздік, заңдылыққа қарсы заңсыздық жиі орын алатыны рас. Ал сонау Ақтаудан ат сабылтып келген, өзін Әбдіғалиева Гүлжанмын деп таныстырған азаматшаның айтары басқа екен.
Мен 2008 жылы желтоқсанда Ақтау қаласындағы 31-ші шағын ауданнан 4,7 гектар жер сатып алған едім, – дейді ол бізбен әңгімесінде. – Бұл жер телімі «Компания Дукат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінікі екен. Қажетті құжаттардың бәрі тексерілді. Заң бойынша екіжақты сату-сатып алу келісім-шарты жасалды. 2009 жылдың 17 ақпанында Маңғыстау облыстық әділет департаментінде тіркеліп, 304 429 реестр нөмірі берілді. Ал сол жылдың 30 наурызында Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі тарапынан маған жер учаскесіне меншік құқын беретін №0110296 акт берілді. Жер учаскесін сатып алар кезде жерді сатушы «Компания Дукат» серіктестігі тарапынан барлық құқық белгілеуші құжаттар нотариатқа ұсынылған болатын. Бір сөзбен айтқанда, екіжақты сату-сатып алу келісім-шарты барлық заңдылықтарды сақтай отырып жасалды. Сондықтан мен өзімнің аталған жер учаскесінің заңды иесі екеніме сенімді болдым... Сөйтсем, – дейді Гүлжан Әбдіғалиева сөзін жалғастырып, – арада екі жыл өткен соң бұл жердің «үшінші» иесі пайда болыпты. Биылғы жылы сәуір айында мен аталған жер учаскесін туысым Сабыр Мұқағали Айтуарұлына сыйға тартпақшы болдым. Сыйға беру жөнінде келісім-шартты жасатар алдында халыққа қызмет көрсету орталығынан «кепілде жоқ» деген бір күндік анықтама алуымыз керек болатын. Ол жердегілер бұл анықтаманы бермей, маған БТИ-ға баруға кеңес берді. Салып ұрып сол жерге барсам, ондағылар: «Сенің меншігіңдегі 4,7 гектар жер учаскесіне қатысты құжаттар сотта жатыр», дегенді айтты. «Жазған құлда шаршау жоқ». Сотқа барып жолықтым. Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Д.Сейітов маған барлық жағдайды егжей-тегжейлі таныстырып, осы жер учаскесіне қатысты үшінші жақтың, яғни «Казкоммерцбанктің» пайда болғаны жөнінде айтты. Дегенмен, 4,7 гектар жерге қатысты материалдармен танысу үшін алдырған судья оны БТИ-ға қайтаратыны жөнінде мәлімдеді. Мен жоғарыда айтқандай, Сабыр Мұқағали Айтуарұлына жер учскесін сыйға тарту жөніндегі келісім-шартты заңға сәйкес рәсімдестірдім. Бірақ, одан мәселе шешіле қойған жоқ. Көп ұзамай, «Казкоммерцбанк» сотқа талап-арыз түсірді. Бұл талап-арызда «Компания Дукат» серіктестігімен менің, яғни Гүлжан Әбдіғалиеваның арасындағы сату-сатып алу туралы келісім-шартты заңсыз деп тануды сұраған.
Осы орайда, біз Гүлжан Әбдіғалиевадан аталмыш жерге байланысты «Дукатпен» сіздің араңыздағы жасалған келісім-шарт заңдылыққа негізделіп жасалды, деген жоқ па едіңіз деп сұрадық.
– Біздің «Дукат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған екеуара сату-сатып алу жөніндегі келісім-шартта мүлтік жоқ. Бәрі заңды әрі негізді. Бұл жерде мәселе басқада. Уақытында «Дукат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4,7 гектар жерді кепілге қойып, аталған банктен ақша алған. Осыған байланысты құжаттардың түпнұсқасы банкте сақталған. Бірақ компания тарапы жерді маған сатар кезде құжаттарды жоғалтып алған болып, дубликатын шығартып алған. Осы орайда айта берсе, әңгіме көп. Бұл істің егжей-тегжейін сот анықтады және істі қараған Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Д.Сейітов банктің талап-арызын қанағаттандырмады. Керісінше, менімен «Дукат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы сату-сатып алу келісім-шартын заңды деп табатын шешім шығарды. Ал «Казкоммерцбанк» пен «Компания Дукат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы жағдайды тиісті орындар тексеріп қалар. Мен осы бір проблема басталған кезде біраз қиналып қалған едім. Жоқ, әділдік бар екен. Сот бұл істе әділетті шешім шығарды.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, «Егеменге» келетін хаттардың басым көпшілігі арыз-шағымдар ғана болушы еді. Бұл ретте, «сонау Ақтаудан ат сабылтып келген Әбдіғалиеваның айтпағы басқа екен» дегеніміз осы еді.
Шарафаддин ӘМІР.