Ұлттық спорт • 01 Шілде, 2017

«Қазақстан Барысында» төрешілер әділдік үшін кепілдікке ақша төлейді

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

​​​​​​​Шалқар Жоламанов қазақ күресінің өкілі. 2011, 2012 жылдары «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің күміс және қола белбеу иегері атанғанынан жанкүйерлер хабардар. Соңғы рет 2013 жылғы сында жарақат алып, кейіннен бозкілемнен көрінбей кетті. Алайда балуан Шалқар Жоламанов спорттан алыстап кеткен жоқ. Бүгінде ҚР Қазақ күресі федерациясында төрешілер комитетіне төрағалық етеді. Турнир қарсаңында хабарласып, пікірін білген едік. 

«Қазақстан Барысында» төрешілер әділдік үшін кепілдікке ақша төлейді

– Шалқар аға, қазақ күресі уақытпен бірге қарқынды түрде қарыштап дамып келеді. Сіз күрескен кез бен қазіргі күресте айырмашылық байқала ма?

 – Мен 2012 жылы күрестім ғой. Содан бері пәлендей бір өзгеріс болды деп айта алмаймын. Бұл сында күресіп жүргендер самбо, дзюдо күресінің жігіттері. Басқа спорттан «Қазақстан Барысына» қатысып жатқан ешкім жоқ. Жүлделі орындар да айналдырған 10 балуанның арасында айналып жүр.

– Жүлделер 10 балуанның арасында жүргені  өзгелердің осалдығын байқата ма?

– Бізде сол 10 балуаннан асып түсіп жатқан ешкім жоқ қой. Болса, кімді айта аласыз? Дегенмен, Бейбіт Ыстыбаев жігіттік танытып биыл жарысқа қатыспай, басқа балуандарға жолын берді. Сол сияқты шымкенттік Жұманазар Ерсұлтанов та соңынан ерген інілеріне жол беріп, азаматтық танытты. Осылай-осылай жастарға жол ашылып келе жатыр. Қалған мықты балуандар бозкілемде әлі жүр. Бір жағынан олардың жүргені дұрыс. Жастар сол балуандарды жеңуге тырысып, алдарына биік мақсат қойып келеді. Былайша айтқанда жастарға серпін береді.

– Арман Шораев бір сөзінде «Болашақта «Қазақстан барысына» іріктеуді рейтинг арқылы өткізуіміз мүмкін» деп еді. Рейтингпен қатыстыру бізге не береді?

– Өткенде Арман Төлегенұлымен осы рейтинг туралы ақылдасқанбыз. Менің ойымша, бұл жүйе қазіргі уақытта бізге келмейтін сияқты. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай «Қазақстан Барысына» қатысып жатқан балуандардың көбі самбо, дзюдо күресінен келгендер дедім ғой. Олар рейтинг жинау үшін міндетті түрде қазақ күресімен шұғылданып, қазақ күресінен өтетін турнирлерге қатысып, ұпай жинау керек болады. Ал, мына жақта олардың өз спорт түрлерінен олимпиада, әлем, Азия чемпионаттарына қатысу керек болады. Рейтинг, жинай алмаса «Қазақстан Барысына» қатыса алмай қалады. Олар турнирге қатыспаса, жарыс көрігі қызбайтыны белгілі. Сондықтан, осы жайттың бәрін сараптап, ақылдасып, ойласа отырып болашақтың еншісіне қалдырдық. Бірақ, түбі осы рейтингке келетін сияқтымыз.

– Сіз төрешілер комитетінің төрағасысыз. Биылғы төрешілік жағы қалай болады? Кейде белдесулерден соң жанкүйерлер арасында ұпайын бермей қалды деген сөздер сіздердің бағыттарыңызға қарай айтылып жататыны жасырын емес...

– Биыл да төрешілік жағынан алып бара жатқан аса қатты өзгеріс жоқ. Тек бір жайт, финалдық бәсекеде төрешілер жаңа ережеге сай, алдын ала 200 000 теңге жарна төлейтін болады. Жыл басында бүкіл республика төрешілерін жинап, олардан емтихан алып іріктедік. Араларында сүрінгендері де болды. Сыннан өткен 12 төрешіні финалдық белдесуге дайындадық. Бірақ, финалда әлі кімдер шығатын анықталмады. Оны ертең жарыс алдында анықтайтын боламыз.

– «Қазақстан Барысының» финалында төрелік ететіндер жарна төлегені қаншалықты дұрыс? Нәтиже жемісін береді деп есептейсіз бе?

 – Әрине, жемісін береді деп ойлаймыз. Финалда қазылық ететін төрешілердің өзі өз облыстарынан келген балуандармен бір залда жаттығып, оларға бапкер болғандар. Сол үшін белдесу кезінде өз жағына бұра тартпас үшін, әділ төрелік ету үшін олардан 200 мың теңге жарна алып отырмыз. Меніңше, ол да аз ақша емес. Егер, кездесу жанжалсыз, талас-тартыссыз өтсе, онда сол төрешіге 200 мың теңгесін қайтарып, үстіне 350 мың теңге сыйақы қосып беретін боламыз. Жалпы, өз басым мұны дұрыс жүйе деп есептеймін.

 

Әңгімелескен Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»