(Өмір, өнер, өнерпаз туралы толғаныс)
Көгілдір кеңістікке көз қарашығым талғанша қарадым. Қос жанарым Жаратқанның аппақ нұрымен суарылып, нәрленіп, тыңайып қалған халдемін. Қас-қағым сәттегі сұлу дүниені көкірегіне көшіріп алу үшін де Тәңірі кісі баласына жанар сыйлаған болар-ау. Осынау кеңістікті көзі бола тұрып көрмеу қылмыс қой. Атар таңның аппақ нұрына, шығар күннің алқызыл шапағына малынып отырып жазылған әркім де көруге тиісті, тіпті міндетті осы картинаны әркім әрқалай қабылдар. Бірақ, адамның жан дүниесін нұрландырып жіберетін әсері ортақ болуы керек. Даңқты суретші Ерболат Төлепбайдың «Пайғамбардың ақ бұлты» картинасын көрген сайын мен осындай көп ойдың, көп әсердің жетегінен бірнеше күн шыға алмай жүремін. Шын мәніндегі суреткер болып ғұмыр кешу неткен бақыт еді деп ойлайсың. «Рухани биік кісі – ұлттың ұйытқысы» дегенде Қадыр ақын өлеңді оқи білген, суретті көрген, жалпы, өнерді бағалаған адамды айтқан болар-ау. Аппақ әлем, аппақ сезім, аппақ нұр, аппақ көңіл-күй, байтақ бір әлем көз алдыңда көлбейді. «Дүние неткен жап-жарық, осындай ма еді бұрын да», дегенде, Қасым ақын осынау бір көз де, көңіл де тоймайтын ынтызар сәттің шуағына шомылып тұрып айтты ма екен!? Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың әлеміне мен осы ой үстінде келіп кірдім. Егер Ерболат болмаса, әлгі жан сарайыңа рухани қуаныш сыйлар, көңіліңе бір серпіліс сазын алып келер көріністі кім сыйлар еді!? Сол сияқты егер Жолжақсыновтар болмаса, қазақ сахнасының да бір кірпіші кем қаланған болар ма еді?! Әп дегеннен неге бұлай биік, асқақ сөйлеп кеттік?! Себебі, талантты талант қана түсінеді деген бір бұлжымас қағида бар ғой. Шын талант туралы қалам тербесең, өзіңнің де көкірек көзің ашылып, әр қияға өрлейтін бір күйді бастан кешерің және бар. Сондықтан да шу дегеннен бір-біріне жарығын түсіріп жүретін жүйріктер туралы ойдың санадағы салқындықты сыпырып тастап, таланттың қыры мен сырының ақиқаты салыстыру арқылы мәлім болатынына еріксіз ден қойдық. Өмірде азды-көпті түйгенімізге салып айтсақ, кең талант деген болады, кем талант деген болады екен. Кең талант, бұл – көл-көсір талант. Мәселен, ол актер болса, сахнаға шыға келгенде бір сәуле шашып кетеді, ол ән салмаса да ел ән тыңдағандай күй кешеді, ол сөйлемесе де сөйлеп тұрғандай болады, қысқасы жұртты, өнер деп соққан жүректі нұрға малындырып кетеді. Кем талант, әрине, ол да талант. Бірақ, оған өнебойы бірдеңе жетпей тұрады, сонысын толықтырамын деп өзін де, өзгені де шаршатып алады. Егер қарапайым мысал келтірсек, Құдай берген қасиет еді деп (оған ол қасиетті Құдай берді ме, бермеді ме, онда шаруасы жоқ) күшеніп, күңіреніп, ысылдап-пысылдап, аһылап-үһілеп ән салған болады. Жұртшылыққа бұлардың да әсері аса болмағаннан кейін бір кезде басқа амалға көшеді. Сөйтіп, оның мінгені тұлпар емес, тұғжым тұғыр болып біраз жерге дейін шоқытады. Ал, кең талант болса ештеңеге бас ауыртпайды, бұлай жан ұшырмайды. Ол бір биік, ол бір байтақ әлем. Жұрт оларды сағынып жүреді, ұмытпайды. Досхан Жолжақсынов сондай талант. Оның кісі болмысына еніп, өзінің кісілігін, кішілігін, парасатын, пайымын бірде қарапайым, бірде тәкаппар, бірде өр қасиетімен биік көрсетіп келе жатқанына кемі 40 жыл болыпты-ау. Осынау жылдар ішінде осы жігіттің асып-тасығанын да, жасқанып-жасығанын да, сүрініп-шалынғанын да, не болмаса әлдебіреулердей балаққа жабысқан бит болғанын да көрмеппіз, тек биіктен көріппіз. Қашан көрсең де қамау тері алынған, жарау аттай, қырғыз комузшысы Ниязалы айтқандай: «Жақсы кісінің күлүшүндей, сұлу аттың жүрүшүндей», бекзат қалпын көріппіз. Бұл өнерде жүрген адам үшін шүкіршілік ететін жағдай. Осы тазалықты, осы бағалауды біз қай кезде байқадық. Таланттың тұлпарлығы тай кезінен білінсе керек. Тай кезінен демекші, өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басы еске түседі. Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезіміз. Актерлердің театрдан шықпайтыны тәрізді, біз де басылымдардан шықпайтынбыз. «Социалистік Қазақстанның» әдебиет, өнер бөлімінің меңгерушісі Ақселеу Сейдімбектің кабинетінен өнер адамдары арылмайтын. Сол тұстағы өнердің бағыландары – бүгінгі биіктерін Ахаңның алдынан көретінбіз. Әсіресе, Жәнібек Кәрменовті жиі кездестіретінбіз. Қазір ғой, сондай биіктермен қолын қалтасынан шығармай, шемішкесін шағып, сағызын шайнап, түкіріп тұрып сөйлесетіндердің көбейгені. Ал ол кезде... Өткен ғасырдың 80-ші жылдары ма екен, мезгілдің қай тұсы екені есімізде жоқ, «Лениншіл жасқа» Досхан Жолжақсынов келіпті дегенді естідік. Тіп-тік, сымдай тартылған, мұрты енді тебіндеп келе жатқан, бір қарағанда жанары жарқ ете қалатын (қазір де осы болмысынан алыстап кеткен жоқ) жігіттің Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттарын» үзіліп айтып тұрғаны есімде қалыпты. Сағидың сол өлеңі ботатірсек балғын өнерпазға берілген батадай болған екен. Жалпы, ол уақытқа тән ерекшелік – руханият адамдарының көп күні редакцияларда өтетін. Сырласу, пікірлесу, ойласу дамылсыз жүріп жатады. Қазір мұндайды кездестіре қоймайсыз. Ал мұндай кездесулердің әркімнің ой-өрісін кеңейтуіне, қалыптасуына етер ықпалы орасан зор еді. Несін айтасыз, кеңестік кезеңнің тозаңын жұтқызбай, кеудемізді шайдай ашқан рухани бұлқыныстар, құбылыстардың лек-легімен өнер айдынына қонып жатқан кезі еді ол. Егер солар болмаса, сол шоғыр болмаса біз бүгінде осылай көсіліп сөйлеп мақала жазып отырар ма едік. Әрісін айтпағанда, берісі Досхандардан жасы жағынан ілгері, кейінді талай жүйріктерді көрдік-ау. Егер сол жылдарды көктей шолсақ, Мәскеудің «Юность» журналы ұлтшыл, түркішіл деп «қаралап» жазатын Салехетдин Айтбаевпен бірге Мағауия Аманжолов, Анарбек Нақысбеков, Тоқтар Бейсенбинов, Ерболат Төлепбай, Бексейіт Түлкиев, ән көгінде Амангелді Сембиндермен бірге Сембектердің, әрине, Досхан Жолжақсыновтардың қазақ рухани аспанын аламанға айналдырып, кілең бір «сен тұр, мен атайын» жас жүйріктердің жарыса шапқан кезі еді-ау. Сол рухани сабақтастық, мұраттастық күні бүгінге келіп жетпегенде мәдени, рухани тегіміз орта жолда мертігіп, бірі кем дүниенің ішінде малтығып жүрген болар ма едік. Әрине, қазақ өнерінің әр саласында әр кезде тер төккен буын туралы әңгіме бөлек. Әңгіме Досхан туралы болғаннан кейін оның ортасы туралы ой ұшқынын аңдатып өту де заңдылық. 15 жасында Алматыға келіп, Қалтай Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» спектаклін көрмегенде, Хадишадай қазақ сахнасы анасының назарына ілікпегенде Досхан қазір сол өзі бала кезінде армандаған дәрігер немесе чекист болып жүрер ме еді. Әй, бірақ қай салада болса да талантты адамға дауа жоқ қой, бәрібір жарып шығары, бәрібір ел таныған тұлғаға айналары сөзсіз еді. Оның үстіне бала күнінен ұлттық құндылықтардың кәусарынан қанып ішкен баланың болмысындағы өзгешеліктің өз дегеніне жеткізеріне еш шүбә болмас еді. Бәйділда Қалтаев, Мәкіл Құланбаев, Қасым Жәкібаев, Мұхтар Бақтыгереев, Сәлима Саттарова, Әмина Өмірзақова, Аққағаз Мәмбетова секілді біртуар ағалар мен апалардың алақанында өсіп, Лидия, Ғазиза, Кәдірбек тәрізді әріптестермен үзеңгі қағыстырып жүріп өткен жолдың тағылымы, өнегесі еді оны кейбір пендешіліктерге «ол да бір қазақтың баласы ғой» деген көңіл кеңдігімен қаратқан. Талантты адам үшін өмірдің тартысы біте ме, өнердегі ұлтқа, елге пайдасы тиер тартыстарды айтсаңшы. Сол жолда ол Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков секілді ұлы дарындармен сахнада, экранда серіктесіп ойнасам деген арманның жетегімен өсті. Нұрағаңмен «Сапардың құдығы», Әнағамен «Өтелмеген парыз» фильмінде бірге түсіп, ол арманына да жетті. Содан бері ұзын саны жиырма шақты фильмде ойнапты. Бұрында талай жақсымызды өз ішімізден өзімізге теңеу таба алмай, «Қазақтың Островскиі», «Қазақтың Тихоновы» деп келмеп пе едік. Ендігі жерде оны қазақ өнерінің Біржанына теңесек, сірә, артық кетпеспіз деп ойлаймыз. Сахнада Аймановтармен өнер жарыстырған атақты Бөкееваның бағыланы Досхан десе көз алдыңа «Гауһартастағы» Әскербек, «Даладағы қуғындағы» Хамит келеді. Ал сахнаны айтсаңыз, сөз жоқ, басқасын былай қойғанда оны Ақан серісіз елестете алмайсыз. «Қаладан келген қылжақбас» спектаклінде күлкімен қырғаны да күні кешегідей көз алдымызда. Енді арада жылжып жылдар өткен соң «Біржан сал» көркем фильмін түсіріп қана қоймай, басты рөлді де өзі сомдады. (Айтқандай, арада «Көшпенділерде» Қалдан Серенді ойнап бұл талант дегеніңізге таңғалдыру дүйім емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді). Қараңыз, арада жөңкіліп жылдар өтеді, бір қарағанда актер жұрт назарында, бір қарағанда көрінбей кеткен тәрізді. «Біржан салдан» кейін осы пікіріміздің ұшқары айтылғанына және көз жеткіздік. Бұл не кездейсоқтық па? Жоқ, олай емес екен. Бір актерлердің Цезарьді ойнауды өмірбақи армандап кеткені сияқты, Досханның көкірегін жылдар бойы Біржан сал күмбірлеткен тәрізді. Ол осынау зымыран жылдар ішінде сол сал-серімен ауырып, өмірге де, өнерге де соның болмысымен үңіліп жүргендей екен. Санада әбден піскен, толысқан болуы керек, ол «Біржан салды» небәрі үш айдың ішінде түсіріп бітті де, он сағаттан асып кеткен материалды жүрегі қан жылап отырып өз қолымен кескілеп, монтаждады. Қысқасы, соның бәрін фильмге берілген екі сағат жиырма минутқа сыйғызуға тура келді. Десек те, Досхан Біржан салды түсіруге неге соншалықты ынтықты!? Ол үшін осыдан біраз жыл бұрын актердің «Алматы ақшамына» берген бір сұхбатынан үзінді келтіргенді жөн көрдік. – Менің әкем кезінде Шығыс Қазақстандағы аймағына танымал аңшы болған. Жауапты қызметке араласа жүріп, жүйрік тазы ұстаған. Менің бала кезімде анамыз әлгі тазыны айына бір рет моншаға түсіріп, жуындырушы еді. Қолбала тазымыз үйдің ішінде, табалдырықтың аузында, бөстектің үстінде жататын. Сол тазының біздің үйге келу тарихы да қызық. Әкем сал-сері, жиын-тойдың көркі, домбыраға қосылып ән де айтушы еді. Бір күні қызметінен түс мезгілінде келсе, үйдің төңірегінде жиырма беске тарта тазы жатыр екен. Анам Жазира үйдегі қонаққа шай құйып беріп, қас-қабағына қарап жүреді. Әкем Қали үйдегі қарияға сәлем беріп, жөн сұрасып отырып, әлгіндегі сыртта жатқан иттердің ішінен көзі түскен тазыға қолқа салады. Сол кезде қария қонақ: «Қарақтарым, астымдағы атымды, өзге де дүниелерімді қаласаңдар да, ол тазыны сұрамаңдар!» дейді. Әкемнің тазыға аңсары әбден ауып отырғанын сезген қария ашық тұрған есіктен ат байлайтын қаданың үстіне қонған сауысқанды мылтықпен атып түсірсе, ұнатқан тазысын беріп кететінін айтады. Жас бала мен қабырғада ілулі тұрған мылтықты алып шешеме беріп, төрдегі әкеме қол жалғап жіберуін өтінгенде, оң қолымен шай құйып беріп отырған анам сол қолымен оқтаулы мылтықтың ұңғысын сыртқа қарата бере көздеместен қада басындағы қонақтап отырған сауысқанды атып түсіріпті. Сол кезде төрде отырған қария қолындағы кесесін дастарқанға шиырып жіберіп: «Ойпырмай, сендерге дауа жоқ екен, қалаған иттеріңді алыңдар!» – деген екен. Аңшылық қол боста, еріккенде, зеріккенде ермек етер алданышым ғой. Менің маңдайыма ол әу баста жазылған өнер болған соң одан алшақтап кетуім мүмкін де емес. Ойға алған шаруаға кіріспес бұрын сергіп, тыныстап алу үшін аңшылық та керек ермек. Көпшілікке мәлім, «Көшпенділерге» түсер кезде рұқсат алып, театрдан кетіп едім. Театрдағы басшылық қызметтің киноға түсуге қолбайлау болған кезі де болды. Бала кезімде әкемнің Біржан сал мен Ақан сері туралы айтқан әңгімелері құлағымда қалып қойыпты. Махамбеттің ерлігін де тамсана әңгімелеп отыратын. Әкемнің домбырада тартып отыратын біраз күйлері де болушы еді. Ол кісінің бәйге атына арнаған көлемді поэмасы да болды. Сол жырының үзінділерін елде үзіп-жұлқып айтатын көнекөз қариялар әлі де бар. «Бәйге торының арызы» деген атпен белгілі осы жыр шумақтары әкемнің атқұмарлығынан, аңшылығынан, сал-серілігінен туған еді. Сол бала кездегі әңгіменің қаныма, құлағыма әбден сіңіп кеткені соншалық, сал-серілер туралы көркемөнер туындысын өмірге әкелсем деген мақсатпен «Біржан сал» атты кинотуындыны қолға алып жатқан жайымыз бар. «Қазақфильмде» түсірілетін бұл фильмнің режиссері де, басты рөлде ойнайтын да өзім. Сценарийін жазушы Таласбек Әсемқұлов жазған. Қаржысы шешілген, жыл сайын бөлініп тұратын болды. Қазіргі кезде болашақ киноның жасау-жабдығы мен керек жабдығының бәрін дайындау үстіндеміз. Біржан салдың мінетін аты, үстіне киетін киімі, күнделікті тұтынған қару-жарағына дейін дайындап қойдық. Аңшылығымның пайдасы осы көркем фильмге дайындық барысында да тиіп жатыр. Өзім атып алған қасқырлардың терісін илетіп, үлкен ішік тіктірудемін. Біржан сал Көлбайдың ауылына келгенде бай қайтарында астына құндыз қара жүйрік мінгізеді де, қасындағы Жұбай серінің иығына көлкілдеген аңның терісінен тігілген ішік жабады». Міне, осы сұхбаттың өзі актердің өнерпаздық болмысын, жалпы, өмірдегі ұстанымын айқындап берсе керек. Бүгінде жаһандану процесінен, рухани экспансиядан қорғану жолында әр елдің өзіндік әрекеті де бар. Бұл ретте сол халықтың өз бауырынан жаралған, ана сүтімен, ата күшімен дарыған ұлттық өнерінен асқан қару жоқ. Осы орайда «әнді ерттеп, күйді мінген» (Жарылғапберді), қазақтың дәстүрлі өнерінің бастауында тұрған Біржандай, Ақандай сал-серілердің талайға сес болатыны анық. Міне, осыны терең сезінген Досхан үшін ұлттың өзінде бар мінезді әлемдік кеңістікке алып шығу басты мұраты болды. Әдетте, саясатта көбіне мемлекеттік мүдде алға шығуы тиісті болса, ұлттық мүдде өнерде менмұндалап тұратыны сөзсіз. Сондықтан ол жер-көктен жаңалық іздеп жан ұшырмай, өз ұлтының болмысына Біржан арқылы қайта үңілді. Өнердегі ұлы дәстүрді, бекзаттықты, дегдарлықты бір Біржанның бойынан іздеп, соны көрсете білді. Әлгінде тілге тиек еткен, біз әлі де көп іздейтін біртуар Ахаң – Ақселеу Сейдімбек осы фильмді көргенде кеуде кере тыныстап, риза пішінмен қарап, зор ілтипат білдіріпті. Адамзат ақыл-ойының бір алыбы (осылай деп еш жүрексінбей айтуға болады) Әбіш Кекілбай «Егемен Қазақстанда» тебіреніп толғаныс жазды. Қысқасы, дәстүрлі қазақ басылымдарында фильмнің жетістігі жеткілікті айтылды. Бүгінде бір дүние түсірсек, оған өзгенің көзімен, өлшемімен қарайтын дертке де ұшырадық. Шет елге барып, жүлде алып келмесе, ол фильмді қатарға қоспайтын, ауылдағының аузы сасық дегеннен арылмайтын болдық. «Біржан салды» түсіре бастағанда да оның сценарийін сынап-мінегісі келгендер, фильмнің болашағына болжам жасағыш сәуегейшілер де табылды. Досхан мен Таласбек оның біріне де қарамады. Ондайларға шет елдің фестиваліне емес, қазақ халқына арнап кино түсіргелі жатқандарын, әуелі өзімізді-өзіміз танып алайық, өз бағамызды өзіміз білейік, деп шығарып салды. Сөйтіп, олар бір күндердегі: «Апыр-ай, біздің сал-серілеріміз қайда, қазақтың ұлы музыкасы қайда, біз туралы неге фильм түсірілмейді?» деп келетін ой-армандарының биігіне бір ұмтылыс жасағандай еді. Таланттардың, біртуар адамдардың тағдыры ұқсас келеді. Соның ішінде Ақан серінің де тағдыры Біржан кейіптес. Осы тұрғыдан келгенде ел көкейінде ендігі фильм Ақан сері туралы болуы керек қой деген ой да өз-өзінен қылаң берсе керек. Алайда, Досхан «Біржан салда» тек Біржан туралы ғана емес, жалпы, қазақтың дәстүрлі өнері, оның ішінде сал-серілер өмірін көрсете отырып, халқымыздың бекзат, дегдар болмысының типтік бейнесін жасап шықты. Әдетте өнер адамы туралы айтқанда, зиялылық, зипалық ұғымдары аржағынан қылтиып тұрады. Оның өзгеден ерекшелігі де сол. Алайда, сұхбат беруді аса көп қолдай көрмейтін Досекеңнің кей кезде көңілдегі ойларын бүкпесіз айтатыны да бар. Жай бір сәттердің өзінде қазақы сөздің түгін шығарып, құнарын келтіріп сөйлейтін шешендігі бар (қанында бар деп ұғу керек) актердің қыңыр емес, қоңыр сөйлеп көкіректе жатталып қалар орнықты ойлары да аз емес. Ол бірде: «Біз әлі толық айқындай алмай жүрген зиялылық деген түсінік бар. Шен-шекпені барлардың бәрін зиялылардың қатарына қосып жүрміз», деп айтып салды. Бәрі де салыстыра келгенде айқындалып шығады. Шынында да, шын зиялы кім? Сұлу сөйлегеннің, әсіре белсендінің бәрі зиялы ма? Үлкен мәдениет, жоғары интеллект иесін, еңбекқор адам мен талантты адам, орташа талант пен қас талантты жақты бастан айырғандай етіп, саралап бере алып жүрміз бе? Танымал болсаң достарың көбейіп, атағың аспандап бара жатса дұшпаның молаятын мына заманда жүрек жібі жіңішке өнер адамына ғұмыр кешу де оңай емес. Бірақ қайтесің, қалай болғанда да ол сенің қоғамың, сенің өмірің. Демек, саған сол ортада өмір сүруге тура келеді. Алайда, болмысы, бітімі бөлек кең талант одан да шығатын жол табады. «Адамды жақсы сөз семіртеді ғой. Адамдарды мақтау керек. Бізді, тіпті түк білмесек те Герасимов қалай мақтаушы еді. Біз одан жаман болдық па, мақтанды көтере алмай қалған жоқпыз ғой. Айтшы маған, жұрт неге бір-бірін көре алмайды? Әрине, біреуге қайырымдылық жасау оңай емес. Бірақ соған қарамастан мен қолымнан келгенше жақсылық жасадым. Елдің бәрін жақсы көретін мен ақымақпын ба? Ал енді бар ғой, жақсылық жасау қолыңнан келмейді екен, жамандық жасамай өмір сүруге болады ғой. Бұл жақсылық жасағаннан әлдеқайда керемет емес пе?!». Бұл кешегі кеңес империясы келмеске кетсе де бәрімізге таланты, дарыны ортақ Василий Шукшиннің әйелі Лидия Федосеева-Шукшинаға айтқан ақтық сөзі екен. «Осы сөз есіме түссе «бәлкім, Вася мақтау сөз естігенде ұзағырақ өмір сүрер ме еді», деп күрсінеді актриса. Өмірде өнеге тұтар көп мысалдарды көргенде жаның сүйсініп, көкірегің ашылады. Соның бірі аяулы достық арқылы қалыптасатын қасиет. Қазақтың көптеген белгілі азаматтарының сол достығы да ұлтқа қызмет етіп келеді. Оның айналасы, ортасы да елге болсын дейтін азаматтар. Ешқайсысы да осал емес. Жай әншейін отбасы, ошақ қасының қамынан гөрі, ұлттық, елдік мүдде жолында бірігетін мұндай достықтың маңызына, құнына ештеңе жетпейді. Достықтың өзін елге қызмет етуге жұмсайтын осындай жігіттер көп болса, бұл елдің болашағына да алаңдамауға болады. «Мәдениет дегеніміздің өзі ұлтты өліп-өшіп сүю», деген екен Жүсіпбек Аймауытов. Ендеше, Досхан Жолжақсыновтың азаматтық, өнерпаздық болмысына да осы өлшем тұрғысынан қарасақ, ақиқаттан алыстай қоймаспыз. Қали СӘРСЕНБАЙ. Алматы.Бұқар жырау ауданы 100 пайыз ауыз сумен қамтылады
Аймақтар • Бүгін, 18:22
Қызылорда қаласында 600 орындық «Жайлы мектеп» ашылды
Аймақтар • Бүгін, 18:13
Көкшетауда екі студенттен вейп өнімдері тәркіленді
Оқиға • Бүгін, 17:50
Алматы облысы көлік инфрақұрылымын нығайтып жатыр
Аймақтар • Бүгін, 17:40
Маңғыстау облысында жол апатынан екі адам қаза тапты
Оқиға • Бүгін, 17:25
Айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы жаңа қызметке тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 17:15