Аймақтар • 03 Шілде, 2017

Мегаполис мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы бола түспек

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда қала әкімдігі жанындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, халықтың мобильді топтарының әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымдар нысандарына бейімделу мәселесі, инклюзивті білім берудің проблемасы мен болашағы қаралды.

Мегаполис мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы бола түспек

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова 2016 жылы әлеуметтік қолдауға мүмкіндігі шектеулі 13 мың адам қамтылып, оларға 2,1 млрд. теңгенің көмегі көрсетілсе, биылғы жылы 22 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік қолдау көрсету үшін 4,1 млрд. теңгенің бөлінгенін айтты.

«Өткен жылы артығымен бөлінген қаржының арқасында қосымша жоғары сапалы техникалық бұйымдар сатып алынып, мүгедектерге көрсетілген әлеуметтік көмектің аясы ұлғайды. 2017 жылы 836 мүмкіндігі шектеулі жан үшін Германия мен Польшадан құны 200 миллион теңгеден асатын 958 орындық-арба сатып алынды. Құны 593 млн. теңгені құрайтын заманауи сурдо-тифлотехникалық бұйым алдырылып, 2 мыңнан астам адамға таратылды, сондай-ақ, бағдарламалармен және дауыс синтезімен жабдықталған ноутбуктер, оқу машиналары алынды. 2012 жылдан бері кезекте тұрған мүгедектердің барлығы қажетті жабдықтармен толық қамтылады», – деді Айгүл Ахметова.

Инклюзивті білім беруге айрықша назар аударыла бастағандықтан, Алматыда ерекше күтімді қажет ететін 36 бала бес мектепте білім алса, 17 балдырған үш балабақшада тәрбиленіп, 276 студент үш оқу орнында дәріс алып жатқанын хабарлады басқарма басшысы. 36 мектепте мыңнан астам баланы қамтыған коррекциялық даму сыныптары, психологиялық-педагогикалық коррекцияның 7 кабинеті жұмыс істесе, олардағы 877 балаға көмек көрсетіліп, 4 психологиялық-медициналық кеңестерде 5588 балдырған тексеруден өткен.

Биылғы жылдың мамыр айында ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін Инклюзивті кәсіби білімнің ресурсты орталығы ашылған, онда жыл аяғына дейін 500 мүгедекке білім берілмек.

 Мүгедектердің спорттық шынығуына да жете назар аударылып, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс істей бастаған «Алматының спорт клубында» енді қозғалысы шектеулі, көзі нашар көріп, құлағы естімейтіндер жүзумен, жеңіл атлетикамен, футболмен, еркін күреспен, волейболмен, арба теннисімен, басқа да спорт түрлерімен айналысатын болады.

Қала басшысының тікелей тапсырмасы бойынша қазіргі кезде мүгедектерді әлеуметтік нысандар мен көліктік құрылымдарға, саябақтар мен скверлерге, мәдени орындарға бейімдеу жұмыстары жүргізіле бастағанын атап өткен басқарма басшысы әр ауданда инклюзивті балалар алаңдарын жасау қарастырылғанын, ал Абай атындағы МАТОБ осындай орынның жобасы жасалып, тиісті жұмыс басталып кеткенін айтты.

Ал шаһар басшысы бұл жұмысқа қаланың барлық әлеуметтік институттары мен үкіметтік емес ұйымдарын кеңінен тарту қажеттілігіне айрықша тоқталды. «Тек уәде берумен ғана шектелмей, мәселені бірден қолға  алып, бірден шешу қажет», – деген қала әкімі Бауыржан Байбек бөлінген қаржылардың барлығының ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын барысында «К. Иманалиев» атындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы жөніндегі комиссия төрағасы Вениамин Алаев Үйлестіру кеңесі мүшелерінің ашық дауыс беру жолымен екі жылдық мерзімге қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып сайланды.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

Алматы