Бұған дейін шыққан «Бітімгер» кітабының жалғасы ретінде әзірленген осы еңбектің авторы тақырыпқа байланысты оқиғалар тізбегі мен өзгерістердің даму динамикасын, Сирия дағдарысының алғышарттары мен себеп-салдарларын тың деректер негізінде хронологиялық тәртіппен баяндаған.
Автор Қазақстанның Сирия мәселесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары шеңберінде әрекет етіп, № 2254 қарарын басшылыққа алғанына баса назар аударған. Әсіресе, 2015 жылы Венада өткен Сирия жөніндегі 2-ші көпжақты министрлер кездесуінде Астананың қарсылас тараптарды келіссөздер барысында көтерілген бастаманы қолдауға шақырғаны және 2016 жылы Сирия дағдарысын реттеудің жоспарын жасау жөнінде Ресей мен АҚШ арасындағы уағдаластыққа қолдау білдіргені айрықша атап өтілген.
Сонымен қатар, мұсылман әлеміндегі тұрақсыздықтың ошағына айналған азаматтық соғыстың гуманитарлық жағына Қазақстанның көбірек мән бергені кітапта назардан тыс қалмаған. Мысалы, еліміздің Иордания мен Ливандағы сириялық босқындарға, бұдан бөлек Сирияның жергілікті тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсеткені жақсы баяндалған.
Жалпы, Сирия жөніндегі Астана келіссөздерінің неліктен Қазақстанда өтуінің себептері жан-жақты түсіндірілген. Атап айтқанда, 2015 жылы Сирия зайырлы оппозициясы өкілдерінің Президент Н.Назарбаевқа сирияаралық келіссөздерге қосылу жөнінде көмек сұрап, өтініш білдіргені, ИЫҰ Бас хатшысының Елбасына Сирия бойынша халықаралық конференция өткізу туралы өтініш айтқаны, 2015 жылы Астанада шетелдің көрнекті мемлекеттік қайраткерлерінің қатысуымен өткен «Даналар кеңесінде» осындай өтініштің болғаны, сол жылы Астанада әртүрлі сириялық топтардың қатысуымен өткен екі раундтан тұратын кездесулердің бүгінгі Сирия жөніндегі Астана келіссөздеріне негіз болғаны оқырманды жалықтырмайтын, тартымды тілмен жеткізілген.
2015 жылдың екінші жартысында Сирия дағдарысының өршуіне байланысты Ресей мен Түркия арасында орын алған саяси шиеленістің мән-жайы мен астарларын, қос алпауыт елдің ұстанымдарын, кикілжіңнің күрделі сипатын автор егжей-тегжейлі баяндаған. Кітаптың, әсіресе, қызықты ақпараттарды қамтитын 3-4-тарауларында Н.Назарбаевтың медиаторлық күш-жігерінің арқасында Мәскеу мен Анкара арасындағы шиеленістің реттеле бастауы Сириядағы жағдайдың әскери-саяси сипатының өзгеруіне аймақтағы терроризммен күресу барысына оң әсер еткені ашық айтылған.
Бұдан кейін Сириядағы аса күрделі дағдарыстан шығу жолдарын іздестіру барысында В.Путин мен Р.Ердоған Сирия бойынша бейбіт келіссөздерді Астанада өткізу туралы ұсыныс білдірді. 2016 жылғы 31 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қабылданған қарарда Астанадағы кездесудің БҰҰ қолдауындағы саяси үрдістің маңызды бөлігі екендігі атап көрсетілген. Астанадағы Сирия жөніндегі бейбіт келіссөздер БҰҰ тарапынан қолдау тапқанын автор нақты құжаттар негізінде көрсеткен.
Әлемнің бұқаралық ақпарат көздері, әсіресе, ірі арабтілді басылымдар Астана қаласында өтетін жаңа сипаттағы келіссөздер туралы жарыса жар салып, елордамыздың атын бүкіл әлемге паш етуі бұл батыл бастаманың өзін-өзі ақтайтын жақсы нышаны болды. Араб елдерінде, әсіресе, сириялықтарда соңғы алты жылда алғаш рет бейбіт өмірді орнатуға деген үміт ұшқыны пайда болды. Сонымен, 23-24 қаңтарда Астанада өткен Иран, Ресей және Түркияның Сирия жөніндегі халықаралық кездесуі қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасалды. Құжатқа сәйкес үш кепіл беруші мемлекет оқ атуды тоқтатуды бақылау, террорлық және оппозициялық топтарды бір-бірінен ажырату және татуласу тетіктерін белгілеу бойынша үшжақты механизм құруға келісті.
Келіссөзден кейін БҰҰ өкілдері БҰҰ қолдауымен бейбіт келіссөздерді қайта жандандыру жолындағы маңызды қадам екенін жеткізді. БҰҰ арнайы өкілі Стефан де Мистура келіссөздің «пайдалы және нәтижелі» болғанын мойындаса, ШЫҰ Бас хатшысы Р.Алимов «Қазақстанның Сирия бойынша аса күрделі кездесуді табысты өткізуі ең жоғары бағаға лайық» деп мәлімдеді. Қытай келіссөзден бұрын саяси реттеуге бағытталған күш-жігерлерді қолдайтынын мәлімдеген еді. Түркияның Сыртқы істер министрі М.Чавушоғлу Астана кездесуі қарсыласушы тараптар арасында сенімді нығайтудағы маңызын атап өтті.
15-16 ақпан күндеріне белгіленген Астана келіссөздерінде оқ ату режімін тоқтатуды қамтамасыз ету үшін оперативті топ құру ережесін қабылдау, саяси қадамдар бойынша сенім шараларын нығайту мәселелері қаралды. Бұл келіссөзге араб елі – Иорданияның қосылып, қатысушылар құрамының кеңеюі айтулы оқиға болды. Кездесуден кейін Иордания Сыртқы істер министрлігі «Оңтүстік майдан» тобын қоса алғанда, жаппай соғыс қимылдарын тоқтату жөнінде Астана келіссөздеріне қолдау білдірді. 2-ші және 3-ші Астана келіссөздеріне Стефан де Мистура қатыспағанына қарамастан, БҰҰ өз сарапшыларын жіберіп, келіссөздер қорытындыларына қолдау көрсетті. Жалпы, ақпанда өткен келіссөздер бұрын Астанада қабылданған шешімдерді пысықтап, жетілдіруге мүмкіндік берді. 23 ақпанда Женевада өткен Сирия келіссөздерінде БҰҰ өкілі Сириядағы оқ атуды тоқтату Астана үрдісінің басты жетістігі екенін мәлімдеді.
14-15 наурызда Астанада өткен 3-ші келіссөзде алғаш рет АҚШ Мемлекеттік департаменті Таяу Шығыс бөлімінің Сирия бойынша кураторы М.Максуэл қатысты. Наурыз соңында АҚШ-тың Сириядағы мақсаты Б.Асадты биліктен кетіру емес, ДАИШ террорлық ұйымымен күресу екенін мәлімдеді. Алайда, сәуірдің басында Идлиб өңірінде химиялық қару қолданылуы себепті АҚШ қарулы күштері Хомс аймағындағы «Шайрат» әуе базасын зымыранмен атқылады. Бұл күтпеген оқиға өз кезегінде Астана келіссөздерінің даму келешегіне байланысты алаңдаушылықты арттырды. Аталған оқиғадан кейін мамыр айының басында Сириядағы саяси реттеу мен оқ атуды тоқтату режімін қамтамасыз ету шараларында айтарлықтай ілгерілеу болмағанын автор ашық жазды. Кітапта оған оппозицияның ала-құлалығы мен халықаралық қолдаушылардың ұстанымдары себеп болғаны айтылған. Осы кезеңде Елбасы да барлық қатысушы тараптардың мүдделері ескерілмейінше Сирия мәселесінің шешілуінің мүмкін еместігін терең түсінді.
Осындай күрделі жағдайда 3-5 мамырда Астанада өткен 4-ші келіссөздерге БҰҰ арнайы өкілі С.Д.Мистура, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс істері жөніндегі көмекшісі Стюарт Джонс және Сирияның қарулы оппозициясы өкілдерінің қатысуы келіссөздердің өзектілігін айғақтады. Нәтижесінде Сириядағы күрделі төрт өңірде шиеленісті азайту (деэскалация) аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл идеяға БҰҰ Бас хатшысы, Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрі қолдау білдірсе, АҚШ тарапы зорлық-зомбылықты азайту және саяси реттеуге қатысты үміт білдірді. Германия да бұл келісім саяси реттеуді жандандыратынын мәлімдеді. БҰҰ өкілі жағдайдың «дұрыс бағытта ілгерілеп келетінін» айтты.
Сонымен 2017 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз және мамыр айларында Астана келіссөздерінің кедергісіз өтіп, Астананың «Азияның Женевасына» балануы ілгерілеушіліктің нышаны болды. Сирия мәселесін әскери емес, саяси бейбіт жолмен реттеудің бүкіл үрдісіне маңызды серпін беріп, қозғау салған жаһандық оқиғаға айналды. Бұған дейін 2012, 2014 және 2016 жылдарда өткізілген Женева бейбіт келіссөздерінің жалғасуына Астана үрдісі ықпал етті. 2017 жылдың ақпан, наурыз және мамыр айларында Женевада үш рет келіссөз өтті. Алдағы 4-5 шілде күндеріне жоспарланған 5-ші Астана келіссөздерінен кейін келесі Женева келіссөздері өтпек. Осы ретте автордың Астана процесі Женева алаңын «өлі нүктеден» қозғалтты деген пікірі өте орынды айтылған.
Осылайша, аталған кітап Елбасының Сирия жөніндегі халықаралық бітімгерлік қызметі негізінде еліміздің бейбітшілікті қамтамасыз ету және өзара сенімділікті нығайту жөніндегі сыртқы саяси ұстанымын тұжырымдаған. Кітапта Астана келіссөздерінің жалпыға белгісіз кейбір қырлары қамтылған. Еңбекте саяси оқиғаларды сараптаумен қатар, Сирия келіссөздеріне қатысты маңызды құжаттар мәтіні қосымша ретінде берілген. Елбасы іргесін қалыптастырған мемлекетіміздің сыртқы саясатында бұл кітаптың өзіндік орнының боларына сеніміміз зор. Кітаптың өзектілігі мен мазмұны халықаралық қатынастар жөніндегі мамандар, шығыстанушылар мен саясаттанушылардың кәсіби қызығушылығын туғызары анық.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы,
философия ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы