05 Қазан, 2011

Ынтымақтастық жайы талқыланды

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сыртқы істер министрі Е.Қа­зыханов кеше Еуропалық Ко­­миссияның Энергетика мә­се­лесі жөніндегі өкілі Г.Оттингерді қабылдады. Кездесу ба­ры­сында Президент Н.Назар­баев­тың өткен жылы Еуропа ода­ғы­ның штаб-пәтеріне са­па­ры барысында қол жеткізілген уағ­даластықтардың жүзеге асуы барысы талқыланды. Еліміздің сыртқы саясат ве­дом­ствосының басшысы қазіргі таңда Қазақстан мен Еуропа одағы арасында тығыз қарым-қа­тынас орнап отырғандығын ерекше атап кетті. Министр өз сөзін­де былай деді: «Біз еуропалық әріп­тестерімізбен ынтымақтас­тық­ты ұлғайтуға аса маңыз беріп, ерекше көңіл бөліп отырмыз. Ал жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер соған көрнекті үлгі болып табылады». Осы ретте Ержан Хозеұлы 1999 жылғы Әріптестік және ын­ты­мақтастық туралы ке­лі­сім­нің орнына жаңа Қа­зақ­стан мен Еуроодақ ара­сын­дағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеп, қол қою басымдықты мәселе екендігін баса айтты. Өйткені, ара­дағы сауда-экономикалық қа­тынастар ерекше екпінмен дамуда. 2011 жылдың жар­ты­жылдық көрсеткіші бой­ын­ша тауар айналымы 25,4 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал бұл көрсеткіш өт­кен жылы осы мерзім ішінде 18,6 миллиард АҚШ дол­ла­ры көлемінде болатын. Кездесу барысында Еу­ро­одақ мемлекеттері тарапы­нан тартылған тікелей инвестиция барысы да әңгіме өзегіне айналды. 1993-2010 жылдар арасында Еуроодақ елдерінен тартылған тікелей инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларын құ­ра­са, соның ішінде тек был­тырғысының өзі 10 мил­лиард­қа жетіпті. Әрине сол тартылған қомақты қаржы­ның басым бөлігі энергетика саласына бағышталған. Өзі­нің бұл сапары барысында Премьер-Министрмен және бірқатар министрлермен кездесуі болғандығымен бөліс­кен Гюнтер Оттингер еу­ро­па­лық компаниялармен мұ­най өндіру, жаңа кен орын­дарында бірлесе жұмыс істеу сияқты ынтымақтастықты те­реңдету мәселесі талқы­лан­ғанын айтты. Сон­дай-ақ, энергия тиімділігі, ядролық отын қауіпсіздігі, қалпына келтірілетін энергия көздері мен көгілдір отын мәселесі де әңгіме өзегіне айналған. Қазақстандық шикізатты Еуропа рыногына жеткізу, энергия тасымалындағы ин­фра­құрылымды дамыту, шикізат өндірудегі жаңа тех­ни­калық жетістіктер мен тех­но­логияларды пайдалану, осы салаға өзара тиімді бола­тын­дай инвестиция тарту және өзге де мәселелер кеңінен сөз болды. Министр Еуро­одақпен экология саласын­да­ғы ынтымақтастықты ерек­ше айта келіп, Орталық Азия мен Каспийді қоршаған ортаны қорғау бойынша жаңа технологияларды қосу ісіне еуропалық компаниялар айтарлықтай септігін тигізетіндігін сөз етті. Бұдан басқа министр еліміз та­ра­пынан қабылданған үдемелі ин­дустриялық-инновация­лық бағдарламаның негізгі ережелерімен таныстырып, соның ішінде мұнай-газ са­ла­сына қатысты жобалардың да бар екендігінен хабардар етті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.