Қазақстан • 04 Шілде, 2017

Музейдегі «Астана»

326 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық музей – еліміздің жылнамасы іспетті. Онда сақтар мен ғұндар дәуірінен бастап, түрік қағанатымен жалғасқан қазақ хандығының және тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгінгі тарихын баяндайтын небір құнды экспонаттар қойылған. Жеті экспозицияға бөлінген көрме залдарының ішінде елорданың қалыптасу тарихы мен қазіргі кескін-келбетінен сыр шертетін «Астана» залы да бар.

Музейдегі «Астана»

«Астана» залының экспонат­тары елорданың алғашқы қадасы қағылғаннан бастап, бүгінге дейін­гі даму динамикасын бейне­лейді. Залдағы материалдар хро­никалық-құжаттық тәртіппен берілген. Бұл көне дәуірлерден бас­тап, қазіргі заманға дейінгі қала тарихымен кеңінен танысуға мүмкіндік береді.
Алғашқы бөлім Бозоқ қала­шығының тарихынан басталыпты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «орта­ғасыр­лық Бозоқ қаласын Ақ­моланың түпкі атасы деп са­науға болады, ал оның соңғы мұ­рагері қазіргі Қазақстанның ас­танасы – Астана қаласы». Тарихқа үңілсек, қарт Есілдің бойынан табылған көне қалашық Дешті-Қыпшақ заманында бой көтерген. Нұра мен Есіл өзен­дерінің сағасындағы қала туралы алғашқы жазбалар патша армиясының офицері, кен ин­женері Иван Шангиннің ең­бе­гінде кездеседі. Ал Бозоқ қала­шығының орнын Есіл архео­логиялық экспедициясының же­текшісі Кемел Ақышев қазба жұмыс­тары кезінде тапқан. 1998 жылы ашылған көне шаһар әскери дайындықтар жүргізуге, шаруа­шылықпен айналысуға, кер­уен жолдарын бақылауға өте қолайлы мекен болған. Атақты Жібек жолының маңызды орта­лықтарының бірі болған қала­шықта қыш кірпіштен құ­йылған мазарлар мен кесенелер көп­теп тұрғызылған екен. Ар­хео­логиялық қазбалар кезін­де табылған қыш кірпіш қалдық­тары, жебе мен найзаның ұштары жәдігер ретінде «Астана» залында сақтаулы тұр.
Содан кейінгі бөлім ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ақмола тарихына арналады. Онда сол кезде қолданылған тиындар, елге еңбегі сіңген азаматтарға берілген марапаттар мен медальдарды көруге болады. 
«Астана» залының келесі бө­лі­мінде қалаға Ақмола атауы қайтарылған сәтінен бастап, елор­даның Алатау баурайынан Сары­арқа төріне көшірілген кезеңдері баяндалады. 
Ел астанасын ауыстыру туралы идеясын Елбасы 1994 жыл­ғы                 6 шілдеде өткен Жо­ғар­ғы Кеңестің жалпы отырысында алғаш рет жариялағаны белгілі. Сөйтіп, Мемлекет бас­шы­сының 1997 жылдың 20 қа­зандағы Жарлығымен бұ­рын­ғы Ақмола қаласы 1997 жыл­дың 10 желтоқсанынан бас­тап, Қазақстанның астанасы мәртебесін иеленді. Осы сәттен бас­тап, бағы жанған шаһар аз уақыттың ішінде құлпырып, адам танымастай өзгерді. Қазір­гі бар қазақтың бас қаласы – тәу­елсіздігіміздің тірегі, ұл­ты­­мыз­дың ұясы. Міне, сол ке­зең­дер­ді суреттеген фотосуреттер мен экспо­наттық заттар залдан орын тепкен. 
 Осында қойылған жәдігер­лердің ішінен Астананың рәміз кілті ерекше көз тартады. Жез бен никельдің қорытпасынан құйыл­ған кілтті 1997 жылдың 10 желтоқсанында ақмолалық жетi қария Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа салтанатты түрде тапсыр­ған едi. Бұл – шаһардың Астана атанған бақытты сәті мен тарихи қадамының басты белгісі іспетті. 
Кілттің жоғары бөлігі дөң­гелек пішіндес. Дәл ортасында шаңырақ бейнеленген. Бұл Қазақ елін мекендеген түрлі этнос өкілдерінің өзара татулығы мен бейбіт өмірін айшықтаса керек. Шаңырақтың жиегінде «Астана – елордасы» деген жазу жарқырайды. Ал шеңбер – ұшы-қиыры жоқ жеріміз бен мәңгілік еліміздің бейнесі. 
Ұлттық музейдің экскурсия жүргізуші қызметкері Парасат Абла­хаттың айтуынша, елор­да­ның рәміз кілті қала тұрғын­дары мен қонақтарының қызыға тамашалайтын экспонатына айналған. Бас шаһардың алғаш елорда болған тарихи сәтінен сыр шертетін кілт талай ұрпақтың жадында Астана туралы жарқын естелік қалдырары сөзсіз. 
«Астананың» келесі бөлімінде қазіргі елорданың бітім-болмысы мен қалада өткен халықаралық шара­лардағы еліміздің жетіс­тіктері суреттеледі. Онда қысқы Азиа­­дадағы Қазақстанның табыстары және отандастарымыз қанжығасына байлаған кубоктары мен марапаттары қойылған. 
Залда Астана айналасындағы жасыл белдеуге жеке бөлім арналыпты. Елбасының арнайы тап­сырмасымен 1997 жылдан бері елорданың маңайын ор­ман­ды алқапқа айналды­ру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Кезінде жазық дала болған өңір бүгінде жасыл белдеуге айналды. Ас­тана айналасындағы жасыл бел­деудің жайқалып, үлкен баққа ай­налғанын айшықтайтын фотосуреттер де ілулі тұр. 
«Астана» залының жұрт­шылық асыға күтетін бөлімі – елорданың жыл­жымалы макеті. Бұл – соңғы технологиямен жа­салған ғажайып шоу. Көрме түйінделген тұста аяғыңыздың астындағы еден кенет ғажайып экранға айналып шыға келеді. Ұзын-ырғасы он ми­нутқа созылатын көріністен ару Астананың айшықты бейнесін, көркем ғимараттарын және бола­шақтағы нысандарын тамашалап, керемет әсерге бөлене аласыз. 
Жалпы 500-ден астам экспонат қойылған «Астана» залы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Айталық, жұрт­шылықты тамсандырған жылжымалы макетті көрсету үшін 800-ден астам экран ор­натылған екен. Бұған қоса, залда орналасқан сенсорлы экран ар­қылы көпшілік елордадағы қалаған ғимаратты көріп, бас қалаға саяхат жасай алады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»