Ш.Уәлиханов атындағы ҚҒА-ның сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері қазақтан шыққан тұңғыш гобеленші қыздың тартымды туындыларын тамашалауға өнерді бағалайтын жұртшылық молынан жиылды.
Гобеленнің тарихы шет елдерде 4-5 ғасыр бұрын басталғанымен, біздің елімізде онымен айналысушылар өткен ғасырдың 70-жылдары шыға бастады деуге негіз бар. Ерлер арасында тұңғыш гобеленші ретінде Құрасбек Тыныбеков танылса, халық қыздар арасындағы тұңғыш гобеленші деп Бәтима Зәуірбекованы ауызға алады. Анасының ою ойып, сырмақ сырғанын көріп өскен, өзі суретшілікті тәмамдаған Зәуірбекованың өнердің бұл түрімен біте қайнасуының бір сыры – гобеленнің, яғни, қазақша айтқанда картина көлемінде кішірейген тақыр кілемнің технологиясын оның бала кезден көріп өскенінде болса керек. Еуропада таңсық дүниелердің біздің елімізде таңсық еместігі, күні кешеге дейін әрбір қазақ әйелінің киіз басып, кілем тоқумен айналысқаны, бірақ оны тек тұрмыстық деңгейде тұтынатын заттар ретінде ғана қарастырып, үлкен өнер ретінде насихаттамауы суретшінің «тақыр кілемге» басқаша көзбен қарауына әсер еткен сияқты. Өзінің ішкі әлемін, тіршілікке көзқарасын, сұлулықты сезінуін Бәтима солайша қылқаламмен қоса жіппен де өріп, өрнектеуге бел буған.
Бәтима Зәуірбекова тек өз елімізбен шектелмей, Франция, Италия, Ұлыбритания, Германия, Түркия, әлемнің тағы да басқа бірқатар мемлекеттерінде жеке көрмесін өткізіп жүрген айтулы шебер. Көрмеге оның 60-тан аса көркем туындылары қойылды. Сонау жастық шағында салған ең атақты туындыларына қоса, кейінгі кездегі тамаша шығармалары да көрермен көзайымына айналды.
Шараға жиылған қауымды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтады. Ол бейнелейтін сұлу да сырбаз әрі жұмбақ нәзік жандылардың өнер әлемінде «Зәуірбекованың ару қыздары» деген атаумен танылғанын атап өтті. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы Шайзада Тоқтабаева суретші-гобеленшінің шығармашылығын қазақ өнеріндегі жарық құбылысқа теңеді. Оның жұмыстарындағы ерекшелік ретінде позитивті көңіл күйді, нәзік сұлулықты айтты. «Қазір жаһандану ғасыры дейміз. Біздің тіршілігімізде көптеген жағымсыз құбылыстар орын алуда. Оның ішінде терроризм, басқа да деградациялар бар. Ал, Бәтиманың өз әлемі бар. Ол – сұлулық, тыныштық әлемі» − деген ғалым Б.Зәуірбекованың қазақ халқының мәдени бастауларынан нәр алған шығармашылығы ұлтымыздың поэтикалық дүниетанымынан хабар беріп, этникалық таным-түсінігін сақтауға көмектесетінін айтты.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»