05 Қазан, 2011

Энергетикалық тұрақтылық: Бүгін және ертең

381 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Тәуел­сіздік сарайында «Қа­зақ­стан: 20 жыл ор­нықты даму, инвестициялар мен тұрақ­ты ынтымақтастықтың жаңа көк­жиегі» деген тақырыпта VI KAZENERGY еуразиялық форумы өз жұмысын бас­тады. Құдіреті күшті табиғат та­қыр­ланып бара ма, қасиетті Жер-ана өз үстін мекендейтін жеті миллиард адамзаттың сұранысын қана­ғат­тандыруда жылдан-жылға күр­делі қиындықтарға тап болуда. Жаһандану үрдісі белең алған сай­ын ортақ планетамызда азық-түлік тапшылығы, энергетикалық тапшылық атты тығырықтар бой көтере бастады. Қасиетіңнен ай­на­лайын, ата-баба қалдырған асыл мұра – атамекеннің арқа­сын­да Қазақстан үшін таяу болашақта дүние жүзін дүрліктірген азық-түлік тапшылығынан да, энер­гетикалық тапшылықтан да келер үлкен қауіп жоқ. Дегенмен, әлем­дік экономикалық бай­ла­ныстарға тұтаса кіріккен Қа­зақстан үшін бұл жаһандық проблемаларды шешуге үлес қосу адамзат ертеңі үшін жауапкершілік тұрғысын­дағы маңыз­ды міндеттердің бірі. Міне, арайлы Астананың сәулетті Тәуелсіздік сарайында бас қос­қан әлемнің озық ойлы сарап­шылары, ғалымдары, ірі мұнай-газ компанияларының өкілдері осы бір өзекті мәселені тілге тиек етті. Бұл дәстүрлі форум осы жолы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізіліп отыр. Сонау бір жылдары енді ғана егемендік алған еліміз өліара шақ­та Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың бас­ш­ылы­ғымен жас тәуелсіз мемлекетке инвестиция тарту мәселесін күн тәртібіне шығарды. Елбасының сара саясатымен Қазақстан 1991 жылдан бастап, елде түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу, ашық нарықтық экономиканың негізін қалау, сырт­тан келетін инвесторларға және бизнеске қолайлы да тиімді жағдай жасау шараларын бірінші кезекке қойды. Тарих бұл ба­ғыттың дұрыс та табысты екендігін дәлелдеді. Осы өтіп жатқан VI KAZENERGY еуразиялық фо­румы Қазақстанның тәуел­сіз­дік жылдарындағы елдің энер­гети­ка­лық саласында жүр­гізген өрке­ниетті де ашық сая­сатының тиімділігін тағы да дәлелдеп отыр. VI KAZENERGY еуразиялық форумы отырысын ашқан KAZENERGY ас­со­циациясының төрағасы Тимур Құ­лыбаев еліміз тәуелсіздік алған осы жылдар ішінде экономикасы тұрақты да қар­қын­ды дамып келе жатқан мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтың белсенді мү­ше­сі бола білді, деп атап көрсетті. Сонымен бірге ол шетелдік инвесторлармен жүр­гі­зілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2010 жылы Қазақстан жаһандық мұнай рыногында өз үлесін екі есе арттырып, уран өндіруден (жылына 17,8 мың тонна) әлемде бірінші орынға шыққандығын айтты. Болашаққа белгіленген меже бой­ын­ша, еліміз 2015 жылдары мұнай және конденсат өндіруді жылына 95 миллион тоннаға, табиғи газ шығаруды 15 миллиард тек­ше метрге жеткізбек. Тимур Құ­лы­баев алғашқы кезекте сөзді Қазақстан Респуб­ли­касының Премьер-Министрі Кәрім Мә­сімовке берді. Үкімет басшысы фо­рум­ға қатысу­шы­ларға маңызды жұ­мыс­­та­рында сәттілік тілеп, бұл халық­аралық басқосудың біз­дің еліміз үшін ерекше жыл болып саналатын биылғы ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдығына орайлас өткізіліп отырған­дығын ерекше атап өтті. Индустрияландыру Қазақстанның қар­­қынды даму бағытында әрқашан шешуші рөл атқарып келеді. Шетелдік энер­гетикалық компаниялар біздің еліміздегі ең бірінші инвесторлар болды және бүгінде де Қазақстанның ірі инвес­тор­лары болып қалуда. Сондықтан біз шетелдік инвесторларымызға ерекше ма­ңыз­ды көңіл бөлеміз. Бұл инвестор­ларымыздың көпшілігі бүгін осы залда отыр, деді өз сөзінде Үкімет басшысы. Қазіргі кезде әлемдік экономикалық даму үрдісінде бәсеңдік байқалады, АҚШ-тың қаржылық ахуалының нашарлауы және Еуропадағы қарыз дағдары­сының қордалануы сенім тұғырын шайқалтып, рецессия қаупін ту­ғызуда. Инвесторлар кейбір үкі­меттердің шешуші саяси қадамдар үшін қолдау көрсету мүмкіндігіне күдікпен қарайтын болды. Үлкен көлемде инвести­циялық капиталдар тартатын индус­триялар үшін бұл ерекше ауырт­палық туғызуда. Осыған байла­нысты Қазақстан Үкі­меті инвестициялар тартуда және оларды сақ­тап қалуда ай­рықша белсенділік қажет екендігін жете түсінеді. Жаһандық климаттың өзгеруі барған сайын үлкен қатер төн­діруде. Энергетикалық қауіпсіздік және экологиялық қатерлер энер­гетикалық табиғи қорлардың азаю­ы­на әкеп соғуда. Адамзат алдында тұрған бұл қатерлер жаһандық ауқымда бірігуімізді, сөйтіп, ортақ қиындықтарды жеңуімізді қажет етеді, деп жалғастырды сөзін Кә­рім Мәсімов. Оның айтуынша, Қа­зақстан бұл проблемаларда тиімді ортақ шешім табуға тырысады. Бұл жерде мәселе экологиялық жағынан қауіпсіз экономикалық даму жағдайына қол жеткізу бо­лып табылады. Еліміз энергети­ка­лық тиімді экономика қалыптас­ты­рудағы жаңа технологияларға барынша басымдық беруде. Биыл тамыз айында Үкімет «Энергетикалық тиімділік және энергия үнемдеу туралы» заңды мақұлдады. Бұл заң өнеркәсіптегі энер­гия қуатының көлемін 2015 жылы 10 пайыз, ал осы он жылдықтың аяғында 25 пайызға төмендетуді көздейді. Бұл ретте біз атом энергетикасын да­мытуда алғашқы қадамдар жасап жатыр­мыз. Маусым айында біз энергетикалық дамудың жаңа бағдарламасын қабылда­дық, бұл бір жағынан Қазақстанда ал­ғашқы АЭС салу мәселесін де қарас­ты­рады. Ал Жапонияның Фукусима АЭС-інде болған қайғылы оқиға бізді бұл саланы дамытудағы жаңа мүмкіндіктер туралы ойлануға мәжбүрлейді. Дегенмен де, біздің ойымызша, Қазақстанның энер­гетиканың бұл саласын дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар. Біздің ойы­мызша, Фукусима оқиғасы ең алдымен, барынша қауіпсіз энергетикалық саланы қалыптастыру үшін баршамызға сабақ болуы керек, деді Үкімет басшысы. Одан әрі Кәрім Мәсімов бүгінгі фо­румға қатысушылардың шығыс пен ба­тыста энергетикалық қауіпсіздіктің ал­ғышарттарын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын атап көрсетті. «Біз өзі­міздің шикізат тасымалдау бағыт­тары­мызды әртараптандыруға барлық жағ­дайды жасап келеміз. КТК-ның тасы­малдау қуатын кеңейтудің бірінші кезеңі басталды, бұл құбырдың тасымалдау қуа­тын 30 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. 500 шақырымға со­зылған Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құ­бы­ры Батыс Қазақстан аймағын оңтүс­тіктің тұтынушыларына жалғастырады. Тиісінше, бұл Қытайға баратын Орталық Азия құбыр жолын байланыстырады. Энергетикалық саланың экономикалық даму үрдісін қалыптастырудағы маңызды сала екендігін біз барынша жете түсі­неміз», деді сөзінің соңында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Келесі кезекте сөз алған Еуропалық одақтың энергетика жөніндегі комиссары Гюнтер Оттингер. – Мен Астанаға келгеніме өте қуаныштымын. Шынында да Азияның ортасында жаңадан жайқалып өсіп келе жатқан Астанаға келу мен үшін жағымды жаңалық болып саналады, – деп бастады өз сөзін. – Сонымен қатар Қа­зақстан Үкіметі мен бүгінгі форумның ұйымдастырушыларына арнайы шақы­рулары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Форумға халықаралық қаты­су­шылардың құрамына қарап-ақ Қазақ­станның тәуелсіздік алғаннан бері қан­дай жетістікке жеткенін, сондай-ақ қазір халықаралық энергетика саласында бұл елдің қаншалықты маңызды рөл атқара­тындығын байқауға болады. Қазақстан ЕО үшін Орталық Азия аймағындағы басты әріптес болып табылады. Нұр­сұлтан Назарбаев мырзаның өткен жыл­ғы Брюссельге сапары екі тарапқа да жақ­сы серпіліс берді. Нәтижесінде ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қаты­нас бұрынғыдан бетер жақсара түскенін айта кету керек. Қазіргі таңда Еуропалық одақ энергетикалық сала және Орталық Азиямен арадағы қарым-қатынасты өзде­рінің алдыңғы қатарлы саяси басым­дықтары ретінде белгілеп отыр. ЕО Қазақстандағы ең ірі біріккен инвестор болып табылады. Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемінің жартысынан көбі ЕО-ның үлесінде. Осы инвестицияның үш­тен екі бөлігі энергетика, тау-кен сала­сына салынады. Жуырда ЕО Кеңесі Әзер­байжан және Түркіменстанмен транс­каспийлік газ құбыры құрылысын салу үшін Еуроодақтың келіссөздер жүргізуін мақұлдады. ЕО үшін мұндай құбыр құ­рылысы Оңтүстік дәліздің дамуына үл­кен үлес қосады. Көпшілігі бұл мақұл­даудың ЕО-ның инфрақұрылым жобасын қолдауға арналған халықаралық келісім-шартты бекітуді өзі ұсынған бірінші жағдай екенінен бейхабар. Сондықтан біз өз тарапымыздан болашақта Қазақстан­ның Оңтүстік дәліз құрылысына қаты­суын қалаймыз, деді Г.Оттингер. Біз ин­вестициялардың келуін құптаймыз, со­нымен қатар еуропалық рынокқа жаңа жеткізушілерді енгізу үшін қажетті мүм­кіндіктер жасайтын біздің рынок­тары­мызды жалғастыратын транзиттік мүм­кіндіктерді де қуана мақұлдаймыз. Біз Оңтүстік дәліздің шынайы жүзеге асуы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Біз жақсы бағалармен және үздік тұтынушылармен тұрақты рынок құру өте маңызды деп есептейміз. Жаңа газ құбыры Каспийдің шығыс жағалауынан экспортты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Соны­мен қатар Еурокомиссар Қазақстан мен ЕО елдері арасында энергетика саласын­дағы әріптестіктің нығая түсетіндігіне, осы салада жаңа келісімге қол жеткізуге се­нім білдірді. Оның пікірінше, ЕО пен Қазақстанның энергетикалық әріптес­ті­гінің іргетасы мықты, бірақ одан да жоғарыға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Біз Қазақстан мен ЕО арасындағы энергетика саласындағы әріптестік бой­ын­ша өзара қарым-қатынас және түсініс­тік меморандумын пайдаланамыз. Бұл со­нымен қатар ядролық салаға, энерге­тикалық қауіпсіздік мақсатында бірлесе қызмет істеуге, энергетикалық саладағы әріптестікке де байланысты. Сонымен бірге біз ЕО мен Қазақстан арасындағы ядролық саладағы ынтымақтастыққа да зор маңыз береміз. Бұл ретте энергети­калық салада пайдаланатын таза көмір мәселесі, энергетикалық тиімділік және баламалы энергия көздерін ашу мәсе­лелеріндегі ынтымақтастықты дамытуға да мүдделіміз. Форумда сөз алған Дүниежүзілік мұ­най кеңесінің президенті Рэндалл Госсен бүгінде 65 мемлекет мүше болып отыр­ған бұл халықаралық ұйымның жаһан­дық энергетикалық қауіпсіздіктегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бұл кеңеске мүше мемлекеттер бүкіл адамзат мүддесі үшін әлемдік мұнай қорын тиімді басқару мен пайдалануды мақсат тұтады. Одан әрі «Қазақстан энергетикалық саласының 20 жыл тұрақты дамуы және оның Еуразия энергетикасындағы рөлі: жетістіктер, даму қарқыны, проблема­ла­ры және болашағы» деген тақырыпта баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Қазақстан энерге­ти­касының 20 жылдық тұрақты даму жетістіктеріне тоқтала келіп, төмендегі деректерді келтірді. 1991 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 25,2 миллион тонна болса, 2011 жылы 80,4 миллион тонна болмақ. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 132,1 миллион тоннаға жетеді деп кү­тілуде. Газ өндіру 1991 жылы 7,8 миллиард текше метр болса, 2011 жылы 40,5 миллиард текше метр, 2020 жылы 92,2 миллиард текше метр болмақ. Оның ішінде тауарлы газ өндіру көлемі 1991 жылы 5 миллиард текше метр болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 26 миллиард текше метрге жеткізілмек, деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда мұ­най мен газ өндірудің 61 зерттелген келісім-шарттар бар. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде бұл салада қол жеткізген жетістіктер аса ауқымды. Қазір Қа­зақстанның көмірсутегі шикізатын экс­порттайтын әлеуетті тасымал құбырлары бар. Атап айтқанда, бүгінде Қазақ­станның көмірсутегі шикізаты «Атырау – Самара», «Каспий құбыр желісі консорциумы», «Атасу – Алашанькоу», «Баку – Тбилиси – Жейхан» құбырлары және Ақтау порты арқылы әлемдегі тұтынушыларына тасымалданады. Ал­дағы уақытта экспорттау бағыттарын кеңейту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Мәселен, 1991 жылы бұл құбырлар арқылы 13 миллион тонна мұнай экс­портталса, 2011 жылы 72 миллион тонна қазақ мұнайы сыртқа шығарылмақ. Сонымен бірге министрдің мәлім­деуінше, біздің энергетикалық сала кәсіп­орындарының басты міндеті ішкі рынокты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету болып табылады. 20 жыл ішінде бұл мақсатта да ауқымды шаралар іс жүзіне асырылды. Алайда, бүгінгі таң­да Қазақстанның 3 мұнай өңдеу зауы­ты елдің ішкі рыногын сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпейді. Бұл бағытта отан­дық 3 мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру және шығаратын өнімдерінің сапасын көтеру мақсатындағы модернизациялау жұмыстары қолға алынған. Еліміздің мұнай өңдеу және мұнай-химия өндірісін қалыптастыру және модернизациялау жөнінде ірі жобалар белгіленіп, жүзеге асы­рылуда. Бұл мақсатқа көлемді инвестиция тартылған. Атап айт­қанда, Атырау мұнай өңдеу зауы­тын қайта құру және модернизациялау жо­басы шеңберінде ароматты көмірсутегін өндіру жөніндегі кешен құрылысы салынуда. Бұл алдағы уақытта жылына 133 мың тонна сапалы бензол, 496 мың тонна параксилол шығаруға мүмкіндік бермек. Со­нымен бірге осы жоба аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кеше­нінің құрылысы іске қосылады. Павлодар және Шым­кент мұнай өңдеу зауыттарын қай­та құру және модернизациялау жо­балары да еліміздің ішкі рыногын жоғары са­палы мұнай өнімдерімен қамта­масыз етуді шешудегі қадам­дар болып табылады. Интеграция­лан­ған газ-химия кешенінің құры­лысы бірінші кезекте жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге, екінші кезекте 800 мың тонна полиэтилен шығаруға мүмкіндік жасайды. Осы инвестициялық жобалар ауқымында жылына 400 мың тонна өнім шығаратын Ақтау жол битумы зауытының өндірісін де атап өтуге болады.

Форум фотокүнделігі

Астанадағы VI KAZENERGY еуразиялық форумының алғашқы күнінің жұмысы осы басқосуды ақпараттық жағынан қолдауға келген шетелдік және жергілікті бұ­қаралық ақпарат құралдары өкіл­де­рімен өткен баспасөз мәсли­ха­тымен қорытындыланды. Баспасөз мәс­лихатына «Самұрық Қазына» ҰӘҚ-тың басқарушы директоры Айдын Кәріб­жанов, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Рэндалл Госсен, Болгария Республикасының экономика, энергетика және туризм министрі Трайчо Трайков, Энергетикалық хартия кон­ферен­ция­сының төрағасы Селим Кунералп, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқар­масының төрағасы Қайыргелді Қабыл­дин және басқалар қатысып, өткізіліп отырған халықаралық энергетикалық форумның маңызына жан-жақты тоқта­лып, журналистер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,Венера ТҮГЕЛБАЙҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.