05 Шілде, 2017

Ұлт ұжданы Ұлытау

1767 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының керектігін айта келе, «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадына біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды» деп жазды. Мемлекет басшысы осы жалпыұлттық қасиетті орындар «... неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» деп атап көрсетті. Осы мақалада аталып отырған Ұлытау өңірі де исі қазақтың тұтастығының алтын діңгегі.

Ұлт ұжданы Ұлытау

 Алты алаш тәңірдей табынған Ұлытауға Тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарында, дәл айтқанда, 1993 жылдың 15 қыркүйегінде арнайы келген Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз­­дің Ұлытауымыз бен Ор­да­ба­сы­мыз досымызға да, дұшпанымызға да ұял­­май көрсетер айбарымыз, ардағы­мыз, асылымыз болуға тиісті», деген еді. Өз басым Елбасының осы сапа­рын­да Ұлытаудың қақпасы болып табы­латын Айыртаудың етегінде Мем­ле­кет­тің тұтастығы мен халық бір­лі­гі­нің монументі қойылатын орын­ды белгілеуінің тікелей куәгері бол­ғаным­ды ризашылықпен еске аламын. Бірлік символы белгісінің Ұлытау қақпасына қойылуының үлкен тарихи мәні Ұлытау ауданындағы Сарысу өзені бойындағы Теректі елді мекенінің аумағындағы Таң­балы таста қазақтың үш жүзінің ру­ба­­сылары бірнеше рет кеңес өт­кізіп, жоң­ғар басқыншыларымен бол­ған 1727 жылғы Бұланты шайқасы қар­саңын­да осы тастарға үш жүздің жүз­деген руы­ның таңбаларын ойып сал­ғаны­мен айқын­далып тұр. Сондай-ақ, Ел­басының Ұлытауға келгенде ең бірінші ат басын тіреген киелі орны Ұлытаудың іргесіндегі бір жарым мың жылдық тарихы бар Түркі қағандарының ордасы болды. Ол жер «Хан Ордасы» деп аталады. 
Ұлытауда ертеде хан ордасы болған. Орда тігілген үй орындары әлі күнге дейін сақталған. Қазақ хандарын Ұлы­тауда ақ киізге орап, Хан ордасында Хан көтеретін дәстүр бар. Хан ордасы Аманкелді ауылы орталығынан 7 ша­қы­рым жазық жерде орналасқан. Қазақ хандарының бәрі де жазда осы Ор­да­да болып, ел басқару жұмыстарын атқарған.
Ұлытауда Алаша хан, Жошы, Дом­бауыл кесенелері бар, Алтын Орда­ның ханы Тоқтамыс, ұлы қолбасшы, әмір Едіге де осында жер қойнауына беріл­ген. Тарихи дерек жазылған тас қойыл­ған «Алтын шоқы» биігі Ұлы­тау­дың батысында 50 шақырым жерде. 1391 жылы Ақсақ Темір тас тақтаға осы жерде болғаны туралы жазба қалдырған. Осындай тарихи дерек анықталса да, қорытылған тас құрамы анықталмаған күйде Санкт-Петербург мұражайының меншігі болып отыр. 
Ұлытаудың даңқы болар, тәуелсіз­дікке ие болған алғашқы жылы, яғни, 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұң­ғыш құрылтайы Ұлытаудан бастау алған. Қонақтарды күтіп алып, оларды Жез­қазған облыстық басқармаларының басшылары үйді-үйге бөліп алып, құр­мет көрсеткендердің қатарында, сол тұста облыстық телерадио­компа­ния­ның төрағасы болып қызмет атқарып жүрген мен де болдым. Маған «тиесілі» Ыстанбұлдың үш қазағына туған өлкеміздің тарих-шежіресін айту үшін Ордабай Исаев сынды Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының басшыларының бірі болған, экономист, дуалы ауызды, кеу­десі алтын сандық қазыналы қартты ден­саулығын күтіп, қымыз ішіп, демалып жатқан ауылынан, Қазақ елінің атақты жыршы-термешісі, ақын, сал-серісі Шынболат Ділдебаевты Сәтбаев қаласынан арнайы алдыртып, зерделі әңгіменің тиегі ағытылып, жыр-термелер төгіліп, керемет кеш өт­­кіз­генімізді ұмытқан жоқпын. Ер­теңіне, Дүниежүзі қазақтарының алғаш­қы құрылтайына Алматыға кел­ген шетелдегі қандастарымыз Ұлы­тау­ға тағзым етіп, Ұлытаудағы «Хан Орда­­сына» арнайы барып, тәу етіп, «жарық­тық хандарымыздың басқан ізі, отырған орнын көрген біздерде енді арман жоқ» деп көздеріне жас алып, ағынан жарыл­ған еді. Бұл да киелі төр, үш жүздің басын қосқан Ұлытаудың – жер бетіне тарыдай шашылған барша қазақ­тың түп қазығының да осында екендігі­нің белгісі. 
Ұлытаудың орны да, жөні де бөлек екенін Елбасымыз 2014 жылдың 25 тамызында Жезқазғанға келіп, тек осы өңір үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін стра­тегиялық жағынан алғанда өте маңызды «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол магистраль­дары­ның тұсауын кесуге келгенде, Қазақ елінің рухани орталық­тарының бірі – қасиетті Ұлытау жеріне арнайы ат басын бұрып, кең дала төсінде, Ұлытаудың төрінде отырып, сұхбат беріп, «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлы­тау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар», – деп қазақтың арғы-бергі тарихы, тілі, діні, ділі, әде­биеті, мәдениеті, экономикасы мен бола­шағы жайлы ұлағатты әңгіме айтып тағы да растады. Сол темір жолдың маңы­зы жайлы ойды одан әрі қаузасақ, Ұлы­тау ауданындағы «Ұлытау – қазақ­тардың ежелгі астанасы» деп аталатын туризмді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру серпін алып, Ұлытауды қызықтайтын саяхатшылар саны артуы тиіс. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының көлемі 147 мың гектар жерді алып жатыр, бұл орасан зор аумақ. Осында 750-ден астам құнды тарихи және мәдени ескерткіштер бар болса, ал енді осы уақытқа дейін мемлекеттік қорғауға алынбаған жәдігерлер саны одан да көп. Олардың барлығы да есепке алынуы тиіс. Мұны жақын келешекте шешу – Ұлытаулық азаматтарға сын. 
Елбасының Ұлытаудағы сұхбатында айтылған келелі пікірлерге еліміздің зиялы қауым өкілдері үн қосып, өз пікірлерін білдірді. Сондай жиындардың бірі Қазақстан Республикасының Ұлт­тық ғылым академиясында өтіп, оған елі­міздің жетекші академиктері мен кор­рес­пондент-мүшелері қатысқан еді. Сол жиында сөйлеген, Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов Елбасына Ұлытауға жасаған қамқорлығына шын жүректен алғыс айта келе, былай деген еді: «Менің бүкіл өмірім Ұлытаумен байланысты, қайда қызмет істесем де, туған жерімнен жырақтаған емеспін. Ұлытаудың бүкіл тарихы да көз алдымда. Егер қазақ жерін ортасынан тігінен және көлденеңінен қос сызық тартар болсаңыз, тура соның түйіскен жерінде Ұлытау орналасқан. Бұл өзі қазақ жерінің кіндігі. Он мыңнан астам ғана адам тұратын Ұлытау ауда­нының жер көлемі екі жарым миллионнан астам халық тұратын Оңтүстік Қазақстан облысынан үлкен. Ал енді осындай киелі өлкенің қазынасы кеңес заманында асқан озбырлықпен, жаба­йы­лықпен тоналды. Кішігірім кен орын­дарының жанынан әуелі вахталық поселок салынды, кейін ол жерге халық келіп қоныстанды, ал кен таусылғанда солардың басым көпшілігі қаңырап бос қалды. Қазіргі Жезқазғанның орнында бір кездері Кеңгір деген кент орналасқан. Ол әйгілі Степлагтың астанасы еді. Дәл осы Степлагта 50-жылдары 30 мыңға жуық тұтқын, көбінесе сая­си тұтқындар болған. Байқайсыз ба, осы­дан 70 жыл бұрын Ұлытау жерінде қазіргі Ұлытау ауданы халқынан саны үш есеге жуық көп тұтқын ұсталған. Олар ең қиын жұмыстарға жегілді... Пай­­далы қазбалар көрдің үстінен де, асты­­нан да ешбір технологиялық, эко­но­микалық талаптар сақталмастан қазып алынды. Кені таусылған орындар ашық-шашық күйінде тастап кетілді. Міне, Ұлытаудың қазынасы осылайша аяусыз тоналды» («Егемен Қазақстан», 23 қазан 2014 жыл). 
Атақты академик айтып отырған кеңестік биліктің кезінде де, оның алдында Ресей патшалығының қол астында отырғанда да отар елді сорып, пайда табуды көксеуі, қазыналы кең даланың сарқылмас кен байлығының дәмін тату­ға ұмтылуы заңды құбылыс.
Ұлытау өңірінде Үкімет, Қарағанды облыс­тық, Жезқазған қалалық, әрине Ұлытау аудандық әкімдіктері, «Қазақ­мыс» корпорациясы тізе қосып шешетін, ерекше назар аударуды қажет ететін тарихи ескерткіштер аз емес. Мәселен, Қумола өзенінің бойындағы, кезінде академик Қ.Сәтбаевтың геологтарына бағдар болған «Үш ағаш» атанған биік саңның төбесіне орнатылған Бұланты шайқасының ержүрек батырларының бірі Аманғұл бабаға, оның ұрпақтары орнатқан Ескерткіш-Тасбелгі елдік деңгейге жеткізіліп, Бағаналы, Кетбұға сынды тарихи тұлғалардың есімдері, бетіне Күлтегінше күлтелі жыр жолдары қашалып жазылған ғажайып стел­лаға ұқсас еңселі ескерткіш болып шыққан. Ол ұлы қазақ даласын сыйлаған қазақтың ұлы тұлғаларына тағзым етіп келіп тұратын қасиетті орынға айналдыруға әбден лайық. Сондай-ақ, Жезді қалашығы түбіндегі әйгілі Құттымбет батырдың мазары, Талдысайдағы жәдігерлер, Жездідегі тау-кен мұражайы, тағы да басқа толып жатқан нысандар ерекше назарда ұсталғаны абзал. Қазіргі таңда Ұлытау ауданының тізгінін қазақ руханиятының білгір жанашыры, ақын, өлке тарихын жетік білетін Әнуар Серікбайұлы Омардың ұстауы біздің үмітімізді үкілей түседі. Біз тарихи жерлеріміз­дің тағдырын кешенді зерттеп, ештеңе­ні бүркелемей, шынайы деректерді көрсетуіміз керек. 
 Аға ұрпақ өкілдері XX ғасырдағы қазақ даласын қанға бөктірген қызыл империяның тарихын оқып, соған имандай сеніп, оған балаларын да ұйытып, өсіргені рас. Қазан төңкерісіне дейінгі қыруар тұнып тұрған тарих бар екені назарға алынбады. Кеңес дәуірінің әдебиеті де, мәдениеті де, өнері де таптық көзқарасты күштеп таңып, адамдарды бірдей, біркелкі ойлануға мәжбүрледі. Пікір саналуандығына төзбестік ахуал жасалды. Тек бертінде, әсіресе, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап, өт­кенімізді түгендеп, саралап, жинай бас­тадық. Тарихқа жаңаша көзқарас енді ғана қалыптасып келеді. Отаршылдық сая­­саты әбден құрсаулап тастаған сананы бостан ету оңайлыққа түспей жатыр. Бізге қазіргі таңда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай секілді халықтың ұлттық санасын жоғары көтерген ең көрнекті қазақ зиялыларының XX ғасырдың басында қолға алған ағартушылық ісін XXI ғасырда да жаңа серпінмен жал­ғас­­тыру артық емес. Ал бұл үшін тарих­­­шылар, қоғам қайраткерлері, тіпті елі­­міз­­дің әрбір саналы, білімді аза­ма­ты үлес қосуы керек. Ұлттық сана­мыз өр­­леу жолына түскенде біздің кім еке­ні­­міз­­ді, ата-бабамыздың қандай бол­ған­­­­ды­­ғын, ұлан-байтақ өлкені қалай қор­­­ға­­­ғанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қас­тер­легенін, кешегі тектілердің ұр­­пағы екендігімізді ұғынып, келешекке жет­­кізу парызымыз. Оны жас ұрпақтың са­на­­сына сіңіріп, аманаттау –  борышымыз. 
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұр­сынұлы «Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадір­лей білу» деген екен. Ендеше, ежелгі атауы Ер­тағы, кейінірек Ұлытау атал­ған ұлы өңір­дің тарихы да кең-байтақ Қазақ­­стан тарихының қасиетті бір бөлшегі ретінде еліміздің игілігіне қыз­мет жасаса игі. Осылайша, кеше­гіміз бен келешегіміздің екі ортасын көктей ойлап, елеп-екшер болсақ, бар-жоғымызды түгендеп, қарыз бен парызымызды таразыға тартар тұста қамсыз отырып, қапы қалмас үшін туған топырақ түлектері біздер, бірінші кезекте не істей алар едік деген сауал алдыңды өне бойы орап тұруы тиіс. Бізге Елбасының маңызды жобаларының бірі «Туған жерді» жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналдырып, халқымызды, әсіресе, жас ұрпақты туған жерге, елге деген сүйіспеншілікке баулу үшін тер төгуімізге, ата-бабаларымыз аңсаған, қанын да жанын да аямаған, бүгінгі таңда қол жеткізген ең асыл құндылығымыз – тәуелсіздігімізді қорғап, сақтап, нығайта беруге күш-жігер жұмсауымызға тура келеді. 

Сәбит БАЙДАЛЫ, 
журналист, алаштанушы, Жезқазған қаласының 
Құрметті азаматы