06 Қазан, 2011

Мапыраштағы Атығай елі

758 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы төл тари­хы­мыздың тамырына терең бойлап, өткен-кет­кенімізді елеп-екшейтін кезең. Осынау үлкен мақ­сат-мұрат тұрғысынан алғанда шағын бір ауыл­дың шежіресінің өзі үлкен мәнге ие болады деп ойлай­мыз. Ендеше, сол ауыл туралы сөз сабақтайық. Көрікті Көкше өңіріндегі Бурабай ауданында Кіндікқарағай атты ауыл бар. Бұл ертеректе Мапырашты жайлауы, Мапыраштағы Атығай елі деп аталған көне мекен. Соның ішінде Әйтімбет би әулетінің әуелгі қоныстарының бірі болған. Әйтімбет бидің өзі де, Серкеш, Қыдыр, Бақтыбай сынды атақты бауырлары да тарихтан белгілі. Ал бидің өзі Абылайға кеңесші болып, қанаттас жү­ріп, қатар қонған. Қа­рауыл Қанай биге өнеге, жол көрсеткен төбе би. Кезінде бұл өңір бидің Қызылағаштағы, Жамантұздағы, Қылшақтыдағы ағайындарын қоса алғанда «Алты ауылнай Әйтімбет» елі деп аталған. Мапырашты жайлауы – Абылай ханның қараша жұртымен бірге жайлауға шығып, кеңес құрған, Түркістан, Ташкент, Жетісу сияқты әртарапқа сапарға шыққанда атбасын тіреген құтты мекені. Кенесарының да кезінде ат шалдырған жері. Осы жердегі ел ағасы Жанғал батыр хан Кенемен сыйлас болған адамның бірі. Осы мекенді Қарасай батырға қатысты қасиетті орындардың бірі деуге болады. Мапырашты атауы да соған байланысты айтылады. Аудан аумағында Асыл қарағай, Тілеу қарағай, Қоныс бейіті, Мапырашты төбесі (Бәйбіше бейіт) атаулары кездеседі. Бұдан әрі Қалутанға қарай Шабыра, яғни Шапыра жайлауы созылып жатыр. Ал Айыр­тау­дағы Қарасай зираты көпшілікке белгілі болып, қасиетті орынға айналғалы не заман?! Бұл туралы нақты тарихи деректерді алға тартайық. 1742 жылы Жетісудың бас батыры Наурызбай орыс елшісі К.Миллерге жолыққанда, бұрын қалмаққа бодан болып, үш жыл бұрын оларға алым төлемей шегініп кеткенін, қазір Орта жүзбен бірге көшіп жүргенін баяндайды. 1785 жылы капитан Андреев Ошақты (бір бөлігі болса керек), Байсуан, Қоңыр­бөрік, Қызылбөрік, Шапырашты, Қайшылы ру­лары­ның Орта жүздің елімен бірге жүргенін жаза­ды. Осы тақырыптарды сөз еткенде, біз 1913 жы­лы Санкт-Петербургте басылып шыққан Румянцев­­тің «Верненский уезд» кітабына көбірек ден қоямыз. Мұнда Шапырашты еліне және олармен тығыз араласқан жұртқа қатысты нақты тарихи деректер айтылады: «В общину входят три родовые группы: Саурук, Баспан и Кудайберди... родоначальников Кашке и Танатар. Из прежных кочевок помнять ур. Кара-откель (в Акмолинском уезде) и Арка (Каркаралинском уезде). Сюда пришли из Копальского уезда лет 40 назад». «Кондыбай не принадлежит даже к Большой орде, а относится к потомству Аргын, из Средней орды. Остальные группы, Сарке, Даулет, Тастамбек и Ажике, как и вся Восточно-Кастекская волость относится к потомству Чапрашты». «В давные времена род Карасай жил в пределах нынешней Акмолинской области; по преданию могила Карасая находится на ур. Аиртау в Кокчетавском уезде. Отсюда «карсаи» перешли в Копалский уезд на ур. Джонке (по близости от выселка Арасанского); с этого последнего места перекочевали в Верненский уезд...». «Последний родоначальник, объединяющий общину – Атыгай, внук Карасая» дейді. Бұл деректерге жан бітіріп айтатын болсақ, сол бір тұста Жетісудың көп елі Іленің арғы бетінде, жоғарыда баяндалғандай Қапал, Қаратал бойында қыстап шығатын болған. Ол қыс айларында Қы­тай­дың, Қырғыздың, Қоқанның барымта-лаңынан қауіпсіз жер болған. Ал жаз айларында қазаққа кең жайлау керек екендігі белгілі. Сондықтан олардың біразы Аягөз бен Балқаштың ортасы арқылы Қарқаралыны басып өтіп, Арқаға, Қараөткелге қарай жайлауға шығып, кең өріс тапқан. Мінекей, қай заманда да, тіпті бейбіт кезеңде де қазақ баласы томаға-тұйық қалмай, бір-бірімен тығыз байланыста болған. Соның бір куәсіндей, Жетісу жерінде ертеректе кіріккен Арқабай, Нұрабай, Алтай, Қарпық, Темеш, Бөріші, Бөген­бай, Қазыбек, Алшынбай сияқты есімдер кездессе, Арқа жұртында Қарасай, Қараша, Қанай, Қойсой­мас атты елағалары ұшырасады. Бізге мәлім бол­ған Қарасай батырға қатысты тарихи құжат­тардың бір алуаны осындай. Жетісу жері қалмақ басқыншыларынан азат етілгеннен кейін де Алатау мен Көкшетаудың ара­сындағы байланыс үзіл­меген. Осы екі ортада қыр­ғыз мәселесінің тү­йі­нін шешу керек бол­ды. Бұл жорыққа тағы да Көкшетаудан Абылай жа­сақтарының баруына тура келді. Оған қоса, Қабанбай, Барақ, Берді­қожа батырлар, Жетісу­дың атақты елағалары Қау­­мен, Әйтей, Кәшке, Қараш батырлар да бұ­ған белсене қатысты. Одан Қытаймен, Қырғыз­бен, Қоқанмен тең дәрежеде иық тіресуге, қалың найманның қабырғалы сұлтаны Әбілпейізбен бірдей деңгейде болуға Ұлы жүзге Абылайдың құзы­реті қажет болғаны да тарихтан белгілі. Жалайыр, албан, суан, дулат, шапырашты руларының би-бағландарының сұрауымен Абылайдың Әділ деген баласының Жетісуға сұлтан болып сайланғанын тарих растайды. Осы Әділдің және оның бала­лары­ның арқасында Алатау мен Көкшетаудың ара­сындағы байланыс қайтадан жанданып, дами түседі. Енді Кіндікқарағай, Мапырашты жерінің тұ­рақ­ты қыстауға айналу тарихына тоқталайық. Ата-бабалардың айтуына қарағанда және ел тари­хы­ның нақты деректері бойынша, бұл ауылдың тұ­рақ­ты, меншікті қонысқа айналуы 1854-1861 жыл­дарға тұспа-тұс келеді. Мұрағаттан табылған нақты құжатта (ҚР Ор­та­лық мұрағаты, 345-қор, 1-тізбе, 1911- іс) ата­лар­дың Кіндікқарағай, Мапырашты қойнауын­да қыс­тау тұрғызып, тұрақты қоныс белгілеуі анық айтылады: «Областное Правление Сибирских Киргизов. 28 октября 1954 года. №7514. Омск. Кокчетавский окружной приказ при рапорте от 25 сентября за №7613... Заседателем от киргиз Ман­даевым удостоверений о принадлежности урочища Кындык-Карагая и Мапраша, просимых под постройку 15 деревянных домов, Бабасан-Ба­гышев­ской волости аулним старшиною Тенали Есен­баевым, бием Джмуком Косумовым, с родовичами Есетом Ку­сымовым, Кулом Баяновым, Тлекой Баяновым, Есенгулом Джаркыновым, Акаем Бай­галовым... всего в 15 юртах...». 5-қарашада құжатқа генерал-майор фонь Фридрих рұқсат беріп, қол қояды. Осы құжат бойынша Кіндікқарағай-Мапыраш­та қыстау салу 1854 жылы басталып, 1861 жыл­дары аяқталады. Яғни, бұл дерек бойынша Кіндік­қарағайдың тұрақты мекенге айналуына биыл 150 жыл толады екен. Ал енді Кеңес өкіметінің колхоз­дастыру науқанына сәйкес ұсақ ауылдардың орта­лық­тандырылып, бірегей қоныс құрғаны белгілі. Ол 1931-1932 жылдары жүргізілді десек, Кіндік­қарағай­ға 80 жыл. Бұған қоса ауылдағы жалғыз оқу ордасы, мәдениет ошағы болып табылатын мектептің құрыл­ғанына да ағымдағы жылы 80 жыл толып отыр. Бұл арада тағы бір айта кететін нәрсе – Кіндікқарағай, Қызылағаш ауылдары қа­рай­тын аймақта 1861 жылы мешіт-медресе құры­лы­сы басталып, іске қосылған. Мұны архив деректері айғақтап отыр. Оны Бабасан-Бағыс болысы­ның және көрші елдердің игі-жақсыларының қол­дауымен Ақылбай Тілепов деген елағасы ұйым­дас­тырған көрінеді. Білім бастауының тарихын сол медреседен бастап есептесек, оған да 150 жыл толады екен. Бұл бір Кіндікқарағай ауылына ғана емес, бауырлас болған, қатар қонған Қызылағаш, Кенесары, Ынталы, Ұрымқай, Культстан, Қоянды, Сарыкөл, Қарашілік, Көрнекті, Жаңажол, Жасыл сияқты барлық көрші ауылдарға да қатысты, аудан көлемінде атап өтілер маңызды оқиға деп білеміз.
Соңғы жаңалықтар