11-12 қазанда Астанада Қарағанды облысының күндері өтеді
Өркендеу өрісі – өндіріс
1943 жылы Алматыда өткен кеңес дәуіріндегі алғашқы айтысқа қатысушы ақындардың шалымын байқамақ болып Сәбит Мұқанов: «Облыстарыңыздың сипатын танытарлық жайды бір ауыз өлеңге сыйдыра айтып шыға қойыңыздаршы», дегенде басқалары тосылып қалғанда қарағандылық халық ақыны Жолдыкей Нұрмағамбетұлы қолма-қол:
Халқыма Қарағандым – қара саба,
Атағы Алатаудан аласа ма,
Еліме қара алтынын беріп жатыр,
Ақындар осыныма таласа ма?!- дей жөнелгенде Сәбең жарықтық риза болыпты.
Сол айтылғандай, еліміз күш-қуатының қара сабасындай Қарағанды аймағы экономикалық өрлеудің, әлеуметтік жаңарудың жанартауы ретінде әрдайым сүйінішті істердің қыз-қыз қайнауымен аян. Жаңғыру лебі тәуелсіздіктің биылғы торқалы тойы жылында ерекше сезіліп, өсуде екенін өңірдегі өркенді өзгерістер одан сайын байқатады. Газетіміз тілшісінің тілегіне орай облыс әкімі Серік АХМЕТОВПЕН сыр-сұхбат аталған жайлар туралы өрбіді.
– Серік Нығметұлы, бәріне халық сыншы, бағаға әділ ғой. Өлке өміріндегі жақсылықтар жұртшылық көңіліне жағып отырғанын білеміз. Ауылдағының да, қаладағының да көз алдында өрбіп, өтіп жатыр. Қуанады, қолдайды, сүйінеді.
– Бұл Елбасының халыққа қамқорлықты барынша жақсарту тапсырмасына байланысты атқарылудағы іс-шаралар шапағатының шуағы. Ол нұрын төге бермек. Ел ішін аралау барысында жадыраңқы жүздерді көбірек көрген сайын басты мақсат бағытында жасап жүрген қызметімізге деген жылы қабаққа өзім де марқайып, жігерленіп қаламын. Бұдан артық не мәртебе болуға тиіс.
– Сіздің облысты басқарғаныңызға екі жыл болып қалды. Еңбек жолыңызға көз салған жан теміртаулық металлургтер ортасында шыңдалғаныңызды, мемлекеттік қызметтің жоғары буындарында ысылғандығыңызды байқайды. Бір пікірлескенде Қарағандыдай аймақты алға бастауға үлкен толқыныспен келгеніңізді білген едік. Қазір не айтар едіңіз?
– Отандық индустрияның қара шаңырағы әрі қажымас қара нары өндірісті өңіріміздің еліміздің экономикасында алатын орны бір төбе екені белгілі. Шындығына келгенде, жалпы даму демі оның тынысына қарай соғады деуге болады. Өнеркәсіптің тірегі көмір, болат, мыс ошақтары шоғырланған аймақтың көшбасшылығын сақтаудың, жаңғыртудың зор жауапкершілігін ақтай алу биік сын көрінгені рас. Мемлекет басшысының сенімі, білікті мақсаттастар қолдауы, нақты міндет іс-қабілетті жанып, жандырып әкеткенін айта аламын.
– Ендеше, негізгі әңгімемізге көшейік. Өңірдегі ең өзекті іс – өндірісті өркендету жайына тоқталып өтсеңіз.
– Аймақ аты аталса, әрине, ең алдымен алып кәсіпорындар мен зауыттар елестейтіні анық. Жаңа экономикалық жүйеге көшудің бастапқы кезінде жағдайдың қандайлық күйге түскенін көргендер болмаса қазіргілерге сенгісіздей тәріздігі білініп қалады. Ал, ештеңе тосыннан келген жоқ. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы да көрегенді басшылығы арқасында нарықтың ауыр жолы бірте-бірте жеңілдеп, алдыңғы қатарлы елдер үрдісіндегі іргелі шаруашылық қалыптасты. Қалыптастырылып қана қоймай бұл күнде өркендеуді жеделдетуге бет бұрғанымыз мәлім. Осы бағытта облысымыз қадамының нықтығы атауға тұрарлық дер едім. Бұған мынадай деректер айғақ. Мәселен, 8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндіріс көлемі 870 миллиард теңгеден асты. Аймақ үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру жөнінен өңірлер арасында көш басында. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын орындауда да бірінші орындамыз. Қазірге дейін өңірлік бюджетке 116,8 миллиард теңге кіріс түсті. Айта кету керек, бұл былтырғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 9,3 миллиард теңгеге артық.
Сөз орайында мынадай жағдайды атап өткім келеді. Облыс экономикасының негізін кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі құрайтын ерекшелікті ескере отырып, Елбасының тапсырмасына сәйкес «Базалық өнеркәсіп салаларын дамытудың тұжырымдасы» жасалып, сол бойынша шикізатты өңдеу және бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруда озық әдістер мен мен технологияларды ендіруге бағытталған осы заманғы индустриялық жүйе қалыптастырылуда. Бұл ретте көмір өнеркәсібіне, қара және түсті металлургияға, кен өндіруге, металл өңдеу мен мәшине жасауға, химия және фармацевтикаға, құрылыс индустриясына басымдық берілген. Мысал үшін құрамына 26 кәсіпорын, 3 ғылыми-зерттеу институты, технопарк біріктірілген «Қарағанды мәшине жасау консорциумы» қажетті техникаларды өз күшімен құрастырып шығаруда көзге түсіп келеді. Жалпы алғанда, Тұжырымдаманың портфелінде 100-ден аса инвестициялық жобалар бар. Негізінен басым бағыттарды іске асыруда ғылымның белсенді қатысуына басты назар аударылуда.
Алға ұмтылысқа үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ойдағыдай атқарылуы үлкен арқау болуда. Қарағанды облысынан республикалық Индустрияландыру картасына жалпы құны 282 миллиард теңгеден аса соманы құрайтын 45 инвестициялық жоба енгізілді. Оларды жүзеге асыру 5200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы 30 миллиард теңгеге 9 жоба жүзеге асырылды. Солардың арасында «Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды құю-машина жасау зауытының базасында құрылған «ҚазБелАЗ» кәсіпорнын атаған орынды. Онда алып техниканың қосалқы бөлшектері жасалып, жаңасы да құрастырылады. Кәсіпорын жұмысына, оның аса маңызды жоба екендігіне Мемлекет басшысы мұнда болғанда жоғары баға берді.
Биылғы жылы барлығы 24 жоба іске қосылады. Бірінші жартыжылдықта 46,3 млрд. теңге соманы құрайтын 9 жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін тағы 15 инвестициялық жоба өмірге жол тартады.
– Жоба демекші, олардың әрқайсының өзіндік артықшылықтарын, мән-маңызын таратып айтып берсеңіз.
– Бәріне тоқталып жатпай, бастыларын таныстырайын. Осы орайда оларды жасауда, дайындауда дамудың өңірлік стратегиясының басым бағыттары ерекше назарда ұсталатындығын атау керек. Іргелі мәселелермен шұғылдану міндеті алға қойылып отырғанда және оны жүзеге асыруға күш-мүмкіндік жетерліктей уақытта экономиканың бүгінгісіне ғана емес, ертеңіне ықпалы өте зор өміршең жобалардың іріктеліп ұсынылуын, солардың таңдаулылары қолға алынуын бірінші кезекте қолдаймыз. Айталық, Теміртаудағы «НордПромНС» ЖШС темір-бетонды шпалдар шығаруды бастады. Еліміздің түкпір-түкпіріне, көрші мемлекеттерге темір жол тартудағы қызу істерді еске алсақ, бұл бұйымның қандайлық мәнге ие екендігін айтып жатудың қажеттігі бола қоймас. Немесе «КМК Профиль» кәсіпорнының бедерлі қаңылтыр шығару өндірісін кеңейтуі қанат жайған құрылысқа өтімді өнім болып отыр. Сондай-ақ, жоғары технологиялы интерактивті құрал-жабдықтар жасаудың жолға қойылуы оқу орындарын, мекемелерді интерактивті тақтамен, сандық мультимедиялық подиуммен жасақтауға мүмкіндік ашты. Айта кететін жағдай, бұл отандық өнімнің Қытайдан сатып алынатын жабдықтан сапасы жағынан әлдеқайда жоғары.
Теміртау металлургиялық комбинатында орнатылған сорттық илек өндірісіне арналған әзірлемелерді құю мәшинесі жұмысқа жаңаша серпін әкелді. Осында қуаты үстемелену үстіндегі № 2 домна пеші шойын өндіруді тәулігіне 3 мыңнан 3,7 мың тоннаға, ал жылына 1,3 миллион тоннаға дейін жеткізеді. Сарандағы ферроқұйма өндірісінде кокс ауыстырғышты алу үшін жалыны шалқымалы көмірді байытатын және сұрыптайтын, құрғақ бидайды кілегейлеу, крахмал сұйықтық және құрғақ азық қоспалары қолданатын астық өңдеудің тереңдетілген, жергілікті дәрігер ғалымдарымыздың тыңғылықты ізденісі нәтижесінде өмірге келген, бүгінде атағы алысқа танымал «Арглабин» дәрісінің және шипалық қасиеті бағалы басқа да фитопрепараттар өндірісі тәрізді жобалар маңыздылар қатарына жатады. Көңілге қонымдылығы сол, бұлардың біразы елімізде алғаш рет өндіріле бастаған өнімдер болып табылады. «КазАвиаСпектр» ЖШС мамандандырылған ауыл шаруашылық ұшақтары шығарылатын күн де жақын. Мұндай мысалдар жалғастыра берсе көп. Бір сөзбен айтқанда, шикізаттық емес саланы өркендетуге, төл өнімдер түрін ұлғайтуға, бәсекелік қабілетін күшейтуге, қосылған құны жоғары еңбек өнімділігін арттыруға негізделген экономика тұғырын бекіту белсенді сипатқа енгендігін айтуға болады.
– Осы әңгіме алдында жұрт құлағын елеңдеткен жағымды жаңалық естіліп қалды. Соны білу өте қызықты.
– Иә, сәтін салса өңір өмірінің өркенділігін одан сайын өрістетер үлкен бір істі бастағалы отырмыз. Ол ойдағы өзекті мақсат еді. Үкіметіміз тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымыз. Бұған дейін құрылған «Металлургия – металл өңдеу» индустриялық паркі негізінде Қарағанды аумағы «Сарыарқа» аталатын еркін экономикалық аймаққа айналғалы тұр. Соның арқасында инвестицияны молынан тарту, экспортты ынталандыру, тұтыну рыногы кеңістігін кеңейту көзделеді. Оған қатысушылар Ресей, Қытай, Еуроодақ, Орталық Азия елдерімен тауар алмасуды, өзара тиімді іскерлік қарым-қатынастарды жетілдіруге мүмкіндік алады.
Жұмыстың бағыттарын атасақ, металлургия, мәшине жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі саласына басымдық беріледі. Ал бұл жағынан бізде құлаштың кең сермелуіне жақсы жағдай бар. Электр мен жылу энергиясының қуатты көзі, алыс жерлерге жүктер артылатын, түсірілетін арнаулы станса, Астана – Алматы, Қарағанды – Екатеринбург, Қарағанды – Павлодар автокөлік жолдары қолайлы инфрақұрылым саналады. Сонымен бірге, алдын ала жан-жақты талданып, әбден сарапталғандай жеткілікті еңбек ресурстары, бай материалдық база, дайын білікті кадр аталған аймаққа мықты тірек. 10 мың адам жұмысқа қамтылады. Осынау бастаманың дамудың қарышты кезеңіне жаңа құтты қадам жасататындығына сенеміз.
– Қазіргі тағы бір маңызды іс-шара инвестиция тарту, инновация жайы қалай?
– Айтып отырғанымыздай, әлеуетті аймағымызбен экономикалық байланыс орнатуға кім қызықпасын. Бірақ солай болса да инвестор деген жұрт әр қадамына аса сақ қой. Берідегіні екшейді, әрідегіні ойлайды. Бір сөзбен айтқанда, олармен жұмыс істей білгенде ғана қызығушылық арта түседі емес пе. Сондықтан шетелдік, отандық іскер топтарды ортақ іске тартуды күшейту әрдайым басты назарда. Мемлекет тарапынан да көмек үлкен. Биыл осы уақытқа дейін негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 129,2 миллиард теңгені құрады. Бұл – былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 27 пайызға ұлғайды деген сөз.
Ал инновация мәселесіне келсек, облыстағы кәсіпорындардың қай-қайсысының да белсенділігі көңіл толтырарлық дәрежеде. Инновациялық қызмет көрсеткіштері тұрақты түрде өсу үстінде. Мұны жайдан-жай атап отырғаным жоқ. Мәселен, кәсіпорындарымыздың инновациялық белсенділік көрсеткіші республикалық орта деңгейден едәуір жоғары. Алдағы уақытта қол жеткізген жетістігімізді сақтап қана қоймай, әрі қарай да дамыта беру – біздің межелі міндеттеріміздің бірі.
– Әңгімемізді әрі сабақтағанымызда, Жезқазған аймағы тұрғындарын толғандырып отырған жайға тоқталсақ дейміз. Бұл жақтағы жұртшылық мыс кені қорының азаюына байланысты өңірдің алдағы тағдырына алаңдайды. Оны шешу жолында қандай шаралар жасалып жатыр. Осыны ашыңқырап айтыңызшы.
– Өкінішке қарай, жер қойнауы байлығы сарқылып бара жатқандығы белгілі. Алайда жағдай соншалықты қобалжитындай емес. Облыстық әкімдікпен келісімге сәйкес «Қазақмыс» корпорациясы қиындыққа тап болмаудың қамын күні бұрын ойластыруда. Бізге мәлім болғаны әзірге игеріле қоймаған кен орындары баршылық. Солар ашылады. Бұл бір десеңіз, сонымен қатар, кварц кен көзінің негізінде ферросилиций және құрамы кедей сульфидті кен өңдейтін гидрометаллургиялық жаңа технология өндірістері құрылады. Кезінде елді мекендер мен коммуналдық желілердің табанында қалған қыртыстар қайтадан кәдеге жаратылады.
Қазақстан Үкіметімен келісе отырып Жезқазған аймағын дамытудың 10 жылға арналған кешенді бағдарламасы жасалғандығын ерекше атағым келеді. 8 бөлімнен тұратын 43 түйінді мәселе белгіленген бұл құжатта өңірдің минералдық-шикізаттық базасын, тау-кен өнеркәсібін және металлургиялық өндірісті дамыту, үдемелі индустриялық-инновациялық даму аясындағы істерді жетілдіру, көліктік инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік әлеуетті нығайту, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту қарастырылған. Осы бағыттағы өңірлік маңызы бар жобаларға тоқтала кетсек, жылына 10 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы салынады. «Ютария ЛТД» ЖШС негізінде жеңіл өнеркәсіп саласы қалыптастырылады. Сондай-ақ, Жезқазған – Қызылорда, Жезқазған – Арқалық автожолдарын қалпына келтіру, Жезқазғанды көліктік, транзиттік орталыққа айналдыруға арналған стратегиялық мақсат. Соның арқасында жергілікті экономика тамырына тың қан жүгіріп, аймақ тыныс-тіршілігі жарқырай түседі.
– Жезқазғандықтар көңілін өсірерлік бағдарлама екен. Ендігі сөзді ауыл шаруашылығы жай-күйіне бұрсақ. Өндірісі басымырақ әрі халықтың 80 пайыздан астамы қала тұрғындары болып отырған аймақты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі оңай еместігі түсінікті десек, осы істің оңтайы қалай табылып жатыр?
– Аймағымыз алдымен өндірісті өңір ретінде танымал болғанымен, ашығын айтқанда, ауылшаруашылық саласының салмағы өзге жерлерден еш кем емес. Мүйізді ірі қара, құс саны бойынша республикада 7-ші, қой мен ешкіден 6-шы, жылқыдан 4-ші орында келеміз. Астық, көкөніс, картоп өндіруден қазірше бел ортадан орын алып тұрмыз.
Бізде облыс агроөнеркәсіп кешенін индустриялық-инновациялық дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы жасалған. Онда, әсіресе, бұған дейін назардан тыс қалып келген істерді ілгерілетуге басымдық берілген. Соның ішінде мал тұқымын асылдандыру, суармалы жерлерді қалпына келтіру және қайта өркендету ет, сүт, тері, жүн өнімдерін өңдеуді өрістету, картоп пен көкөністі ұзақ мерзімге сақтау сияқты жұмыстар ауқымы кеңейтілген. Мысалы, мал тұқымын асылдандырудың 25 жаңа шаруашылығы құрылады, қазіргі 3 бордақылау алаңы 10-ға жеткізіледі, суды үнемді пайдалану үшін биыл жазда 340 гектарға тамшылата суғару әдісі қолданылса, алдағы жылдарда 2 мың гектардан асырылады. Сыйымдылығы 86,4 мың тонна жеміс-жидек, 10 мың тонна картоп сақтау қоймасы салынады. Бұқар жырау, Нұра аудандарында мал сою, ет өңдеудің кешенді орталықтары, Қарқаралы ауданында тері мен жүнді бірінші ретті өңдеу орны жұмысты бастады.
Тағы бір ерекше атай кететін ілкімді істердің бірі – облысымызда «Green Technology» жылыжайы іске қосылды. Аумағы 3 гектар жерді алып жатқан алдыңғы қатарлы технологиямен жабдықталған жаңа кәсіпорын аймағымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, осы мәселеге қатысты тұрақтандыру қорын құру жұмыстары басталды. Ол үшін облыстық және республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Ауылдық тауар өндірушілермен фьючерстік келісім-шарттар жасалды, олар күзгі-қысқы маусымда қолжетімді бағамен картоп, көкөніс өнімдерімен қала тұрғындарын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, азық-түлік қауіпсіздігі Елбасының алға қойған ең басты міндеттерінің бірі болғандықтан, бұл мәселе үнемі біздің басты назарымызда.
– Бұл тұрғыдағы сөз үстінде күзгі жиын-терін жұмыстарының қалай аяқталғанын білуді қалайша айналып өтерміз. Күз берекесі көңіл толтырарлықтай ма?
– Халқымызда «Азға қанағат, көпке шүкір» деген асыл нақыл бар ғой. Қиындық та болды. Шүкір, міне, жақсылықтар жағы көбейіп келеді. Ас атасы – наннан бастасақ, 600 мың тоннадан астам алтын дән қамбаға құйылды, яғни өнім деңгейі өткен жылдағыдан 2 есеге асып түсті. Картоп қоры бұрын-соңды жиналып көрмеген 92 мың тонна көлеміне жетті. Өткен жылға қарағанда, 15 мың тонна көкөніс артық алынды. Осынша ризық көзін игілікке ұқсату, сақтау тұрғындарға ысырапсыз жеткізу жайын сұрағалы отырғаныңызды сезіп отырмын. Ол жайға тоқталар болсам, шынын айтқанда, үлкен байлықты күткен облыс ерте қамданды. Лицензиясы бар ірі 5 элеватор 170 мың тонна астықты қабылдап алса, осыған дайындалған басқа да кәсіпорындар қоймаларын толтырды. Үкімет 150 мың тоннасын сатып алуға ниет білдірді. Бір бөлігі алдын ала уағдаластық бойынша оңтүстік өңірлерге өткізілуде. Мұндайда кездеспей қоймайтын мәселелерге қосымша шаралар дайын. Картоп пен көкөністі өндірушілердің бүгінде қалаларда өтіп жатқан дәстүрлі азық-түлік жәрмеңкелерінде өнімдерін көбірек өткізіп қалуға мүмкіндіктері бар. Қоймаларда қомақты қор сақталуға қойылды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Қазақстанда бірінші рет
Кейде ағайынның: «Өз өніміміз жоқ» дейтіні бар. Неге болмасын. Бар. Қарағандыда жеткілікті. Біразы елімізде бірінші рет өндірілудегі жаңа өнімдер. Өтімді. Алыс-берістегілерге аян. Олар мыналар:
Темір-бетон шпалдары
Теміртаудағы «Норд Пром НС» ЖШС-нің биыл осы заттарды жасауды игеруі алыс-жақынға темір жол тартудың қызу шағына дөп келді. Табан аралығы 1520 миллиметр темір жол үшін шығарылады. Жылдамдығы жоғары жүк пойыздарының 25 тонна кіндік ортаға түсетін жүктемесіне төзімді. Италиялық құрал-жабдықтармен жасақталған өндірістің аяқ алысы күннен-күнге аршынды.
Интерактивті тақта
Қазір оқу орындарындағы үйреншікті бұл құралға енді облысқа тапсырыс беруге болады. Осындай тақта мен сандық мультимедиялық подиумның алғашқы үлгілері оңтүстіккорейлік фирма көмегімен Қарағанды политехникалық колледжі жанындағы зертханада дайындалды. Жаппай шығаруға келісім жасалды.
Талшықты-оптикалық сым
Ол телекоммуникациялық және электртехникалық өнімдер өндіруге бейімделген Саран қаласындағы «Қазорталықсым» ЖШС үшін мақтанышты өнім. «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Қазақстантеміржолы», «ҚазМұнайГаз» сияқты іргелі компаниялармен бірге еліміздің және көрші мемлекеттердің 400-ге жуық кәсіпорны осынау сымның құндылығына қанық.
Жарықдиодты шамдар
Бүгінде әлемде ғимараттар, көшелер, жолдар бойы, көпірлер үсті осы құралдар арқылы жарықтандырылады. Сенімді, үнемді, әдемі бұл шамдармен тұтынушыларды бұдан былай қарай қамтамасыз етуді Қарағандыдағы ЖШС де қолға алды. Жылына 24 мыңы шығарылады. Электр қуатын үнеммен қолдануға пайдасы аса зор. Қызулы шамдардан қызмет мерзімі 100 есе ұзақ.
Өлшеу-есептеу кешендері
Өндіріс ошақтарының автоматтандырылу мен жаңа технологияға көшкен заманында аталған құралдың орны бөлектігі оны тұтынушы еліміздегі трансұлттық компаниялардың көбіне мәлім. ТРЕЛ-58 деген қысқартылған атаумен белгілі бұл заттарды ЖШС бренді саналады. Жасалуы өте күрделі қондырғының жылына шығарылатын 500 данасы күні бұрын берілген тапсырыс бойынша дайындалады.
Гидравликалық жабдық
1 мәшине жасау зауыты негізгі өнімін тұтастай сыртқа экспорттаушы бірден-бір кәсіпорын. Аталған жабдықтың 90 пайызы ТМД елдерінің тау-кен өндіру және мұнай-газ өнеркәсібіне, металлургия, көлік саласына жөнелтіледі. Оны жасайтын прототиптеу кешені өндіріс қуатын арттыра түсуде.
Міне, басқаларын айтпағанда осындай сүйекті өнімдер өндіріледі Қарағандыда. Кеше жоқ еді, бүгін бар, ертең еселенеді.
Қазақша оқып жүр талай ұлт ұланы
Бұл күнде мемлекеттік тілге деген құрметтің жақсы нышандары көптеп байқалады десек, соған айғақ Қарағанды аймағында да аз кездеспейді. Соның бірін айталық.
Қарағандыдағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінде қазақ жеткіншектерімен бірге өзге ұлт өкілдерінің балалары да білім мен тәлім-тәрбие алып, талай биіктерді бағындырып жүр. Мұнда чешен, украин, корей, орыс, өзбек ұландары оқиды. Олардың арасында облыстық, республикалық, халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарына, жыр кештеріне, байқауларға қатысып, талант-қабілеттерімен көзге түсушілер аз емес.
Ұлты корей 11-сынып оқушысы Вячеслав Ким лицей мерейін өсірушілердің бірі. Бұдан екі жыл бұрын «Информатика» пәні бойынша облыстық және республикалық пән олимпиадаларында тұрғылас информатиктерден оқ бойы озып, І-орын иеленді. Былтыр «Еуразиялық команда» құрамында болып, халықаралық олимпиададан ІІІ-орынмен оралды. Сонымен бірге, академик Жәутіков атындағы байқауда ІІ-орынды жеңіп алды. Вячеслав өз этносының да білімді және талантты жастары арасында өтетін жарыстарға қатысады. Облыстағы корей этномәдени бірлестігі ұйымдастырған «Жас көшбасшы» интеллектуалдық сайысында жеңімпаз атанды. Тайландта да жүлделі орыннан көрінді. Қазақша оқығандықтан, мемлекеттік тілді еркін меңгерген ол білімді солайша тереңдетуді ойлайды.
Құрдасы Алексей Швырков та озат оқушы қатарында. Лицейге қабылданғанда қазақша мүдіріңкіреп сөйлейтін оны қазір түр-сипаты болмаса, тілі орыс баласы екенін байқатпайды. 7-сыныпта оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық «КАТЕV» олимпиадасында І орынға көтеріліп, алтыннан алқа тақты. Содан кейінгі байқауда да қазақ тілі бойынша бәсекелестерінің алды болды. «Жарқын болашақ» мемлекеттік тіл олимпиадасының «Тіл білімі» ғылыми жобасына қатысушылар ішінен жеке-дара озып шықты. Үнемі үйрену, ізденіс үстіндегі Алексей, сондай-ақ «Ғылым және оның қазіргі әлемдегі рөлі» тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференцияда қазақша баяндама жасап, мақаласы жинақта жарық көрді.
Осы балалармен бірге білім алушы чешен өрені Шәміл Джавтаев та қазақшаға жетік. Түрікше, ағылшынша сөйлей алады. Көркем әдебиетті оқуды ұнататын ол, әсіресе, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жақсы біледі. Қасым Аманжоловтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан оқушылар арасында ұйымдастырылған облыстық байқауда жүлделі орыннан көрінді. Бұл ретте ұстаздары Айгүл Игенова, Гүлзинат Егінбаевалардың еңбегі атауға тұрарлық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен «КАТЕҮ» олимпиадасының екі дүркін жеңімпазы Шәмілдің сурет салу қабілеті де келешегінен үлкен үміт күттіреді.
Игорь Попович те қазақша оқуды қалаған ұлан. Адам ағзасын зерттеуге қатты қызығатын ол биология пәнінен қазақ-түрік лицейлері арасында өтіп тұратын республикалық олимпиадалардың тұрақты қатысушысы әрі әрдайым жеңімпазы. Ұстазы Арман Шанинов шәкіртінің білікті биолог бола алатынына сенім артады.
Жоғарыда аталған Вячеслав Кимнің қандасы Станислав Кимнің де қазақша оқу арқасында білім өріне ұмтылуға мүмкіндігі кең. Дәрігер ата-анасы бұған қуанышты. Стас кітап оқығанды, компьютердің «құлағында ойнауды» өте жақсы көреді. Информатикадан екі жыл қатарынан «КАТЕV» олимпиадасында алдыңғы орындарды бермей келеді. Спорттық жарыстарға да белсене қатысады.
Ұлы Абай өсиет еткен ғылымның пайдасын білуге, Мағжанның сенімін ақтауға, Қасымның бақытты ұрпақ боларын айғақтауға талпынған қазақ бауырларының қатарында осындай тілі бір замандастары бар. Мемлекеттік тілді құрмет еткен оларға жарқын болашақ жол аша түсіп келеді.
Ақсәуле МӘМБЕТҚЫЗЫ.
Суретте: солдан оңға қарай: Вячеслав Ким, Игорь Попович, Станислав Ким, Алексей Швырков.
Атажұрт – ғарыш айлағы
Желбіреп көкте байрағы,
Жазира далам жайнады.
Ғалам мен Жерді жалғаған,
Атажұрт – Ғарыш айлағы.
Етене мұнда Ел мен Ер,
Жерұйық осы сен көрер.
Кездесер ақын арқалы,
Кездесер ойшыл кемеңгер.
Ғарышкер батыр осында,
Осында кенші досым да.
Осында диқан, құрышкер,
Төрге шық, төрлет, тосылма.
Жырлаймын Атажұртымды,
Азаттық алған ұлтымды.
Егемен болған еркін ел,
Келешегіне ұмтылды.
Гүл жайнап жерім құлпырды,
Төсіне қырдың нұр тұнды.
Ғұрпымды сақтап, дәстүрлеп,
Ояттым ұлттық рухымды.
Ұлытау – ұлттың ұйытқысы,
Жарқырап тұрар жұлдызы.
Жылқысы желдей жүйткісе,
Ағылды сонда жыл құсы.
Сарыарқама қарашы,
Орнаған кенті, қаласы.
Мыңғырған малы Жаңаарқа,
Астықты Нұра даласы.
Күміс таң атса Шығыстан,
Дәмелі жұртым ырыстан.
Көз тартып орман, таулары, –
Қарқаралы бір Гүлстан.
Шығыстан атса күліп таң,
Тәңір деп Күнді пір тұтқан.
Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев
Сарыала мысты балқытқан.
Ағылып жастар тұс-тұстан,
Отжүректері ұғысқан.
Батырдай алып Теміртау –
Сомдалған болат, құрыштан.
Жайнатып қазақ даласын,
Қанаттандырған Елбасын.
Отандас ардақ тұтады
Көшбасшы ұстаханасын!
Табылмас аймақ жаһаннан,
Өркені өсіп жаңарған.
Өңірлер үлкен құрметпен,
Бұқар мен Абай атанған.
Ризықты болсын атар таң,
Мол болсын жайған дастарқан.
Қалмайды Шет пен Ақтоғай,
Асакөпқар да қатардан.
Риза боп тұрғын халқына,
Шабыттан, достым, шалқы да.
Сәулетті Аймақордасы –
Құт қонған Қарағандыда.
Менің екінші үйім
Қазір қазақ қыз-келіншектерінің үлкен өндіріс ортасынан табылуы аса таңсық құбылыс емес қой. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітіргеннен кейінгі еңбек жолым сол саламен біте қайнасып келеді. Қатардағы маманнан іргелі кәсіпорын басшысына көтерілуім қалаған кәсіпке, сүйікті іске беріктіктің арқасы шығар.
Бұл күнде өңір өндірісі жаңаша сипатта, жылдан-жылға өзгеру, өркендеу үстінде деуге болады. Біздің зауыт та соның бел ортасында. Мұнда жөнделетін, жасалатын тау-кен шахта және металлургия құрал-қондырғыларды негізінен «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы кәсіпорындары тұтынады. Тапсырыс көлемі әрдайым ауқымды, өнім сапасына талап қатаң. Сондықтан осы үдеден көріну жұмысқа зор жауапкершілік жүктейді әрі биік сын. Мұндай алыптың сенімін ақтай алып отыруымыз міндетімізге осал еместігімізді танытса керек.
Кәсіпорын күш-қабілеті бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Прокатты өнімдер, яки швеллерлер, электрмен дәнекерленетін құбырлар, бедерлі қаңылтырлар шығару бұрыннан жолға қойылса, ірі қорамды металл құрылғыларын дайындау цехының да жұмысы қызды. Былтыр тау-кен шахта жабдықтарын күрделі жөндеуден өткізуді кеңейту үшін аумағы 2825, 28 шаршы метр цех қосымша ашылды. Жалпы алғанда, жылына 2311 тонна стандартты емес құрал-жабдық, 15827 металл бекітпе, 3692 тонна металл тартпа өндіріледі. Зауыттың өз индустриялық-инновациялық бағдарламасы бойынша алдағы бұйым түрлері көбейіп, көлемі арта түседі.
Бүгінде қайда да өндірісті өркендетуге мүмкіндік жеткілікті. Сондай жағдай бізде де бар. Демек, іргелі істерді ілгерілете аламыз деген сөз. Мақсат та сол. Әйел адамға өндірісте, оның өзінде басшы болып еңбектену оңай міндет еместігін өз басымнан білемін. Үй ішімнің ештеңеге алаңдатпауы арқасында жұмысқа жаным аянбайды. Өндіріс ортасы – екінші үйімдей. Өмірімнің қызығы мен шыжығы соның тынысына байланысты.
Мақсат МҰРАТБЕКОВА, Шахтинск стандартты емес құрал-жабдықтар және кіші механизация зауытының директоры.
Шахтинск қаласы.
Ауылыма қамқорлық – асыл парызым
Тың жерлерді игерудің әртүрлі әсері болды ғой. Ауданымызда бірінен соң бірі құрылған кеңшарлардың барлығы дерлік астық өндіруге бет бұрып, күш-қаражат алдымен соларға төгілді. Шеткері өңірдегі біздің жақ аумағы егін егуге қолайсыз саналғандықтан болар, қой өсіруі сақталып қалды. Сол кезде жеткіншек жаста болсақ та маңайымыздағыларға қарағанда ауылымыздың көмек-қолдаудан сырт қалғандай екенін үлкендер ренішінен аңғаратынбыз. Мәселен, кіндік қаным тамған Балықтыкөлден іргедегі Шербаковскийдің бейнесі неге мүлдем өзгеше деген ой жүрек қозғайтын. Намыс сондайда туады екен. Өскенде ауылымды көркейтуді армандайтынмын.
Арманымның ақтығына орай Тәуелсіздік таңы атты. Мерейлі мақсатыма қанат бітті. Бұл уақытта іс ұйымдастырудан әжептәуір тәжірибем бар еді. Шаруашылығы күйзеліп, тұрғындары амалсыз жан-жаққа көшіп, жұрты ғана қалуға айналған Изенді ауылын өз еркіммен өмір көшіне қосуды қолға алдым.
Қазір келушілер тыныстастарымның тұрмысына, мекеніміздің сән-көркіне қызығады, сүйсінеді. Аудандағы, қалаберді облыстағы дәулетті, келбетті ауылдардың ең көрнектісі екені алыс-жақынға аян. Былтыр облыстық әкімдіктің үлгілікке ұсынуымен аймақтағы ауылдардың ат үстіндегі азаматтары арнайы келіп танысты. Бәрі таңданып, тамсанып қайтты.
Иә, бүгінде Изендіміздің ажары сүйсінерліктей. Іші-сырты сыңғырлаған мектеп, мәдениет үйі, пошта, байланыс бөлімшелері ғимараттары, боксшы Бақтияр Артаев атындағы спорт кешені, интернат, наубайхана, қымызхана, тойхана, ата-аналар бүлдіршіндерін ойнататын, сейілтетін балалар алаңқайы жұрт көзайымы. Айта кету керек, бұлардың дені серіктестіктің өз қаражатына салынды.
Шаруаның оңға басуы одан сайынғы жаңаруларға, өзгерістерге арқаландырады. Осы күздің берекелі болуы сол ұмтылысқа соны ұшқын түсірді. Асыл тұқымды Қарғалы қойы кезіндегі 3 мыңнан 12 мыңға асты, егіннен былтырғымен салыстырғанда, өнім екі есеге артық жиналды. Осыған қоса, түлік төресі – жылқы шаруашылығын дамыту қолға алынып жатыр.
Ұстанған мақсатым орындалып келеді. Ауылыма қамқорлық – асыл парызым, перзенттік борышым. «Тамшыдан теңіз құралады» деген емес пе. Еліміз өркендеуіне өзіндік үлес қосудан артық не мәртебе болуға тиіс.
Қанат ОТАРБАЕВ, «Отқанжар» ЖШС жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Білім және ғылым министрлігінің үздік меценаты.
Нұра ауданы.
Қарағанды ұшағы осындай
Экономикалық әлеует өсті деген осы. Бір кезде мүмкіндік келместей болып көрінетін істерге де қол жетті. Қарағандыда жасалған жеңіл ұшақтардың аспанға самғайтын күні де жақындап келеді.
Ауыл шаруашылығына көмекке бейімделген бұл техниканы құрастыруды «Қазавиаспектр» ЖШС өз міндетіне алған болатын. Қаланың іргесіндегі Жаңаөзен аймағында сол үшін салынып жатқан өндірістік ғимарат құрылысы аяқталып қалды. Ал ұшақтарды сынақтан өткізетін ұшу-қону алаңы дайын. Татарстанда біліктілік жетілдіріп жатқан жергілікті мамандардың бір тобы үйренгендерін іс жүзінде көрсету үшін елге оралуға асығуда.
Аталған серіктестіктің өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Бақытжан Сейфуллиннің айтуынша, бірінші ұшақ Тәуелсіздік мерекесі алдында көкке көтеріледі. Содан кейін жобалық қуат орныққан бетте жылына 26-сын шығаруға көшеді. Жұмыс ауқымы одан сайын кеңейтіле түсіп, төтенше жағдайларда қолданылатын, туризмді дамытуға септігі тиетін түрлері жасала бастайды. Осы туралы құлақтанған алыс-жақындағы тұтынушылардан қазірдің өзінде 100-іне тапсырыс түскен. Соның ішінде Украина алғашқылардың бірі болып сатып алуға ынталы. Мұндай сұранысты ақтап, сақтау үшін ұшақтарды халықаралық талапқа сай шығару басты назарда ұсталады.
Бұл ұшақтардың бөлекше бір тиімділігі – басқаруға жеңіл. Оған кәдімгі автомобиль жанар- майын пайдалануға болады. Арнаулы алаңсыз-ақ тегіс жер бетінен көтеріле береді.
Осындай ұшақ жасауға да көтерілген өңір экономикалық қабілетінің қайнары одан сайын ашылатын уақыт туып тұр қазір.
Дерек пен дәйек
* «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несиелерді субсидиялау мен кепілдендіру бойынша 14 млрд.-тан аса сомаға 87 жоба іске асырылады.
* Өткен 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 69,7 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,7 пайызға артық.
* Соңғы 10 жылда тұрғындардың орташа айлық кірістері 6 есеге артты. Күнкөрісі төмендер үлесі 39 пайыздан 3 пайызға төмендеді.
* 2006 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп жалпы өнім көлемі 2 есеге өсті.
Алдағы жылдарда ауылды мекендерді дамыту үшін 56,8 млрд. теңге қаржы игеріледі.
* 500 кәсіпорын халықаралық сапа менеджменті сертификатымен жұмыс істейді.
* Екі жылда 12 балабақша, мектептер жанынан 293 шағын орталық, 25 мектеп ашылды.
* Жыл соңында айғақты көлем индексі 105 пайыз болады деп күтілуде.
* Тәуелсіздік мерекесіне дейін қосымша 1350 жұмыс орны ашылады.
* Суармалы жерлер 18,2 мың гектарға кеңейтіледі.
* 41 мал асылдандыру зауытының 18-і мүйізді ірі қараны, 12-сі қой өсірумен айналысады.
* Нұра ауданындағы «Қайнар», «Пржеваль», «Щербаков» ЖШС әрқайсысы 2-ден 3 миллион пұтқа дейін астық жинады.
Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның»
Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ.