Қызылорда облысына Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында меймандар «Мектепке дейінгі білім берудегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік» тақырыбында өткен республикалық семинарға қатысты.
Астанадан арнайы келген қонақтар алдымен Сырдария ауданының Бесарық ауылына барды. Бесарық аудан ғана емес, облыс шеңберіндегі көрікті ауылдардың бірі. Гүл-майсасы жайқалып, қауыздарынан су атқылап, мәдениет үйі жаңарып, мектебі жарқырап тұрған ауыл. Биыл аталған елді мекеннің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Меймандар ауыл халқының қуанышын бөлісті. Былтыр осы ауылда үшем дүниеге келген. Мәдәлі, Мағауия, Марғұлан атты бөбектер бірге толды. Қазақ о бастан ырымшыл халық емес пе? Үшемнің ата-анасы мәртебелі меймандардың алдынан балаларын алып шықты. Сөйтіп тұсауын кесіп беруді өтінді. Солайша, үш нәрестенің тұсауын Ербол Орынбаев, Бақытжан Жұмағұлов, облыс басшысы Болатбек Қуандықовтар кесті. Ел ағалары да құрқол келмепті. Олар үшемнің ата-анасына жаңа үйдің кілтін табыс етті. Шара барысында қонақтар биылғы жылы күрделі жөндеуден өткен «Бөбек» балабақшасының жұмысымен танысты.
Қызылорда қаласында 300 орындық «Шұғыла» жеке меншік балабақшасы ашылды. Оны ашқан «Нұрай» ЖШС-ның басшысы, белгілі кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев. Астаналық қонақтар осы балабақшаның ашылуына да қатысты. Балабақша 12 топқа арналған. Акт залы, бассейн, ойын және жатын бөлмесі, асханасы бар. Шыны керек, балабақшаның ғимараты анау-мынау колледждің ғимаратына бергісіз. Премьер-Министрдің орынбасары бастаған топ мұнан кейін «Назым» жеке меншік балабақшасына барды. Бұл бақша 2009 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар «Назым» ең алғашқылардың бірі болып мемлекеттік тапсырыс берілген балабақшаның бірі. Балабақша облыстық бюджеттен 70 пайызға дейін мемлекеттік тапсырыс алып отыр.
Арнайы делегация №101 орта мектепке де аялдады. Бұл мектеп мүмкіндігі шектеулі балаларды үйлерінен оқытады. Жиын барысында үйлерінде білім алатын оқушыларды қашықтықтан оқыту сабағы ұйымдастырылды. Сонымен қатар 10 мүмкіндігі шектеулі балаларға ноутбуктер тарту етілді.
Қалада ашылған кең сарайдай оқу ордасының бірі – №264 мектеп-лицей. Қонақтар осы мектеп-лицей жанындағы шағын орталықтың жұмысымен де танысты. Онан соң мектеп-лицейде «Қызылорда достарын шақырады» атты балалар концерті болды. Сонымен қатар осы жиында «Үздік мұғалімдер» марапатталды. Облыс әкімі осының алдында үздік ұстаздарға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілетінін айтқан болатын. Бүгін сол үздіктер анықталды. Олар: №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ырысты Шомаева, «Мұрагер» мектебінің математика пәнінен сабақ беретін Балтабай Жәмешев және Қазалы ауданындағы №25 мектептің бастауыш сыныбының ұстазы Клара Абылаева.
Онан соң студенттер сарайында «Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі білім беру» тақырыбында республикалық семинар болды. Семинар-кеңестің жұмысы «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, қазақстандық мектепке дейінгі білім берудің инвестициялық тартымдылығының шарты ретінде» тақырыбындағы көрме жұмысымен танысумен басталды. Көрменің мақсаты еліміздегі кәсіпкерлік өкілдері мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасында іскерлік және серіктестік байланыстарды орнатуда мектепке дейінгі білім беруде мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің перспективалы және өзекті бағыттарын көрсету болып табылады.
Семинар кеңеске Білім және ғылым министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері, БҰҰ ЮНИСЕФ Балалар қорының, ЮНЕСКО-ның өкілдері, өзге облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының басшылары, біліктілікті арттыру институттарының мамандары, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен мамандары, педагогикалық жоғары оқу орындарының, колледждердің басшылары мен мамандары облыстағы мектеп басшылары және балабақша меңгерушілері қатысты. Бұл жиынның Қызылордада өтуінің өзіндік себептері бар. Өйткені республика бойынша алғаш рет 2009 жылдан бастап жекеменшік балабақшаға облыстық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс берілген болатын. Осыған орай, облысымызда мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі өсіп отыр. Облыста бүгінгі күні 319 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Онда 20233 бала тәрбиеленуде. Облыстағы 3-6 жастағы баланың мектепке дейінгі ұйымға тартылуы 56,5 пайызды құрап отыр. 319 мектепке дейінгі ұйымның 179-ы балабақша, 140 мектепке дейінгі шағын орталық. Жылдан-жылға аймақта жеке меншік балабақшалар желісі өсіп келеді. Облыс бойынша 2008 жылы 5 жеке меншік балабақша болса, қазір жеке меншік балабақшаның саны 54-ке жетті.
Семинардан соң қонақтар «Назарбаев интеллектуалдық» мектебінің» құрылысымен танысты. Мектепте 120 оқушыға арналған жатын орын бар. Интеллектуалдық мектеп химия-биология бағытын тереңдетіп оқытады.
Шара соңында журналистермен жолыққан Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өңірде атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.