Әркімге өзінің туған жері – ыстық десек те, ішінде ерекше қасиетімен дараланып тұратын киелі өңірлердің орны қашанда бөлек саналады. Соның біріне – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының Қасқасу өңірі жатады. Себебі, одан 17 КСРО Суретшілер одағы мүшесінің шыққанын біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Үш мектеп сол өңірден түлеп ұшқан қылқалам шеберлерінің – Тоқболат Тоғысбаев, Құрас Тыныбеков, Бексейіт Түлкиев есіміне ие. Бұл да басқа бірде-бір жерде жоқ оқиға. Қазақтың тұңғыш гобелен тоқушысы, суретші Құрас Тыныбеков, шығыс жекпе-жегінің шебері, таэквондоның майталманы Бексейіт Түлкиев жайында әлі бөлек әңгіме қозғала жатар. Ал жақында Президенттік мәдениет орталығының көрме залында белгілі қылқалам шебері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Тоқболат Тоғысбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай өткен жеке көрмесі лирикалық, патриоттық сарынымен баурады.
Алуан нақышпен өрілген бояу сазынан дала құдіреті сезіледі. Мұны ешкім иеленіп кете алмайды, «менікі» деуге жүрегі дауаламайды. Себебі, қылқалам иесі туған өлкенің этнографиялық құндылықтарын қиял-арманы қалықтаған тұстың барлығында санаға мықтап құйып отырған. Тоқболат Тоғысбаев шығармалары эпикалық сарында төгіле жырланады. Ол қазақтың рухы мен күш-қайраты өзінің төл туындыларында, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында жатқанын жазбай танығандықтан, осы ұғымнан қай кезде де бас тартпаған. 60-70-80-жылдарда кеңестік саясаттың шарықтап тұрған кезі болатын. Сол уақыттың тынысын айшықтап, атақ-даңққа бөлене берсе, кім ұстапты оны бұл жолдан? Коммунизмді, социализмнің жетістіктерін неге жырламады? Саясаттың сойылын соғудан неге қашты? Ненің тозып, ненің мәңгі өмір сүре беретінін бағамдаудың өзі тек қана талантты адамдардың ғана қолынан келетінін осы көрмедегі кез келген туындысы шашаусыз баяндап тұр. Тоқболат суретші «Дала әндері нақыштары» (1968ж), «Сайыс» (1972ж), «Әнші таулар» (1973ж), «Жаңғырған дала» (1980ж), «Бейбітшілік әні» (1985ж), «Түйешілер» (1986ж), «Жайлылық» (1986ж), «Бейбітшілік туралы ән» (1985ж), т.б еңбектерінде халқымыздың ұлттық ою-өрнектерінен өмір іздерін көрсете білді. Абайдың, Құрманғазының, Махамбеттің, Нұрғисаның портреттерін салды. Халқының азаттығы мен ерлігін жырлаған жасампаз тұлғалардың бейнесін мінез-болмысына қарай зерттеп, қылқалам өнерінде мәңгі қалатын үлгіде түсіргеніне шүбә келтірілмейді.
Көрме залы ашық түсті, айқын бейнелерден дәл осыншалық құлпырып кетеді деп ойламаппыз. Оң қапталда суретші есімін жұртқа әйгілі еткен бірегей туындылары – үш бидің бейнесі тұсына келген адам тарих тылсымына үңіледі. Триптих-портреттің ерекшелігі – Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың үш кемеңгерінің бейнесін салуды алғаш қолға алған адамның алдында қаншама ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер тұрған еді. Тарихты білмей, өткеннің сабағынан дәріс алмай мүлтіксіз дүние туа ма? Жоқ, әрине. Ол үшін шаң басқан архивтің ішінде біраз күн көз майын тауысуға тура келеді. Арғы-бергі тарихты сүзіп болған соң, көкірекке түйген әсерді қиялда өрнектеп шығу үшін суретшіге қаншама ұшқыр ой керек десеңші. Жиған-терген деректі санада әбден екшеп алғаннан кейін нағыз жан қиналысы сонда басталады. Азаптанып, арқалануды жан дерті деу қиын болар, бірақ мұнсыз қай шығарма да адамды жалықтырып жібереді. Сондықтан болса керек осы қиындыққа төзе білетін адамдардан ғана атақты суретшілер шыққан. Қазаққа шешендігімен, ақыл-парасатымен қымбат үш тұлғаның бейнелеу өнеріндегі тағылымын тапжылмай таныту міндеті жүктелгенде, сол төзімді суретші Тоқболатқа Жаратқанның өзі сыйлағандай. Өнердің төркіні төзім екенін түйсіндірер бұл көрме адамға рухани шабыт беріп, көңілге шат әуен ұялатуымен қымбат. Шара суретшінің Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайындағы, Президенттік мәдениет орталығындағы, Павлодар облыстық көркемсурет мұражайындағы және де інісі Ерболат Төлепбай мен өзінің жеке отбасындағы коллекциясынан ұйымдастырылып, Тәуелсіздік рухына сай келуімен бағалы.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.