Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Шаруашылықтың дұрысы – ірісі

512 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстанда осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін шаруашылық субъектілерін ірілендіру мәселесіне көп мән беріліп келді. Бұл – дұрыс саясат. Өйткені, ірі шаруашылыққа инвестиция тарту, жаңа технологиялар әкелу әлдеқайда жеңілірек. Мұнда мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын, өнімдерді өткізу мәселесін де жолға қоюға болады.

Шаруашылықтың дұрысы – ірісі

Жеке ұсақ шаруашылықтарға қарағанда іріленген шаруашылықтың беретін пайдасының мол екендігін шетелдік тәжірибелер де жақсы дәлелдейді. Мәселен, АҚШ-та ірі шаруашылықтардың саны мұндағы ауыл шаруашылығы субъектілерінің бар-жоғы 8 пайызын ғана құрайды. Бірақ, осыған қарамастан, олар ауыл шаруашылығынан алынатын өнімдердің 80 пайызын беріп отыр. Мұндай мысалдарды нарық заңы бойынша жұмыс істейтін батыстың басқа да елдерінен көптеп келтіруге болады.

Қазақстан Үкіметі де осындай тәжірибелерге сүйене отырып, ауылда алғашқы жекешелендіру жүріп өткен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ бұрынғы кеңшар, ұжымшарлардың орнында қаптап кеткен ұсақ шаруашылықтарды жекеменшік негізінде қайтадан ірілендіру мәселесін қолға алды. Астық шаруашылығы саласында бұл саясат өз жемісін берді. Қазақстан миллиард пұт астық өндіретін ел ретіндегі бұрынғы атақ-абыройын сақтап қана қоймай, әлемдегі 10 астық державасы арасынан өз орнын алды. Ал мал шаруашылығы саласында бұл саясат өз жемісін бере қоймады. Мал шаруашылығы саласындағы ірі құрылымдар мемлекеттің берген қаржылай қолдауын пайдалануындай пайдаланғанымен, ұсақ шаруашылықтардың нарықтағы орнын баса алмай келеді. Әрі ірілендіру үдерісінің де тым ұзаққа кететін түрі бар. Егер нақты фактіге келетін болсақ, бізде былтырғы жылы өндірілген 1 миллион 701,6 мың тонна мал мен құс етінің 20 пайызға жуығы, 5 миллион 300 мың тонна сүттің 7-8 пайызы ғана ұйымдасқан ауылшаруашылық кәсіп­орындарының үлесінде. Қалғанының бәрін үй шаруа­шылықтары және ұсақ шаруа қожалықтары беріп келеді.

Бірақ бір өкініштісі, елімізде еттің 80 пайызын, сүттің 90 пайыздан астамын өндіретін үй шаруашылықтары мен ұсақ шаруа қожалықтары осы уақытқа дейін мемлекеттің ірі шаруашылықтарға жасап келген қамқорлығынан көп жағдайда тысқары қалған еді. Ал дамыған шет мемлекеттерде жағдай басқаша. Олар өздерінің ұсақ шаруашылықтарын қолдауды да ұмытпайды. Мәселен, ауыл шаруашылығы экспорты жөнінен әлемде алдыңғы орындардың бірін иеленіп отырған Канадада шағын және орта шаруашылықтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12 пайызын ғана өндіргенімен мемлекет көмегінің 25 пайызын алып келеді.

Еліміздегі осы олқылық Елба­сы­ның тапсырмасы бойынша әзір­ленген «Қазақстан Республика­сының агроөнеркәсіптік кешенін дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сында» ескерілді. Онда ұсақ шаруа­шылықтарды, соның ішінде үй ша­руа­­шылықтарын мемлекеттік қолдаумен қамтудың дүниежүзілік озық тә­жірибелерге тән жолдары белгіленді. Ол жол – ауыл шаруашылығын кооперативтендіру еді. Мәселен, кем дегенде 20 үй шаруашылығы бас қосқан жерде олардың кооперативі ұйымдастырылатын болады. Бұл кооперативтерден бірінші кезекте сүт өнімдерін жинаудың, содан кейін ет өнімдерін жинаудың тиісті схемалары әзірленді. Кооператив қасынан сүт қабылдау пункті ашылып, ол тиісті технологиялық құралдармен және сүтті тасымалдайтын көлік түрімен қамтамасыз етілуі тиіс. Мұнда сүттің сапасын және көлемін анықтайтын құралдар болады. Сүт жинайтын адам белгіленеді және кооператив басшысы сайланады. Бұл үдерістердің бәрі ауыл адамдарының қолдауымен ерікті түрде жүргізіледі.

Мұның сыртында, мемлекет осындай ұйымдасып тірлік құрамыз деп кооперативке біріккендерге сол кооператив арқылы тиісті субсидиялар бермек.

Міне, осындай мәселелерге мемлекет тарапынан 50 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Жалпы мал шаруашылығындағы кооперативтендірудің қанатқақты жобалары былтырғы жылдың өзінде басталып кеткен болатын. Енді «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» іске қосылған биылғы жылы бұл іс бүкіл еліміз бойынша жаппай қолға алынып отыр. Содан бері жарты жылдай уақыт өтіп те кетті. Жобаның қазіргі аяқ алысы қандай?

Осы сұраққа жауап іздей отырып, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мыр­зах­метовтің жуықта халық алдында есеп беру мақсатында жариялаған баян­да­масына үңілген едік. Онда былай делінген:

Ұсақ шаруа және жеке қосалқы шаруа­шылықтарды кооперативтерге тар­ту бойынша мынадай жұмыстар жүргіз­ілді:

1) барлық 160 ауылдық ауданда семинарлар өткізілді және 2 248 ауылдық округ әкімі мен аудан әкімінің орынбасары оқытылды;

2) ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін кепілсіз және алғашқы жарнасыз модульді сүт қабылдау және сою пункттерін сатып алу схемасы енгізілді, сондай-ақ, кооператив мүшелері үшін кредиттерге кепілдік беру тетігі көзделді.

Индикативті көрсеткіштер қайта қаралды. Егер, бұрын 2017 жылы 326 кооператив құру жоспарланған бол­са, енді оның санын 467-ге дейін жет­кізу жоспарлануда. 30 мамырдағы жағ­дай бойынша 286 кооператив, оның ішінде сүт дайындау бойынша 102, ет өндіру мен дайындау бойынша 181 кооператив тіркелген. 20 136 бас ірі қара малға арналған отбасылық бор­да­қылау алаңдары және 51 жылыжай салын­ды. Тауарлы ауыл шаруашылығы өнім­дері өндірісіне 40 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен шағын фермер­лік шаруашылық тартылды.

«Жалпы кооперативтерді құру бойынша қарқын жаман емес екенін бай­қауға болады. Сонымен бірге, тіркелген кооперативтердің барлығы дерлік ұсынылатын талаптарға сәйкес келе бер­мейді, ал жекелеген өңірлер бойынша жұмысты тұтастай күшейту қажет. Мұн­дай кооперативтерді талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі шаралар әкімдіктер назарына жеткізілді және олар бойынша нақты жоспар жасалды», дейді Асқар Мырзахметов осы мәселе бойынша есе­бін түйіндей келіп.

Сонымен, ресми ақпаратқа сүйенсек, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөніндегі жұмыс барысы жаман емес секілді. Алайда, жергілікті жерлердің барлығында бірдей бұл қозғалыс қарқын алып отыр деп айтуға әлі тым ерте. Тіпті оны айтасыз, кейбір өңірлерде жауырды жаба тоқу, құрылған кооперативтер санын асыра көрсетіп, қосып жазу фактілерінің белең алғандығын жасыруға болмайды.

Қазақстанда өткен жылы 157 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды деген дерек тіркелген болатын. Бірақ, өкінішке қарай мұның біразы санда болғанымен, санатта жоқ болып шықты. Мұны да сол Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жүргізілген тексерулер анықтап отыр.

Мәселен, Жамбыл облысында 11 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды делінген еді. Нақты құрылғаны алтау ғана екен. Қызылорда облысында құрылды делінген 35 кооперативтің 17-сі ғана жұмыс істеп тұрған. Ал Павлодар облысында қағазда 14 кооператив тіркелсе, нақтысы төртеу ғана болып шықты.

Осындай жағдай инфрақұрылымдар жөнінде де орын алған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында екі сүт қабылдау пункті құрылды делінсе, нақты құрылғаны біреу ғана болып шықты. Қызылорда облысында есепте тіркелген 17 пункттің орнында 11-і ғана жұмыс істеп тұрған. Атырау облысында 1 мал сою пункті құрылды деп көрсетілген еді. Мұның өзі өтірік болып шыққан. Қызылорда облысында 12 мал сою пункті құрылды деп дабырайтылса, жұмыс істеп тұрғаны үшеу ғана екен. Ал Шығыс Қазақстан облысында 3 сойыс пункті жұмыс істеп тұрса, қағазда бұл сан екі есе арттырылып, алтау деп көрсетілген.

Демек, ауылдағы үй шаруа­шылы­ғымен шұғылданатын қарапайым адамдардың басын қосып ұйымдас­тыруға, осындай жолдар арқылы олардың тұрмысын түзетуге және еліміздегі ет пен сүт өнімдерінің көлемі мен сапасын артты­руға бағытталған бұл жобаның маңызы мен ерекшелігін жергілікті жер­дегі билік иелерінің барлығы бірдей жете түсін­беген. Әйтпесе, қосып жазу фактісі белең алмас еді. Мұның өзі, бі­рін­­ші­ден, жауапты жұмысқа деген сал­ғырт­тық пен немқұрайдылықты білді­реді.

Біздің түсінігімізде ауылдың қара­пайым халқына шынайы жаны ашитын мемлекеттік билік өкіліне нақ осы мәселеде өтірік айтуға болмайды. Өйт­кені, мемлекет тарапынан нақ осындай қамқорлық ірі шаруашылықтарға жаса­лынатын болса, олардың басшылары қолдарында күші бар дүмді адамдар болғандықтан Үкіметтің қаржысын қолдан тартқандай қылып, өздері-ақ жұлып алар еді. Ал ауылдың қарапайым халқы бұлай істей алмайды. Олар ұйымдаспаған бұқара көпшілік болғандықтан тіпті өз аяғымен келіп тұрған көмектен де қағылып қалуы мүмкін. Сондықтан ауыл шаруашылығын, әсіресе қолдағы бес-алты малға ғана қарап отырған үй шаруашылықтарын кооперативтендіру ісінде басшылардан іске деген зор жауапкершілік, қарапайым халық­пен жұмыс істегенде төзімділік, коопе­ра­тив­тендірудің пайдалы екендігін жалықпай түсіндіру және жоғары жаққа ақпарат бергенде шынайылық талап етіледі.

Жалпы ауыл шаруашылығы кооперативі дегеніміз, экономикалық ағзаның тірі бөлшегі. Дамыған экономика кооперативтердің құрылуын міндетті түрде талап ете бастайды. Өйткені, еңбек етуге қабілетті халықтың қалың бөлігі ұйымдасқан түрде экономикаға тартылатын болады. Бұл былайша айтқанда, Абай атамыздың «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегеніндей босқа отырмай тірлік қылып, өмірден өз орныңды табу деген сөз. Мәселен, кооперативтер 150 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан Германияда әрбір төртінші адам әйтеуір бір кооперативтің мүшесі болып табылады. Ал бұл елде кооперативтердің сан түрі кездеседі. Немістер кооперативке бір кәсіп саласында бірігіп бас қоса отырып, еңбекті жеңілдетудің құралы ретінде қарайды. Сонан кейін қоғамда өз дауыстарын айқынырақ естірту үшін, қажет болса Үкімет алдына мәселе қойып, проблемаларын шешу үшін салалық кооперативтердің одағына немесе ассоциациясына бірігеді.

Міне, осы Германиядан елімізге келіп, ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңдардың дұрыс әзірленуіне көмек көрсеткен сарапшы Уве Шёне елде кооперативтік қозғалыстың дұрыс қалыптасып, дамуы үшін қажет болатын басты екі қағиданы атап көрсеткен еді. Оның біріншісі – адамдардың кооперативке ерікті түрде бірігуі, екіншісі – бастапқы кезеңде мемлекеттің оларға қолдау көрсетуі.

Біз қазір ауыл шаруашылығы саласында кооперативтік қозғалысты дамытудың нақ осы кезеңінде тұрмыз. Еліміздің әр түкпірінде көптеген азаматтар кооперативке бірігу өз өмірлерін жеңілдетіп, табатын пайданы молайтатындығын жақсы түсініп, қазірдің өзінде оған мүше болып үлгерді. Мемлекет оларға заң жөнінде де, қаржылай да және істі ұйымдастыру бағытында да барынша көмек көрсетуде. Кооперативке бірігу дегеніміз, мал мен мүлікті біріктіру емес, тек ұйымдасып өткізу үшін өнімді біріктіру болып табылады. Бірақ пайда бірікпейді. Кім қанша өнім тапсырса, соған сай қаржы табады. Міне, нақ осы мәселені әрбір азаматтың дұрыс түсінгені абзал.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»