«Әдебиет және ізгілік» клубының жетекшісі, ақын Мұратхан Шоқанның құрастыруымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойы қарсаңында жарық көрген «Тәуелсіздік жемісі» өмірбаяндық-анықтамалық кітаптың тұсаукесері Президенттік мәдениет орталығында өтті.
Алыс-жақын шетелдерден 1 миллионға жуық қандастарымыздың атажұртқа оралуының өзі Тәуелсіздік жемісі екенін баяндайтын кітап арқылы бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүрген көптеген танымал есімдермен қайта қауыштық. Міне, «Құран-Кәрімді» қазақша толығымен аударған «түркі әлемінің ғұламасы» Халифа Алтай атамыздың есімін құдай-ау, бүгінде білмейтін қазақ баласы бар ма елімізде, болмаса қазақ елінің намысын қорғап, аламанда атой салмадым деп арманда кеткен кешегі есіл ер Мұстафа Өзтүріктің гүрзідей жұдырығын тас түйген қалпындағы суреті жаныңызды жалынға орап өтер еді. Кітаптағы тұлғаларды толтырған азаматтардың ішінде Түркиядан тарихи Отанына оралған айтулы дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлытай мен шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейдің еңбектері исламға бет бұрған қазақ баласының қай-қайсысына да етене таныс емес пе? Болмаса филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы мен Дүкен Мәсімханұлының түрлі басылымдарда жарық көріп жататын тұшымды дүниелеріне оқырманның көз қырын салмай өтуі мүмкін бе? «Ғалымдар мен мамандар» деп аталатын бөлімнен туған жердің ғылымына толағай үлес қосып жүрген мұнан да басқа көптеген қызық тағдырлармен қауышасыз. «Өнер адамдары» бөлімінен аты аңызға айналған Мирелла Френни мен Плачидо Доминголармен бірге сахнада өнер көрсеткен қазақтың тұңғыш әншісі Майра Мұхамедқызының, әлемдік опералардың бас кейіпкерлерін сомдаған опера әншісі Қабылаш Әбікейұлының өмірбаянын оқып отырып, сондай-ақ ақын Құл-Керім Елемес, күні кеше дүниеден озған сазгер, әнші Ермұрат Зейіпхан, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, атамекенге оралған қандастарымыздың мұң-мұқтажын жазуда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әріптестерімізден Есенгүл Кәпқызы, Бекен Қайратұлы, Құтмағамбет Қонысбаев сынды замандастар бейнесімен бетпе-бет келгенде, апыр-ай, шет елде жүрсе де қазақтың тілі мен ділінің қаймағын бұзбай, осыншама мөлдір күйінде сақтап келген бұл неткен құдірет деп таңданбасқа лажымыз қалмаған. Байрақты бәйгелерде қазақтың намысын жыртып жүрген батыр ұлдарымыз, Олимпиада жеңімпаздары Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам есімдерін ел-жұрты әлдеқашан Тәуелсіздік жылнамасына қосып қойғанын ескерсек, аттөбеліндей қазақ баласын ендігі кезде оралман, тұрғылықты деп бөліп-жармай, ортақ мүддеге жұмыла кірісіп кететін кездің келгенін айту парызымыз.
«Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар» бөліміне зер салар болсаңыз, шеттен келген қандастарымыз тек рухани құндылықтарға мол үлес қосумен шектелмей, басқа да салалардан сол елдің озық ойлары мен үлгілерін еліне молынан алып келгеніне көз жеткіземіз. Жиырма жылда Қазақ еліне дүниенің түкпір-түкпірінен қандай көрнекті ұл мен қыздары қоныс аударғанын біле жүру үшін тарих беттерін осылай бір түгендеп тастау керек те шығар, әрине. Бірақ тарихи Отанына оралғалы арада қаншама жылдар өткенмен өзін оралманмын деп атаудан арылмайтын кейбір бауырларымызды кезіктіргенде, қазақтың қазір бір-бірінің бойынан бөтендікті іздейтін кез емес, керісінше бір-бірінен бүтіндікті іздейтін уақыт екенін еске салғымыз келеді.
Кітаптың тұсаукесер кешін ақын Ұлықбек Есдәулеттің жүргізіп отыруының өзі бұл шараның Тәуелсіздік тойына қазақы рухта жасалған тамаша тарту екендігіне шүбә келтірмейді. Кітаптың алқызыл лентасын Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков қиып, шет елдегі қандас бауырларды туған жерге тартудың тарихи белестеріне тоқталып өтті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқаров Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың кешке қатысушыларға жолдаған арнау сөзін оқып беріп, Тәуелсіздік тұғыры қазақтың тұтастығымен ғана беки түсетінін айтты. «Оралман» атауы көп адамның көңілінен шыға бермейді. Туған жерін аңсап келген бауырларға лайық басқа ат табу керек. Осыған сай дұрыс атауды бірлесе іздейік деген ұсыныс білдірілді. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев Қазақстанда жүргізіліп отырған көші-қон саясаты басқа бірде-бір елде жоқ, ол тек Елбасының қолдауымен ғана жүзеге асып отырған іс деп, атап өтті. Сахнада Қабылаш Әбікейұлы әуелете ән шырқап, кеш ажарына сән берді. Аңсаған мұраты атамекенге жету болған қандастар сол арманға бүгін қапысыз жеткен бақыты туралы баяндаудан жалықпады.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.