Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Инновация – игіліктер мүмкіндігі

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының ұйымдастыруымен «Қазақстан кәсіпорындарына инновациялар мен IT-технологияларды енгізу» мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған Германияның бірқатар жетекші жас ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

Инновация – игіліктер мүмкіндігі

Айталық, дөңгелек үстел ба­сында Германия тарапынан Фраунгофер атындағы инсти­туттың автоматтандыру және өндірісті басқару жөніндегі ЕО кең­сесінің басшысы Кристиан Блоб­нер, осы институттың инновациялар мен жүйелерді зерттеу жөніндегі ғылыми қызметкерлері – доктор Эмануель Муллер және профессор Андреа Зенкер болды. Қазақстан жағынан Елбасы қоры жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Махмұт Томанов, кеңес мүшелері, жоғары оқу орындарының жас ғалымдары Сүлейман Демирел атындағы университеттен Мейрамбек Жапаров, Мәдина Әлиманова, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінен Бейбіт Әмірғалиев, Кәрім­жан Нұрлан, Назарбаев Универ­ситеттен Нұрхат Жақиев, Болат Сұлтанғазин, Алмас Шын­­теміров, сонымен қатар, «Ин­дус­трия 4.0» компетенция ор­талы­ғының директоры Серік Құр­манов қатысты.

Шара барысында ғалымдар 3D принтинг, қазақстандық роботты техника, ІТ мамандарын даярлау әдістері және тағы бас­қа мәселелерді талқылады. Мәселен, отандық мамандар «Қа­зақстанның 3D принтингтегі мүмкіндіктері және проблемалары», «IT университетінің мысалы негізінде роботты техника саласындағы жаңа жобалар», «Қарағанды ЖЭО-ның энергия тиімділігін арттыру үшін әзірленіп жатқан ІТ шешімдер», «2018 жылы экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз ете­тін бес негізгі басымдықтар, Цифр­лы Қазақстан-2020» сияқты тақы­рыптарда сөз сөйлеп, өз тәжіри­белерін ортаға салды.

«IT-технологияларды енгі­зудің нәтижесінде кәсіпорын­дардың өнімділігі, жұмыстың жылдамдығы, шығындардың оңтайлануы және табыстың артуы ұлғаяды. Біз барлық ноу-хауларды «прототипінен бастап өндіріске дейін» Астананың шағын және ірі кәсіпорындарына енгізгіміз және үздік шешімдерді бүкіл елге таратқымыз келеді», дейді Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Махмұт Томанов. Төрағаның айтуынша, мұндай басқосулар білім беру ұйымдары мен нақты өндіріс орындарының байланысын арттырып, тың идея­лардың өндірісте іс жүзіне асуына өз ықпалын тигізеді. Осы­лай­ша, экономиканың ғылымға негі­зделуіне жол ашпақ.

«Қазіргі кезде универ­ситеттердің барлығы дерлік ин­дус­трияға қажет. Бірақ индус­трияның өзі нақты бір маман­дарды қаласа да, бүгінгі оқу бағ­дар­ламалары ондай қызметкер­лерді даярлауға сай келмейді. Осының салдарынан өндіріске келетін бакалавр маманы тағы бес жылдай бейімделеді. Демек, төрт жыл оқиды, бес жылын тағы бейімделуге кетіреді. Сөйтіп, бақандай тоғыз жылдан кейін бір нәрсені істей бастайды. Бұл – тым ұзақ үдеріс. Қазіргі нарық заманы ондайды көтермейді», дейді М.Томанов. Оның айтуынша, бүгінде ақпараттық теxнологиялар саласындағы инновацияларды өндіріске енгізу үшін жеті жылдай уақыт қажет. Ал кейбір қытайлық компания­лар ол жұмысты алты айдың ішінде іске асырып жатады.

«Соның бәрі қытайлық компаниялардың қолынан келсе, бізге олардың тәжірибесін өз елімізде неге енгізбеске? Әрине, бұл жерде ғалымдардың еңбегі зор. Себебі, олар нақты өндіріске қатысты сараптама жасап, тиімді әрі пайдалы ұсыныстар жасай алады. Мысалы, біздің ұлттық компанияларымыз белгілі бір теxнологияны сатып алады. Бірақ ол ескірген болып шығады. Ондай оқиғалар аз емес. Ал ғылым мен өндіріс арасындағы мықты байланыс орнатылса, заман талабына сай теxнологияларды алуға болады. Себебі, ғалымдар оның бәрін сараптап отырады», дейді М.Томанов.

Сондай-ақ, сарапшылар са­парының мақсаты Қазақстан өнер­кәсібінің «Индустрия 4.0» технологиясын енгізуге дайын­дығын тексеру, өнер­кәсіпті цифрландыруға қажетті өнім берушілер экожүйесін баға­лау екендігі айтылды. Сол себепті, осы жұмыс шеңберінде шетел сарапшылары алдағы 3 күн бірқатар отандық кәсіпорындарға бармақ. Сондай-ақ, мүдделі ведомстволар және ұйымдармен, соның ішінде ғылыми ұйымдардың өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған. Германия маман­дарымен басталған мұндай кез­десу алдағы уақытта басқа да шетелдіктермен жалғасын тап­пақ.

Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»