Аймақтар • 11 Шілде, 2017

«Ауыл шаруашылығы – қарымды сала»

132 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойып, көптеген позициялар бойынша еліміздің әлемдегі ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі, астық өнімдері бойынша Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болу жолдарын атап көрсеткен болатын. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырма жүктелген еді.

«Ауыл шаруашылығы – қарымды сала»

Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы саласын дамытудың басым бағыт­тарын баяндаумен қатар, толғақты мәселелерге де баса назар аударды.

Астықты өлке тұрғындарының 56 пайыздан астамын ауылдықтар құрайды. Демек, экономикалық белсенді адамдардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді деген сөз. Басты байлығымыз – жерге қатысты тұтынушылық көзқарасты жоюға шақырған Құмар Іргебайұлы егістік алқаптарды әртараптандыру, мал шаруашылығын өркендету, еңбекақы төлеу жайына кеңінен тоқталды. Биыл майлы дақылдар алқабы 39 пайызға ұлғайтылып, 712 мың гектарға жеткізілді. Бұл – республикалық көрсеткіштің үштен бірі. Жасымық алқабы 2,5 есеге өсіп, 195,5 мың гектар болды. Алғаш рет 4,9 мың гектарға соя егілді.

Сөз арасында облыстың астық өндірісін әртараптандыру бойынша атқарған жұмыстарына Үкімет басшылығы тарапынан оң баға берілгенін айта кеткен жөн.

 – Ресейдің шекаралас үш облысында 6,5 миллионнан астам адам тұратынын ескерсек, сыртқы нарықта зор әлеуетке иеміз. Қазіргі міндет – ресейліктердің үлкен сұранысына ие өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, өткізу нарығын кеңейте түсу. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатымен Ресейдің үш қаласында сауда үйлерін ашуды жоспарлап отырмыз. Оларда «Солтүстік Қазақстанда жасалған» маркасымен отандық тауарлар мен өнімдер сатылатын болады, – деді аймақ басшысы.

Одан әрі өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, білім, ғылым, қызмет көрсету салалары ауыл шаруа­шылығына негізделуі тиістілігін, тұты­нушыларға бағдарлануды жолға қою қажеттілігін атап көрсетті. Оның айтуынша, өңірде қолжетімді бағаға сапалы техника­лар құрастыратын зауыттар бар бола тұра, қаржының көп бөлігі тысқары жерлерге кетеді. Сондықтан, машина жасау кәсіп­орындары отандық, сол сияқты шетелдік ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін жолға қоюы керек. 5 айда 86,6 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі шығарылып, өткен жылға қарағанда 5,8 пайызға көбейген. Тапсырыс 30 миллиард теңгеге жетеғабыл. Өңір экономикасына 43,8 милллиард теңге инвестиция тартылды, өсім – 21,2 пайыз. Қытай, Ресей, Литва компанияларының қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. «Iluka» трансұлттық компаниясы бұрғылау жұмыстарына кірісіп, минералды құмдардың қорын анықтайтын болады. Осы негізде минералды құмдарды өңдейтін зауыт құрылысы жобасы қолға алынады.

Қ.Ақсақалов жол-логистика инфрақұрылымы туралы да әңгі­меледі. Биыл жергілікті маңыздағы 647 шақырым жол қалпына келтіріледі. Ресей Федерациясы шекарасына қарай үш бағытта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қоғамдық кеңесте су тасқыны да назардан тыс қалған жоқ. Көктемде облыста 380 үйді су басты, оның 10-ы толық жарамсыз деп танылды. Бүгінде 10 су өткізетін құрылыс жөндеуді қажет етеді. Тосын апаттан зардап шеккен адамдар мен мүліктерді қауіпсіз жерге көшіру бойынша барлық шара атқарылды. Материалдық шығындарға өтемақы ретінде 294, 3 миллион теңге берілді.

Тұрғын үй алу кезегін барынша қысқарту – негізгі әлеуметтік міндеттердің бірі. Биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 1 мың пәтер салынады. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы алаңы 117,3 мың шаршы метрді құрайтын 15 тұрғын үйді (1445 пәтер) пайдалануға беру жоспарланған. «Солнечный» кентінде жеке тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру бағдарламасы іске асырылады. Облыс орталығында 500-ден астам нысан бұзылады. Олардың орнына жаңа тұрғын үйлер, әмбебап теннис орталығы, театр, ІТ-орталығы бар оқушылар сарайы бой түзейді. «Жас өркен» шағын ауданында 2045 пәтерлік 7 тұрғын үй кешені салынады.

Келелі әңгіме барысында Құмар Іргебайұлы денсаулық сақтау, білім беру, спорт, жұмыспен қамту және көркейту салаларын дамытудың негізгі жобаларымен таныстырды.

– Қазіргі ақпараттық технологиялар ғасырында адамдарды мемлекеттік органдардың ашық­тығы, ақпараттың ғаламтор арқылы таралуы толғандырады. Бұлар – менің жұмысымның бас­ты қағидасы. Бірінші кезекте мемлекеттік сатып алу, бюджеттің бөлінуі мәсе­лелеріне айрықша назар аударамын. Бұл ақпарат жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурс­тарында толық көлемде берілуі тиіс. Аудандық, қалалық әкімдік­тердің сайттарына өзім мониторинг жүргізіп отырамын. Біз барынша ашық және қолжетімді болсақ, барлық сауалдарға нақты және түсінікті жауап берсек, адамдарды толғандыратын мәселелер азаяды. Тұрғындармен кері байланыс жасау мен үшін маңызды. Ол біздің іс-әрекетімізді сараптауға және өзекті мәселелерді анықтауға көмектеседі, – деді Құмар Ақсақалов сөзінің соңында.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы