Әдебиет • 11 Шілде, 2017

«Ақ серкеш марқұмның «аруағына...» немесе кәрі жезденің кешірімі

268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қардыбай жездем қылжыңбас адам. Ауыл арасында «Қардыбайдың қағытпалары» деген желілес әзіл-қалжың әңгімелер желдей есіп жүретін.

«Ақ серкеш марқұмның «аруағына...» немесе кәрі жезденің кешірімі

Биыл қыста дәл қазір Астананың іргесіндегі Қажымұқан ауылында тұратын сол Қардекеңмен бірге Қытайдағы ауылыма бардым. Қалың ел жиналып хатым оқылып жатқан бір жерде отыр едік, ортаға сақалы кеудесін жапқан қария келді. Қаумалап амандасып жатырмыз. Бір кезде ақсақал Қардыбайға бұрылып жақында қалаға көшіп алғанын айтып, қайыра есен-саулық сұрасты. Қардекең аман-саулық айтысып бола бере, «Қалаға көшкенше Қазақстанға көшпейсіз бе?» деді. Ақсақал езуіне сәл күлкі үйіріп, «Бұл жақта ата-бабамыздың қабірі жатыр, мен кетсем оған кім Құран оқиды?» деп еді, айнала жұрт ду етіп жарыла күлгені. Қолды сілтеп, бас шайқасып, ішек-сілелері қатып, қыран-топан күліп жатыр, күліп жатыр. Ал, Қардекең болса тіпті мәз.

Мына жұрттың күлкілерін сонша түсінбей аңырып қалдым. Дұрыс тыңдамай қалдым ба дейін десем, жап-жақын жерде, ап-анық естіп тұрмын. Сонша күлетін дүние емес қой. Сөйтсем, бұл әңгіменің тарихы бар екен. Жұрттың жапырыла күліп жатқаны содан екен.

Елді күлкіге қарқ қылып тұрған Хамза қария Қардыбайға жезде болып келеді. Сонша жақын да емес, рулас апайын алған. Біздің жақта сонша жақын болмаса да руынан қыз алған жездеге әзілдеу дегеніңіз ұрт тілді, қушікеш жігеттердің сүйікті бір «кәсібі» еді ғой.

Сонымен, ертеректе Хамза мен Қардыбай бір жақындарының ұлына құдалық сөйлесіп келуге жолға шығыпты. Жол мөлшері таңертең ерте шығып, жебелей аяңға аракідік желіс қосып отырса ақшамда жетер алыс жер екен. Алайда, аздап молдалығы бар Хамза ауылдан шыға бере қабір көрсе болды бұрылып, аттан түсіп Құран оқи беріпті. Бара жатқан шаруалары құдалықтың жайы екенін, тым кеш барса ыңғайсыз болатын айтып Қардекең біраз қамшыласа да Хамза қабірге бұрыла бергенін қоймапты. Тіпті, кейбіріне «құдам еді», «құдағиым еді» деп ұзақ сүрелерден соза әуендетіп, батасының өзінде бар тілегін сарқып айтып жолдасының сабырын әбден тауысыпты. Алдымыздан бейіт көрініп қалмаса екен деген Қардыбай алысқа көз салып, қабір көрінген жақты қалқалай жүріп біраз айла жасап та көреді, Хамза сонда да қиядан шалып, қиюын тауып, әйтеуір ат басын бұрады екен.

Сонымен не керек, жебей қамшыланып, желе жортып келе жатқан екеуге алдыдағы белегірден тағы бір үйген тас, қорым көрініпті. Бұл қорымның жағдайын Қардыбай жақсы біледі екен... Жақындағанда атын тебініп жіберіп сәл дөңестеу жерге жиналған қорым тастың етегіне келіп асығыс-үсігіс аттан түсіп, шарт жүгініп отыра қалады. Артынан Хамза да жетіп, ол да асығыс-үсігіс аттан түседі. - Ақыры шетінен оқып келеміз ғой, аруақ аттап кеткендей болмайық, қанеки, - дейді Қардекең. Қырысып келе жатқан жолдасының істі енді өзі бастағанына қуанып қалған Хамекең тамағын қырнап әр әріптің хирағатын шығара отырып асықпай оқиды. Оқып болып батасын жасарда «кім деп айтам?» дегендей Қардыбайға қарайды, Қардекең сәл күмілжіп барып, «ақ серкеш марқұмның аруағына...» деп төмен қарап ауыр күрсінеді. Хамекең «аты біртүрлі екен» дегендей жалтақ-жалтақ қарайды да, бата сөзін бұзып басқа сөз айтатын емес, «ақ серкеш марқұмның аруағына...» деп Қардекең сөзін қайталап айтып бет сипайды.

Екі жолаушы аттарына мініп енді алға ілгерлей бергенде әлгі құран оқыған «қорғаны» қора болып шығады ғой. Қора болғанда үлкен мал қора емес, көшкен елдің бір екі күн дамылдағанда қозы-лақ қамайтын үйшігі. Жаңбыр жауғанда үстіне шатыр жаба салатын қылып, үш-төрт ағаш айқастырып қойған. Атын тебіне дәл тұсына жетіп келгенде іші қозы-лақтың құмалағы мен сідігіне сарғайған үйшіктің есігіндегі ергеншек ағаш шалқасынан жатыр екен. «Бұ қалай болды?» дегендей аң-таң қарап тұрған Хамзаға Қардекең саспастан, «Ақ серкеш деген хаюанның «қабірі» еді. Өзі қашып кеткен бе, біреу сойып алған ба, есігі ашық қалыпты ғой...» деген екен.

Қаншама қалжыңға «қыңқ» демейтін Хамзекең атты ұрып жіберіп құйын-перен кеткен екен. Соңынан далбақтап Қардекең де шабады. Не керек, сол шапқаннан мол шауып, екінті ауа баратын үйдің белдеуіне ат басын бірақ тірепті. Суыт хабар айтып келгендей аттары қарасүмек терге малынған жолаушылардан үй иесі алғашында тіксініп қалады. Және бұлар бір-біріне де ләм-мим деспей, сұрланып алған. Келген жұмысы құдалықтың жайы. Хамзаның түнерген түрінен кісі қорқатын. Енді үй иесі қысыла бастайды. Ақыры, Қардекең сыртқа шығып оңашада мән-жайды түсіндіреді.

Мал сойылып, құдалықтың жайы айтылып таңертең екі жолаушы кері қайтады. Хамзекең атқа тақымы тиген бетте алдыға түсіп алып желе жөнеледі. Соңынан сүлкектетіп Қардекең де қалмай арқан бойы ілесіп отырады. Сөйтіп, әлгі ақ серкештік «қабірінің» тұсына да келеді. Сонда Хамзекең ерге бір жақ жамбастай отырып үйшікке арқасын беріп, теріс қарап өтті дейді.

Ауыл шетіне іліне Хамза өз үйіне тартыпты. Құдалыққа жұмсаған үйге келісім жайы, келесі қадам туралы Қардекең бір өзі барып айтыпты. Ал,  ақ серкештің әңгімесі ертесінде құда жақтан да, Қардекеңнің ауылы жақтан да будай көтеріліп жалпақ жұртқа жайылып кете барған ғой.

Содан бері отыз жылдан асқан екен. Жезделі балдыз болып қалжыңдасып жүрген Хамза мен Қардыбайдың ләм-мим деп тіл қатыспағалы да отыз жылдан асыпты. Хамекеңнің қатты ренжігені сондай одан кейін кездескенде Қардыбайдың сәлемін де алмаған екен. Кейін Қардыбай Қазақстанға көшіп кетеді. Араға аттай 6-7 жыл салып қайта барғанда топ ішінен Қардыбайға қайыра сәлемдесіп, «Қазақстанға көшпейсіз бе?» дегеніне қалжыңмен жауап беріп, бір жағы кешіріп тұрғандағысы екен.

– Әй, кәрі жезде, райыңнан қайттың-ау ақыры, алдыңа бір ақ серкеш әкеліп «әумин» десем, бата жасар ма едіңіз? – дейді сонда да қоймай Қардекең. – Жасамағанда, Құран оқығанда бата жасамайды дейсің бе, алып келші қане! – дейді кәрі жездесі жымиып.

Ауыл адамдарының сол күнгі риясыз күлкісін, Қардекең жездемнің сол күнгі ризалы қуанышын айтып сұрамаңыз. Ақ марқадай тыраңдап, ақ серкештей шұнаңдап, Хамза қарияны қайта-қайта құшақтады емес пе...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»