Елдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету Ұлттық Банктің негізгі мақсаты болып табылады. Инфляцияны төмен деңгейде ұстап тұру үшін Ұлттық Банк инфляциялық үдерістердің табиғатын айқындау жөнінде зерттеулер жүргізеді. Төменде берілген талдау оқырмандардың инфляцияның қалыптасуы, оның қандай негізгі себептері бар және олар инфляцияға қалай әсер етеді деген сияқты сұрақтарына жауап береді деп ойлаймын.
Сыртқы ая және ішкі факторлар
Ел ішіндегі инфляциялық үдерістер ішкі, сол сияқты сыртқы сипаттағы себептердің ықпалына ұшырайды. Соған байланысты инфляцияның факторларын ішкі және сыртқы нарықтарға тиесілі болуына қарай топтауға болады. Мәселен, мұнайдың, металдардың, бидайдың әлемдік бағасы, сондай-ақ әлемдік инфляция сыртқы факторларға жатады. Ішкі факторларға мемлекеттік бюджеттің еңбекақыға жұмсалатын шығыстары, жеке тұлғаларға трансферттер, жұмыс күшіне жұмсалатын үлес шығыны (немесе тауар нарығының бәсекелестік деңгейі), сондай-ақ жеке фактор – инфляцияның пәрменділігі жатады.
Қазақстанның әлемдік экономикалық үдерістерге белсенді қатысатынын ескерсек, әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы ахуал елдің макроэкономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан да Қазақстандағы инфляция мұнайдың, металдардың, бидайдың әлемдік бағаларының өзгеруінен болатын әсерлерге айтарлықтай тәуелді, себебі, республика осы тауар түрлерінің экспортері болып табылады.
Пәрменділік…
Күрделі әлеуметтік-экономикалық үдеріс ретінде инфляцияның пәрменділік қасиеті бар. Басқа сөзбен айтқанда, өткен кезеңнің инфляциясы ағымдағы кезеңнің инфляциясына әсер етеді. Көптеген үдерістер инфляция пәрменділігінің себептері, ал халықтың ішкі, сол сияқты сыртқы себептердің әсерінен туындауы мүмкін инфляциялық күтулері және тұтыну тауарлары бағаларының маусымдық өзгерістері негізгі себептер болып табылады. Мысалы, жыл сайын қаңтар-наурызда және қазан-желтоқсанда инфляциялық үдерістер күшейеді, ал жазғы уақыт кезеңінде олар төмендейді. Бұл өндірістегі нарыққа маусымдық азық-түлікті: көкөністерді, жемістерді, сүтті және басқа да азық-түлікті ұсынудағы өзгерістермен байланысты.
Инфляция пәрменділігінің Қазақстандағы бәсекелестік ортаның деңгейімен де байланысты болатындығын атап өткен жөн. Инфляцияның көтерілуіне экономикадағы жиынтық ұсыныстың өсу қарқынынан асып түсетін сұраныстың ұлғаюы ықпал етеді. Бұл мемлекеттік бюджеттен жалақыға жұмсалатын шығыстардың, сондай-ақ жеке тұлғаларға бюджеттен берілетін трансферттердің: зейнетақының, оқушыларға берілетін шәкіртақының, түрлі санаттағы азаматтарға берілетін жәрдемақылардың ұлғаюымен байланысты болуы мүмкін. Соңғы жылдары бюджет саласындағы қызметкерлерге және мемлекеттік қызметшілерге, жалақы, сондай-ақ зейнетақылар, шәкіртақылар үнемі өсуде. 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақылар, шәкіртақылар мен жәрдемақылар 30%-ға, 2011 жылғы 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30%-ға көтерілді. Осының бәрі белгілі бір дәрежеде инфляциялық күтулерге әсерін тигізеді, халықтың сатып алу қабілетін арттырады, экономикадағы жиынтық сұраныстың өсуіне ықпал етіп, нәтижесінде, елдегі бағаның қалыптасуына әсер етеді.
Және бәсекелестік заңдары бойынша
Қазақстан нарығының бәсекелестік ортасы елдегі инфляцияның маңызды факторларының бірі болып табылады. Нарықта тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер көп болған сайын, бәсекелестік ортаның да соншалықты жоғары, бағаның негізсіз өсуі үшін себептердің де соғұрлым аз болатындығы белгілі. Байыпты бәсекелестік тауар сапасының жақсаруына ықпал етіп, белгілі бір деңгейде бағаның төмендеуіне әкеп соғады. Тұтыну бағалары индексінің (ТБИ) құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі Қазақстанда айтарлықтай жоғары (35% астам). Тиісінше, инфляция азық-түлік тауарлары бағасының өзгерістеріне өте сезімтал күйде қалып отыр. Сонымен қатар елдің бөлшек сауда нарығында пайда табу мақсатында халық тұтынатын тауарлар бағасын өз бетінше көтеретін көптеген делдалдар жұмыс істейді және мұндай ахуал олардың бағасының негізсіз көтерілуіне ықпал ете алады. Сондықтан нарықта дұрыс әрі тиімді сауда, нарыққа еркін кіру, тұтынушыларға тасымалдау және жеткізу, сондай-ақ жалпы алғанда өндіру қалыптаспайынша инфляцияны қолайлы деңгейде ұстап тұру қиынға соғады. Сондай-ақ, Қазақстанның ауыл шаруашылығы бағытында даму үшін мүмкіндіктерінің жеткіліктілігін ескерсек, ішкі нарықта ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін дамытуға аса көңіл бөлу қажет.
Трендтердің синусоидтары…
Осылайша, инфляцияны талдау негізінде инфляция факторларының негізгі топтарының ықпал ету дәрежесі (пайыздармен) алынды (суретті қараңыз). Факторлардың сыртқы және ішкі топтарымен қатар инфляцияның пәрменділігі жеке қарастырылды.
Суретте берілген инфляция талдауы 2007-2010 жылдарды қамтиды. Талдау нәтижесі қарастырылып отырған бүкіл кезең ішінде инфляцияның құрамындағы неғұрлым үлкен үлес инфляцияның пәрменділігіне тиесілі екенін көрсетіп отыр. 2007 және 2010 жылдары сыртқы факторлардың инфляцияға ықпал етуі барынша күшті болды, ал 2008 және 2009 жылдары осы факторлар инфляциялық үдерістердің бәсеңдеуіне себепші болды. Өзгеше айтқанда, шикізат пен активтердің әлемдік бағаларының өсуі аясындағы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс алдында инфляция көп дәрежеде сыртқы факторлар есебінен қалыптастырылды. Осындай құбылыс 2010 жылы да байқалды. Ішкі факторлар 2008 жылы инфляцияға айтарлықтай әсер етті, ал 2009 жылы осындай әсер ету айтарлықтай күшейді.
… Және әсер ету тетіктері
Жаһандану үдерісі, мемлекеттердің ықпалдасуы, әлемдік қаржы және қор, тауар және шикізат нарықтарының жұмысы жекелеген елдердің экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Талдау көрсетіп отырғандай, қазіргі кезде, сыртқы нарықтың ішкі үдерістерге ықпал ету әсері күшейіп отыр. Сонымен қатар, инфляциялық үдерістердің қалыптасуына сондай-ақ бірқатар түбегейлі ішкі проблемалар және, ең алдымен, Қазақстан нарығындағы бәсекелестік деңгейінің жетіспеуі себепші болды. Аталған факторлар бірге және сол сияқты жеке алғанда инфляция қарқынының өрістеуі қаупін туғызады, бұл инфляцияны тежеу үшін экономикада құрылымдық қайта құруды талап етеді.
Инфляцияны басқару, оны қалыпты шекте ұстап тұру, болжанған және есептелген салдарлары бар инфляцияға қарсы жүйелік саясатты жүргізу үшін оның мәнін, механизмдерін және осы механизмдерді іске қосатын факторларды жақсы білу қажет. Өзінің сипатына, қарқынына, пайда болуына қарай инфляциялық үдерістер әртүрлі болады. Олар тек белгілі бір саясаттың тікелей нәтижесі ретінде қарастырылмайды, себебі, бағалардың өсуі экономикадағы терең үдерістердің шарасыз нәтижелері, жиынтық сұраныс пен ұсыныс, жинақтау мен тұтыну арасындағы теңгерімсіздіктің өсуінің объективті салдары және т.с болып табылады.
Осы проблеманы шешу Үкімет, жергілікті атқарушы органдар және Ұлттық Банк қабылдаған іс-қимылдардың үйлесімділігінен және келісімділігінен тұрады. Ұлттық Банк өз тарапынан «Ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарына» сәйкес баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолданатын болады.
* * *
Осы зерттеудің нәтижелерімен Ұлттық Банктің «Экономикалық шолу» ресми басылымының жақын арада шығатын шығарылымдарынан неғұрлым жан-жақты таныса аласыздар.
--------------------------
RSS
Инфляцияның шығу тегіне қарамастан. Нарықтағы баға тұрақтылығын ұстап тұру үшін Үкімет пен Ұлттық Банкте құралдардың жеткілікті жиынтығы болуы тиіс.
TW
Инфляцияға арналған тізгін.
Дәурен ШАЯХМЕТ, ҚР ҰБ Зерттеу және статистика департаментінің сарапшысы.