Қазақстан • 12 Шілде, 2017

Инвестиция – елді дамыту тетіктерінің бірі

301 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасының елге тигізген басты шапағатының бірі – әлемнің барлық елінен инвесторлар тартудың бас платформасын жасақтай білгендігі. Бейнелеп айтқанда, тәуелсіздік таңымен бірге Мемлекет басшысының шетел инвес­тициясын тарту жөніндегі табанды тұжырымы да бір мезгілде көрініс таба бастады. Оның алғашқы мысалдарының бірі АҚШ-тың «Шеврон» компаниясы әкелген инвестициялық қаражаттар болып табылады. Бұдан кейінгі жылдарда инвестициялық ахуалды тереңдету ісінде ТМД мемлекеттері арасында Қазақстанның көшбасшылық рөлі айқындалып, даралана бастады.

Инвестиция – елді дамыту тетіктерінің бірі

Әйтсе де осы уақыт ішінде өзге көршілес елдер де қарап қалған жоқ. Қазақы ұғымға сайғанда олар да «атқа қамшы басты». Осы кезде Президент ел Үкіметінің алдына тағы бір жаңа міндет қойды. Бұл іс шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылықты одан әрі сақтап қалу қажеттілігінен туындады. Әрине, бұл мәселеде «Астана халықаралық қаржы орталығы» ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда жетекші рөл атқаратындығы ешқандай талас туғызбайды. Алайда, Елбасы бұл орталықтың мүмкіндігі де уақыт өте келе тұтас ел үшін тарлық ететінін түйсініп, шетел инвестициясын тарту ауқымын ұлғайту үшін келесі бір маңызды қадамға бет бұрды. 
Бұл елімізде Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес құрылған «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы болатын. Қазіргі кезде аталған құрылым инвестиция тарту мен еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі тереңдету мәселелеріне қатысты тиісті іс-қимыл таныта бастады. Бұған шетелдік инвестициялар тарту ісінде елімізде көш бастап келе жатқан өңірлердің бірі – Ақтөбе облысынан да нақты мысалдар келтірудің орайы келіп тұр. Мысалы, аймақтағы Қазақстан-Қытай бірлескен «СНТС-Ақтөбе мұнай газ» компаниясы өткен жылы  42,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция салыпты. Айта берсе өңірде мұндай мысалдар жеткілікті. 
– Біз бұған дейінгі іс-тәжірибемізде Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев­тың инвесторлар тарту және тұтастай ел ішінде инвес­ти­циялық ахуалды жақсарту жөніндегі саясаты аса сындарлы әрі сенімді екеніне айқын көз жеткіздік. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан басшысы даму мен өсіп-өркендеудің сенімді жолы, әрі басты кепілінің бірі инвестиция тарту деп түсінеді. Бұл өте дұрыс, өміршең көзқарас. Қазіргі күні Қазақстанда бұл мәселеде мемлекеттік органдар тарапынан белгіленген шаралардың тиімділігі айқын көрінуде, – деді бұл жөнінде газет тілшісіне жоғарыда аталған бірлескен компанияның бас директоры Ван Цзюньжэнь. 
Ендігі кезекте «KAZAKH INVEST» Ұлттық компа­ния­сының атқаратын қызмет­терінің бас­ты бағыттары жө­нін­де айта кеткеннің артық­шы­лығы болмаса керек. Бас­қарма төрағасының орынба­сары Біржан Кәнешовтің мәлімдеуіне қарағанда оның аясы мейлінше кең, мейлінше ауқымды. Инвесторлар тарту ісі – мемлекеттік органдар мен отандық және шетелдік инвесторлар, даму институттары және халықаралық компаниялармен, бизнес орта өкілдері қоян-қолтық,тізе қоса қимылдаған кезде ғана ойдағыдай нәтиже бере алады.
Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі кезде респуб­ли­камыздың түпкір-түпкірінде «KAZAKH INVEST» АҚ-тың жергілікті атқарушы органдары құрылып, іске кіріс­кен. «Олардың жергілікті мем­лекеттік органдармен және ау­мақтық құрылымдармен бірлескен өзара іс-қимылдары көптеген түйінді мәселелердің кілтін қолға ұстата алады. Бір сөзбен айтқанда Ұлттық компания инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша тиісті қызмет арналарын ұсына алады. «Бейнелеп айтқанда, мұны нөлдік циклдан жүзеге асқанға дейінгі жобалардың толық қызметін ұсыну деп түсі­нуге де болады», дейді Бір­жан Бисекенұлы. Расында да «KAZAKH INVEST» құры­лымдық жүйелері мен жергі­лікті аймақтық кеңес мүше­лері арасында тығыз байланыс орнаса, мұндай өзара ын­ты­­мақ­тастықтың тиімді нә­ти­­желері көп күттірмесі кәміл. Әрі мұндай қарым-қаты­настардың қолайлы алғышарт­тар қалыптастыруға жол аша алатыны да назардан тыс қалмағаны жөн. 
Инвестициялық ахуал жө­ніндегі бүгінгі әңгімеміздің беташарын Ақтөбе аймағынан бастаған соң, оның түйінін де осы өңірге қатысты қойғанды жөн көреміз. Айталық, өткен жылдан бері елімізде «Doing Business» қосалқы ұлттық рейтингі бойынша елімізде ілкімді жоба қолға алынғаны мәлім. Мұндағы басты мақсат – іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту және бизнес ортаның қолайлылығын анықтау болып отыр. Айтайын дегеніміз, Ақ­төбе осындай баламасы жоқ жоба ойдағыдай іске аса бастаған аймақтар қатары­на кіреді. Оның тағы бір ерек­шелігі мен артықшылығы, жоба аясындағы зерттеулерді Дүние­жүзілік банктің сарапшылары жүргізетінінде. Мысалы, олар өздері жүргізген соңғы рей­тингтің қорытындысында Ал­маты, Ақтөбе және Қостанай қа­лаларының көрсеткіштері үнемі ілгерілеу үстінде екендіктерін атап көрсеткен. 
Қазіргі күні өңірде «Doing Business» көрсеткен осы же­тістікті одан әрі тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қабыл­дан­ған. Соның бір мысалы әкім­­шілік кедергілерді жою үшін, іскерлік ахуалды одан әрі тереңдету және алдағы жыл­­дарда рұқсат беру жүйесін жетіл­­діру бойынша жұмыс тобы құры­лғаны болып табыла­ды. Түйіп айтқанда, Елба­сы Қазақстанның өз инвести­циялық стратегиясы болуы тиіс­тігін атап көрсеткені белгілі. Осы­ған орай қазіргі кезде Ел­басы тапсырмасына сәйкес рес­публика Үкіметінде тиісті әзір­лік жұмыстары жүргізіліп келе жатқаны баспасөзде жария­ланған деректер арқылы оқыр­мандарға белгілі болса керек. 
Инвестиция – игілік. Инвес­тиция – елдің дамуының басты тетігінің бірі. Соны тартудың тұғырлы тұжырымдамасын бел­гілеп берген Елбасы еңбегінің орны ерекше.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
 
АҚТӨБЕ