Аймақтар • 12 Шілде, 2017

«Каспий» су тұщыту зауы­ты жұмысының екінші сатысы іске қосылды

972 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жартылай шөлейт аймақ болып табылатын Маңғыстау өңірі үшін ауыз су мәселесі – негізгі мәселелердің бірі. Телегей теңіз суының тұздылығы жоғары болуы оны тек арнайы жабдықтар арқылы тұшытып қолдану қажеттігін тудырады.

«Каспий» су тұщыту зауы­ты жұмысының екінші сатысы  іске қосылды

Табиғи өсім және көшіп келушілер есебінен тұрғындар саны күрт артқан өңірде халыққа жеткілікті көлемде ауыз су тауып беруді күн тәртібіне қойды. Сондай-ақ, өңірде жүргізіліп жатқан өндірістік жұмыстар, табиғи байлықтарды игеру «бізде су ресурстары шектеулі» деп қол қусыруды емес, тығырықтан жол тауып шығуды қажет ететіні белгілі. 
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында сумен қамтамасыз ету тұщытылған теңіз суы, жер асты су көздері, «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы «Астрахань-Мангышлак» су таратқышы арқылы берілетін Еділ өзенінің суы секілді үш жол арқылы шешімін тауып отыр. Осы үш көз арқылы өткен жылы облысты сумен қамту көрсеткіші жылына 41,6 млн. текше метр көлемінде болған. 
Өңірдегі теңіз суын тұшытумен айналысатын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС» Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданы тұрғындарын, ал «Каспий» су тұщыту зауыты» ЖШС Мұнайлы, Түпқараған аудандарына, Ақшұқыр, Тельман, Құрық ауылдарына және Ақтау қаласының солтүстік бөлігіне тұщы су жеткізіп келеді. 
Ал жер асты су кен орындары суын негізгі тұтынушылар Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Бейнеу және Түпқараған аудандары болса, «ҚазТрансОйл» АҚ Астрахань-Мангышлак» су таратқышы арқылы берілетін Еділ суын Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Бейнеу және Қарақия аудандары, мұнай компаниялары тұтынуда. 
Су жетімсіздігін болдырмау бағы­тын­дағы жұмыстар аясында Маңғыстауда тағы бір жағымды жаңалық жұртқа жария болды. Ол – «Каспий» су тұщыту зауы­ты жұмысының екінші сатысының іске қосылуы. Қайта жабдықтаудан өтіп, заманауи су тұщыту құрылғыларын іске қосқан кәсіпорында жұмыс қуатын арт­тыруға мүмкіндік мол. Жаңғырту жұ­мыс­тарына ұлттық қордан 3 млрд 138 млн теңге бөлінген зауытта 121 адам қыз­мет ете­ді. «Каспий» су тұщыту зауы­ты тәу­лігіне 30 000 текше метр су өңдеуді меже­­леп отыр, бұл бұған дейінгі тұщы су­дың бе­рілу мөлшерінен 3 есе артық.
– Елбасымыз өзінің Жолдауында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігін алдымызға мақсат етіп қойғаны баршамызға белгілі. Бүгінгі «Каспий» су тұщыту зауытының қайта жаңғыртудан өтіп, халық игілігіне пайдалануға берілгеніне куә болып отырмыз. Бұл да – Тәуелсіз елімізді дамытуға, қазір өңіріміз үшін ең өзекті болып отырған ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге өз септігін тигізетініне сенімдімін. Алдағы уақытта зауыттың жалпы қуаттылығын 40 000 текше метрге дейін жеткізу жос­парда бар. Бұл жоба да сәтті жүзеге асырылатынына сенемін, – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов зауыттың ашылуында. Ол тұтынушыларды тұщы сумен тұрақты қамтамасыз етуді және 2019 жылы Маңғыстау облысын толықтай тұщы сумен қамтамасыз ету үшін зауыт қуаттылығын тәулігіне 
40 000 текше метрге жеткізу туралы тапсырма берді.
Демек, өңірде тұщы сумен қамту бағытындағы жұмыстар жүріп жатыр деуге себеп бар. Бұл мәселедегі екінші бір тетік – тұрғындардың аса ысырапшылыққа жол бермей, суды да орнымен пайдалана білуі. Өйткені, судың да сұрауы бар...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы