«Егер мемлекет полис алуды міндеттесе, онда ол қосымша қорғаныш және сақтанушыларға кепілдік беру институтын құрады»
2003 жылғы тамызда құрылған сәтінен бастап Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қазақстандықтарға 860 миллион теңгеден аса төледі. Оның ішінде сақтандыру ұйымдарының шоттарына «Алтын Полис» сақтандыру компаниясын тарату сәтінде жұмыс істеген қайта ресімделген 22 055 сақтандыру полисі бойынша шамамен 160 млн. теңге өтемақы аударды.
Мемлекеттік депозиттерге кепілдік беру қорымен салыстырғанда кезінде Ұлттық Банк құрғанына қарамастан, СТКҚ-ның құрамында мемлекеттік акционер жоқ. Оның акционерлері – сақтандыру компаниялары, алайда оның міндеті біреу: сақтандырушылар мәжбүрлеп таратылған жағдайда олардың міндеттемелерін өзіне қабылдау. 2008 жылғы 1 қазаннан бастап СТКҚ-ға қосымша функция берілген: Қор көлік оқиғасы орнынан кетіп қалған автокөлік иесі келтірген айрықша ауыр дене жарақатын алған адамдарға немесе олар қайтыс болған жағдайда, олардың отбасыларына сақтандыру төлемін төлейді. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар жиі болып тұрады, Қордың деректері бойынша 2010 жылы оқиға орнынан жүргізушілері қашып кеткен 175 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Басқа жылдары мұндай оқиғалар саны 750-ге дейін жеткен. Көбіне зардап шеккендер мен олардың отбасылары мұндай қиын жағдайда Қордан көмек алуға болатындығын білмеген. Бұл тұжырымды статистика да растап отыр: қор мүмкіндіктері бұдан да артығырақ болғанмен, СТКҚ осындай сақтандыру жағдайлары бойынша 1,5 млн. теңге төлеген. Сондықтан да біз үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халыққа мұндай жағдайларда бізге өтініш берулерін сұраймыз, - дейді «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ бас директоры Күлбану МҰСАЕВА. Онымен қордың осы аса маңызды функциясы мен басқа да міндеттері туралы толығырақ сөйлесейік.
… Мұндай сақтандыру жағдайы басымызға түспесін
– Осы тақырып төңірегіндегі сұрақтардың алдын ала отырып, мұндай сақтандыру жағдайлары басымызға түспесін деп тілейміз!
– Өкінішке орай, қайғылы ЖКО статистикасы жан түршіктіреді …
Сондықтан да мұндай жағдайларда қор беретін азғантай төлемдердің өзі зардап шеккендерге өте қажет және СТКҚ-ның мұндай әлеуметтік функциясы адамдар үшін өте маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан да, бұл істе бізге өз мекемелерінде: бүкіл ел бойынша қалалық және облыстық ауруханаларда, травматологиялық пункттерде, емханаларда және ішкі істер органдарында лифлеттерімізді, хабарландыруларымызды тарататын құқық қорғау органдары да, Денсаулық сақтау министрлігі де көмек көрсетуде. Сонымен қатар, біздің ақпаратымызды БАҚ: баспа, радио және телеарналар да таратуда. Барлық қазақстандықтар көрсетілген жағдайларда біздің көмегімізге иек арта алатындықтарын білуі тиіс деп ойлаймын.
– Күлбану Серікқажықызы, бұл қаражатты барлық сақтандыру ұйымдары аудара ма және барлық зардап шеккендерге олардың сақтандырылған не сақтандырылмағанына қарамастан төлене ме?
– Иә, бұл қосымша қор сақтандыру ұйымдарының міндетті жарналарының есебінен қалыптастырылады. Жарналарды сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің барлық қатысушылары – 27 сақтандыру компаниясы салады. Бұл ретте зардап шеккен Қазақстан азаматына сақтандыру төлемі оның сақтандырылғанына не сақтандырылмағанына қарамастан төленеді. Жазатайым жағдайлардан сақтандыру шартының шетел азаматтарында және азаматтығы жоқ адамдарда болуы талап етіледі.
Егер адам зардап шексе, ол (немесе оның жақындары) қорға өтініш беріп, заңнамамен белгіленген мөлшерлерде төлемдер алады: өміріне келтірілген зиянды өтеуге - 250 айлық есептік көрсеткіш; денсаулығына келтірілген ауыр зардапты өтеуге - 150 айлық есептік көрсеткіш. Жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеуге - 15 айлық есептік көрсеткіш. Ағымдағы қаржы жылына бір айлық есептік көрсеткіш 1512 теңге мөлшерінде белгіленгенін естеріңізге сала кетейін. Осындай жағдайлардың әрқайсысында төленетін төлемдер сомаларының қаншалықты болатынын есептеуге болады. Сондай-ақ, жыл сайын АЕК мөлшері қайта қаралатынын да естеріңізге салайын.
Төлемдер жасауға өтініштерді Қор: Алматы, Көктем-3 ш/а, 21-үйде қабылдайды. Ал толығырақ ақпарат біздің www.fgsv.kz вебсайтымызда орналастырылған.
Егер ЖКО-ға кінәлі жасырынып жүрсе
– Қандай жағдайларда қорға өтініш беру қажеттігін оқырмандар жақсы түсінуі үшін оқиғаларды нақты мысалдармен қарастырып көрелік. Жақында біздің шағын ауданымызда жас жігіт мәшине жүргізу құқығынсыз, құжаттарсыз, мас күйінде екі студент қызды қағып кетті. Екеуі де қазір ауыр жарақаттармен ауруханада жатыр. ЖКО-ға кінәлі ұсталды. Зардап шегушілер сізге өтініш жасай ала ма?
– Егер кінәлі адам белгілі болса, онда ол бізге қатысты емес. ЖКО-ға кінәлі адам белгісіз болып, оқиға орнынан қашып кетсе, ол сақтандыру жағдайы болып табылады. Біз зардап шегушілерге жоғарыда аталған соманы төлейміз. Егер кінәлі адам анықталса және табылса, онда құқық қорғау органдары бұл туралы бізге хабарлайды, біз бұл жағдай бойынша регресстік жұмыс жүргіземіз. Яғни біз ЖКО-ға кінәлі адамға зардап шегушіге төлеген сомаға шағым-талап ұсынамыз.
– Ал егер кінәлі адам ұсталмаса және анықталмаса, соның салдарынан «регресс» зардап шегушілерге ұсынылмай ма?
– Жоқ, еш уақытта! Зардап шегушілер де, олардың отбасылары да Қорға бір тиын да қайтармайды. Регресстік шағым-талап ЖКО-ға кінәлі адамға ғана беріледі. Қазір заңнама бойынша сұрауға құқығы бар, төлем сұрап өтініш білдіргендер саны талқыланып отырған сақтандыру жағдайларының санымен салыстырғанда өте көп емес – бар болғаны бірнеше адам. Қорға елімізде зардап шеккен азаматтар ауызша да, ресми түрде де өтініш білдіруде, алайда, өмір сүруіне сәйкес келмейтін, ауыр жарақат алған зардап шегушілерге мұндай төлемдерді Қор ҚР Азаматтық кодексінің 940-бабының талаптарына сәйкес келетін адамдарға ғана: еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондай-ақ ата-анасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын адамдарға ғана төленеді.
Біздің практикамызда болған, қор қайтыс болғандардың туыстарына сақтандыру төлемін төлеген екі қайғылы оқиғаны мысалға келтіруге болады. Бірінші жағдайда белгісіз мәшине жолдан өтіп, жұмысқа кетіп бара жатқан әскери адамды қағып кеткен. Артында кішкентай баласы мен бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелі қалды. Басқа қайғылы жағдай: жол-көлік оқиғасы нәтижесінде Ұлы Отан соғысына қатысқан зейнеткер әйелдің денсаулығына ауыр зиян келді.
ЖКО-ға кінәлілер анықталған жоқ. Біз олардың барлық шығынын өтедік, Қорға қандай да бір қаражатты қайтару туралы әңгіме болған жоқ.
– Осындай жағдайлар бойынша шешім қаншалықты жылдам қабылданады және зардап шегушілер нені ұсынуы қажет?
– Бірінші кезекте міндетті түрде ауыр зиян келтірілгенін немесе қайтыс болғанын растайтын сот-медициналық сараптамасының қорытындысын ұсыну қажет. Ауыр дене жарақаты және қайтыс болғанда ғана төлемдер төлеу көзделген. Құжаттардың толық топтамасына сондай-ақ мыналар кіреді:
зиянды өтеуге арналған өтініш (еркін нысанда); ІІМ органдарының сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын құжаты. Яғни, ЖКО болған жерден қашып кеткен және оқиға үшін жауапты тұлға анықталмаған жағдайда. ЖКО салдарынан денсаулығына ауыр зиян келтірілуіне байланысты медициналық көмек көрсетілген медициналық мекеменің зардап шегуші алған жарақат пен мертігудің сипаты, диагнозы, еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі көрсетілген қорытындысының көшірмесі талап етіледі. Сондай-ақ мыналарды ұсыну қажет: зардап шегушінің қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесін (ол қайтыс болған жағдайда); қайғылы оқиға болған кезде тұлғаның зиянды өтеу құқығын растайтын құжат; жерлеу шығындарын растайтын құжаттар не олардың көшірмелері; өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмесі және қаражат аударуға арналған банктік деректемелері туралы деректер.
Құжаттардың бүкіл топтамасы жиналса, онда қор отыз жұмыс күні ішінде төлем төлеу туралы не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Қор төлем төлеуді шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Өтірік айтқан оңбайды
– Төлем төлеуден бас тарту үшін қандай негіздер бар?
– Біріншіден, зардап шегушінің көлік оқиғасы негізгі себеп болған қасақана қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық ретінде танылған іс-әрекеттері. Кінәлі адам апат болған жерден қашып кеткен ЖКО басталған сәттен бастап бір жыл өткеннен кейін Қорға өтініш беру. Егер ЖКО дүлей күш, яғни осы оқиғалар кезінде төтенше және алдын алуға болмайтын жағдайлар салдарынан басталса. Мысалы, ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтік зарардың, әскери іс-қимылдарының, азамат соғысының, жиналыстардың, митингілердің, шерулердің, пикеттердің және демонстрациялардың, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе ереуілдердің әсер етуі.
Сондай-ақ құжаттардың толық емес топтамасын не шынайы емес құжаттарды ұсыну да бас тартуға негіз болып табылады.
Қор іс жүргізуге кіріскен кезде
– Қордың қызметі халықтың ауқымды тобына аса белгілі емес. Сақтандыру нарығының Қорға іске кірісу үшін аздаған негіздер бергені анық. Сонымен қатар, СТКҚ өкілеттіктері туралы бәрі білуі қажет. Қайда, не үшін және немен өтініш беруді түсіну керек. Мысалы, көпшілігі сақтандыру шарты жасалған, ал сақтандырушы оны төлемеудің себептерін тапқан немесе сақтандыру ұйымының өзі банкроттық жариялаған жағдайда Қор көмектеседі деп ойлайды.
– Сіз дұрыс айтып отырсыз, халық сақтандыру бойынша нақты проблемасы болған кезде, біз туралы біледі. Сондықтан, қазіргі кезде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне әзірше міндетті сақтандырудың халықтың ауқымды тобының мүліктік мүдделерін қозғайтын үш түрі ғана енгізілген. Бұл: көлік құралдары иелерінің; тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы; туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру. Қордың негізгі миссиясы – сақтандырушылардың сақтандыру компаниясы мәжбүрлеп таратылған кезде олардың мүддесін қорғау. Яғни, біз сіз атаған оқиғалардың ешқайсысына қатыспаймыз – онда дауды реттеудің өзге тетіктері бар.
Қор міндетті сақтандыру түрлері бойынша ғана және сақтандыру компаниясы мәжбүрлеп банкрот болған жағдайда ғана жауап береді. Мысалы, жүргізушілер өзін және жолаушыларды сақтандыру үшін сақтандыру полисін алуға міндетті. ЖКО орын алған кезде сақтандыру төлемін сақтандырушы төлейді. Егер полисті сатқан сақтандыру компаниясы мәжбүрлеп жабылса, онда адамдардың мүддесін қорғау жауапкершілігін Қор өзіне алады. Бұл біздің тарихымызда төрт рет болды: біз мәжбүрлеп таратылған акционерлік қоғамдардың міндеттемелері бойынша жауап бердік: «Валют-Транзит Полис», «Алтын Полис» СК» (автоазаматтық нарығының 25% үлесі бар), «НАСКО-Қазақстан» СК», «Premier Сақтандыру».
Қор осы мәжбүрлеп таратылған ұйымдардың кредиторларына кепілдік берілген төлемдерді жүзеге асырды және «Алтын Полис» пен «Premier Сақтандыру» кредиторларына төлемдер жасауды жалғастыруда. Осы сақтандыру ұйымдарының кредиторларынан 3 700 астам өтініш түсті. Тұтастай алғанда өз тарихымызда біз СК тарату сәтінде қолданылған 22 мыңнан астам сақтандыру полисін қайта ресімдедік.
Яғни, нарықта жұмыс істейтін 23 сақтандыру компаниясы таратылған сақтандыру компанияларының барлық клиенттерін өз араларында бөліп алды. Осындай тәсіл мен тетік өзін-өзі ақтады: егер мемлекет сақтандыру полисінің болуын міндеттесе, онда ол қосымша қорғанышты – кепілдік беру институтын құрады. Сондықтан қорды алдымен Ұлттық Банк құрды және тек ҚР ҰБ шыққаннан кейін ғана сақтандыру компанияларының өзі оның құрылтайшылары болды.
Қордың одан кейінгі жоспары – барлық міндетті сақтандыру түрлерін, ерікті мүліктік және өмірді сақтандыруды қамту. Жүйе біртіндеп дамуда және 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметкерлерді жазатайым жағдайлардан міндетті сақтандыруға қатысты зейнетақы төлемдері және аннуитеттік төлемдер бойынша жинақтаушы сақтандыру түрі қосымша енгізіледі. Дамыған елдерде барлық сақтандыру түрлеріне осындай қорлардың кепілдік беретінін атап өткен жөн.
Банкроттық үшін қор жауап береді
– Егер реттеуші сақтандыру компаниясының банкроттығы рәсімін іске қосса, онда оның клиенттерінің іс-әрекеті қандай болмақ?
– Алдымен реттеуші органның лицензияны қайтарып алу туралы шешімі қабылданады. Одан кейін құжаттар сотқа беріледі және егер сот компанияны тарату туралы шешім қабылдаса, одан кейін біздің жұмысымыз басталады. Қор белгілі бір уақыт ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмысын бастайды: жарияланымдар, хабарландырулар береді, баспасөз конференцияларын ұйымдастырады. Таратылатын компанияның қаржылық есептілігі қоса қарастырылады, біз одан таратылатын компанияның бейнесінің қандай екенін және орын алған сақтандыру жағдайлары бойынша қанша қаражат төлену қажет екенін көреміз. Соттың шешімінен кейін екі ай ішінде біз компанияның клиенттерінен өтініштер қабылдаймыз. Тарату комиссиясы полистер бойынша сақтандыру жағдайына байланысты қанша төленуі керек екенін анықтайды. Ал қолданылып жүрген полистер бойынша сақтандыру портфелін тарату рәсімдері аяқталғаннан кейін қаражат аударылатын басқа СК-ға өткізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Сондықтан сақтандырылған азаматтар заңмен айқындалған кезең ішінде олардың сақтандыру төлемдерін алатынына не олардың сақтануы жөніндегі міндеттемені басқа компанияның қабылдайтынына әбден сенімді бола алады.
– Әртүрлі себептерге байланысты, адамдар өз компанияларының таратылғандығы туралы хабардар болмаған жағдайларды қарастырайық.
– Мұндай жәйттер болмай қалмайды. Сондықтан, орын алған жағдайлар бойынша өтінішті қабылдау үшін екі ай беріледі. Егер мерзімі өтіп кетсе, онда кейіннен тарату комиссиясына өтініш жасауға болады. Заңда белгіленген кезектілікке сәйкес олар кредиторлар болып табылады және өзінің кезегі келгенде төлемдерді ала алады. Алайда, бұл тарату комиссиясы шешетін мәселе.
«Ұйқыдағы кредиторлар»: ескіру мерзімінсіз
– Сіздерде статистикаға сәйкес өтініш білдірмеген адамдар көп пе?
– Өтініш беріп, бірақ қажетті құжаттарды ұсынбаған клиенттердің санаты баршылық. Олар ұсынылған өтініштердің жалпы санының 15%-ға жуығын құрайды. Біз оларды «ұйқыдағы кредиторлар» деп атаймыз. Бұл өтініштер бойынша талап қою мерзімі жоқ. Бастысы – өтінішті тіркеу. Сондай-ақ осы екі айда ЖКО-ға тап болған клиенттерге – сот шешімі мен полистерді басқа СК беру арасында – біз заң бойынша агент ретіндегі сақтандыру компанияларына 7 АЕК мөлшерінде келтірілген зиянды бағалауды төлейтіндігімізді және бағалау туралы есепке сәйкес сақтандыру төлемінің өзін төлейтіндігімізді атап өткім келеді.
– Практикалық сұрақ: қордың бас офисі Ұлттық Банктің үйінде орналасқан, басқа офистер бар ма? Қажет бола қалған жағдайда адамдар қайда баруы керек?
– Таратылатын СК клиенттеріне қолайлы болу үшін өтініштерді қабылдау кезінде біздің қызметкерлер бас офисте орналасады. Өтінішті пошта арқылы да жіберуге болады. «Алтын Полис», «Premier Сақтандырумен» болған жағдайға келсек, біз тарату комиссияларымен бір үйде жайғастық. Оған қоса, сақтандыру компаниялары және олардың филиалдық желісі агенттер ретінде жұмыс істеді және сондай-ақ өтінішті қабылдап, оларды кейіннен Қорға жіберіп отырды, адамдарға кеңес берді. Бірақ кредиторлардың басым бөлігі өздері пошта арқылы Қорға өтініш білдірді.
– Таратылатын компаниялардың клиенттері қабылданған шешімдерге әрқашанда қанағаттана ма?
– Жоқ. Біздің қысқа тарихымызда қазірдің өзінде 300-ге жуық сот ісі бар, оларды біз адамдардың бағалау сомасымен келісуіне байланысты жүргіземіз. Сотқа сондай-ақ екі айлық мерзімді өткізіп алған адамдар да өтініш білдіреді.
– Ал сотта мәселелер қалай шешілді?
– Әртүрлі шешіледі, әрбір жағдайды жеке-жеке қарау қажет. Бірақ біз, өзіміздің дұрыс ұстанымда екенімізді түсінсек, өз көзқарасымызды соңғы сатыға дейін қорғай аламыз.
– Барлық сақтандыру компаниялары Кепілдік беру қорының қатысушылары болып табылады ма?
– Міндетті сақтандырудың 3 түрі бойынша полистерді сатумен айналысатын барлық сақтандыру компаниялары міндетті түрде Қордың қатысушылары болуы тиіс. Қорға қатыспаса, оларға лицензия берілмейді. Қор құрылғанға дейін сақтандырудың осы түрімен айналысқан компаниялардың барлығы автоматты түрде Қорға кірді. Ал, сақтандырудың осы түрімен айналысқысы келетін жаңа СК реттеушіден лицензияны алғанға дейін бізбен шарт жасасуы қажет. Қорға қатысу шарты Қаржылық қадағалау комитетіне лицензия алу үшін ұсынылатын қажетті құжаттардың тізбесіне қоса беріледі. Қазіргі кезде сақтандырудың осы түрімен айналысатын барлық компаниялар тек Қордың қатысушылары ғана емес, оның акционерлері болып табылады.
– Ұлттық Банк акциялардың барлық пакетін сатты. Қорды қадағалау қалай жүргізіледі деген сұрақ туындайды, мемлекет оған қалайша бақылау жүргізеді?
– Шын мәнінде, 2008 жылы Ұлттық Банк сақтандыру компанияларына акциялардың толық пакетін сатты. Біз акционерлік қоғам ретінде тіркелгенбіз, бірақ коммерциялық емес ұйым болып табыламыз. Яғни, біз пайда табуды көздемейміз. Біздің міндетіміз – мәжбүрлеп тарату кезінде кредиторлардың мүддесін қорғау болып табылады. Кредиторлар дегеніміз – бұл полистерді сатып алған жеке тұлғалар, сол сияқты заңды тұлғалар. ҚР ҰБ Қаржылық қадағалау комитеті Қордың уәкілетті органы болып табылады. Оған қоса, Қордың директорлар кеңесіне ҚР ҰБ Қаржылық қадағалау комитетінің өкілі кіреді. Сондай-ақ қазіргі кезде Ұлттық Банктің акционерлер құрамына қайта оралу мәселесі қаралып жатқандығын қоса айта кеткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Алевтина ДОНСКИХ.